Алғашқы махаббатқа хат

1591

0

Мико қалайсың? Амансың ба? Сені маған хат жазады деп тіптен ойламаппын. Соңғы хатыңды мен әскерде жүргенде жазғансың. Онда да кешір Эдик! Мен өз бақытымды таптым. Арыстандай айбатты Алмас деген жігіттің етегінен ұстадым. Сен де өз бақытыңды тап. Маған ренжіме деп қысқа қайырыпсың.

Қарауылда тұрғанмын. Автоматыммен атылып өлгім келді. Себебі мен сені шын сүйетін едім. Бірақ сен оны бағаламадың. Сен үшін өлмегенім де жақсы болған екен. Өлсем бұл күндерге жете алмас едім.Әскердегі соңғы алты айым құсалықпен өтті. Ауылдан келген аңғал баланың сен бірінші курсындағы алғашқы махаббаты едің Мико. Әскерден келген соң сыртыңнан бір рет күйеуіңмен бірге көріп қалдым.

Алғашқы сәбиіңді босануға ай күнің жақындап қалған кез-ау, Алмастың ақ волгасының алдында жайраңдап кетіп бара жаттың. Ақ волгамның болмағанына сол кезде іштей қатты күйіндім. Сол тұстан бастап өз-өзімді қолға алдым. Бір Алладан басқа менің сенетін, табан тірейтін адамым болған жоқ. Күндіз күлмедім, түнде ұйықтамадым төрт-бес жұмыста қатар істедім.

Еңбектің алмайтын қамалы, бұзбайтын қорғаны жоқ екенін өмірдің өзі ұқтырды маған.

Сен айтпақшы, сенбі күні паркте күнге қарап көзімді сығырайтып отырсам бір қыз келіп амандасады. Сәлеметсіз бе! Сіз Эдик аға емессіз бе?-деп. Иә, мен Сізбен таныспын ба?-десем. Есіңізде жоқ па?-дейді. Сіздер институт бітіріп жатқанда біз бірінші курсқа енді түскенбіз. Общяганың екінші этажындағы сіздердің бөлмелеріңізбен қатар тұрған 413 бөлмедегі төрт қыздың бірі Айжанмын ғой-дейді. Сасқаннан енді есіме түсті-деппін. Ол кезде первашкаларға қарауға шама жоқ. Жұртың ерінін ісіріп жүрген кез. Енді-енді, еміс-еміс есіме түсті. Бұл төрт қыз аштан өлетіндей суббота, воскресенье білектері майысып китайский ала сумкамен базардан тек комнаталарына азық-түлік таситын пысық, талдырмаш келген әдемі қыздар еді.

Айжан қыз төрт жылда тоты құстай түрленіпті. Піскен шиедей қып-қызыл еріндерінің ішінен аппақ маржан тістері күнмен шағылысады. Жібектей қолаң шаштарын өріп қойыпты. Бұрымы тобығына түседі. Ботадай көздерінен бұлақтай мөлдіреген иманның ұшқынын көресің. Екі беті алмадай, аяқ қолы балғадай болып өсіпті.

Ғашық болмау мүмкін емес. Араға алты ай салып Айжанға үйлендім. Содан басыма бақ қонды Мико. Тұрып қалған істерім алға басты. Астананың төрінен ат шаптырым алты бөлме үй алдық. Алмастың ақ волгасын армандап жүргенде, Алла тағала маған су жаңа аппақ мерседес алуды нәсіп етті. Бүгінде төрт ұл, екі қыз алты баланың әкесімін.

Алты бала тусада Айжанның қарны шыққан жоқ. Сүйегі асыл екен сулуымның. Сол бағы 46 размер әлі. Тұңғыштарымыз егіз ұлдың екеуі де Америкада оқиды. Алла қаласа оқуларын биыл бітіреді. Құдайдан сен сияқты емес, Айжаным сияқты адал, иманды келін сұрап жүрмін. Айтпақшы айтысқа қатыс депсің.

Мен сол айтыстың спонсорымын Мико. Ал жазған лирикалық өлеңдерімнің барлығы жан жарым Айжанға арналған. Әйеліме арнап өлең жазуға маған ешкімнің рұқсаты қажеті жоқ шығар-деп ойлаймын.Жүрегімнің жартысы, адал жарым Айжанмен Алматыға барған сайын Есентайдың жағасында серуендеп жастық шақты еске аламыз.

Саған үйленгенде не болар еді? Білмеймін. Есіме түссе көрген түстей шошып кетемін. Ал мен өмірімді Айжансыз елестете алмаймын.Өткенде сыртыңнан көріп қалдым. Диета ұстап, фитнеске бару керек екен саған Мико. Алмас күйеуің үйінің сүт кенжесі еді, оны ата-анасынан бөліп алып, ағайындарымен араласпайды екенсің. Оның сәл дұрыс болмаған.

“Жаман әйелдің екі пышағы бар. Қолындағысымен наныңды турайды. Тіліндегісімен жаныңды турайды”-деген. Сен Алмастың жанын турай бер ме?Онсызда оны кредитке батырып қойыпсың. Жетпейтін дүние жетпейді. Ризық Алладан екенін ұмытпа. Мұның барлығын біліп отырғаным Алмас біздің Айжанның фирмасында жүргізуші болып жұмыс жасайды.

Мико сен бұрыннан біреудің үстінен күлгенді ұнататынсың. Әзіліңді азайт, реті келсе. “Жаман әйел жақсы еркекті надан қылады, жақсы әйел жаман еркекті адам қылады”-деген сөздің төркінін ұмытпа? Күйеуінің көңілін тапқан әйел жұмақтың сегіз қақпасының қалағанынан кіре алады. Көңілін таппаған далада қалады.

Сырымды айтам-деп шынымды айттым демекші. Мені осы өмірге жеткізген Алланың маған берген сынағы, сенің берген сабағың Мико. “Болам деген баланың бетінен қақпай, белін бууың керек еді”. Мико, маған енді жауап хат жазбасаңда болады. Ренжімеймін.

МАҚСАТ СҚАҚОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<