Алматыда №54 мектептің түлектері дәстүрлі лимузинмен қыдырудан бас тартып, оның орнына Онкология және радиология қазақ ғылыми-зерттеу институты балалар орталығындағы палаталардың біріне теледидар сыйлады. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстан паллиативтік көмек қауымдастығының президенті Гүлнара Кунированың Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бұл күн Алматыдағы №54 мектептің түлектерінің есінде мәңгі сақталады. Бүгін олар көпшілікке ой салар әрекет жасады. Барлық түлектер үшін дәстүрлі саналатын лимузинмен серуеннің орнына, олар мектеп директоры мен ата-аналарымен ақылдасып, ол ақшаны Онкология және радиология қазақ ғылыми-зерттеу институты балалар орталығындағы палаталардың біріне теледидар сатып әперуге жұмсау туралы шешім қабылдады. Балалардың көбіне қайырымдылық тәжірибесі өмірлерінде бірінші рет болды. Бұл олардың жаңа жауапты өмірлерге қадам басар маңызды сәтіндегі игі іс болсын», – деп жазды Гүлнара Кунирова.
Қазақстан паллиативтік көмек қауымдастығының президенті №54 мектептің түлектеріне қолдау білдірген оқу орнының директоры мен ата-аналарға алғыс айтты.
«Балалар орталығында телевизоры жоқ 11 палата бар. Осы бастаманы 1 маусым қарсаңында басқа мектептің түлектері жалғастырса нұр үстіне нұр болар еді», – деп атап өтті Гүлнара Кунирова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<