Алтын бағасы аспандап барады

363

0

«Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» десек те, бағалы металға деген сұраныс қоғамда артпаса, кемімек емес. Содан болар құны күн өткен сайын шарықтап барады.

Мәселен, қазанның басында әлемдік нарықта алтынның бір трой унциясының құны 4 254 доллардан асып, рекордтық деңгейге жетті, ал Қазақстанда ресми курс бойынша 1 грамм алтынның құны 72,7 мың теңгеге өсті. Investing.com деректеріне сәйкес, 31 грамм алтынның бағасы 4 254 доллардан асты. Қазіргі валюта бағамымен бұл шамамен 2 295 720 теңгеге тең.

– Алтын бағасының өсуі жалпы экономикалық және геосаяси тұрақсыздықпен, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленістерімен, Америка экономикасының баяулауымен және қазан айында АҚШ федералдық резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген болжаммен байланысты», – дейді сарапшылар.

Инвесторлар жаппай алтынға ин­вес­­­тиция жасап жатыр. Бұл өз кезе­гін­де оның бағасының өсуіне себеп болып отыр.

Қазақстандағы алтын бағасы да әлемдік үрдістен қалыспай өсіп келеді. Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 16 қазанда 1 грамм алтынның бағасы тарихи жаңа рекордқа жетіп, 72 706,69 теңге болды.

Қазіргі ресми алтын бағамы был­тыр­ғы дәл осы күнмен салыстырғанда 74,86% жоғары. Былтыр осы кезде 1 грамм алтынның құны 41 578,86 теңге болған. Дегенмен сарапшылар алтын құймаларын сатып алуды не­ме­се сатуды жоспарлап жүрген қазақ­стандықтарға аса мұқият болуға кеңес берді. Себебі бағалы металдың құны төмендеуі мүмкін.

Жалпы «алтын қорына» бай мем­ле­кеттер тізімін Америка бастап тұр. АҚШ – 8133,5, одан кейін Германия – 3352,3 тонна.  Халық­ара­лық валюта қоры – 2814 тонна. Одан кейін Италия (2451,8 тонна) мен Франция (2437 тонна), Ресей – 2332,74 тонна. Қытай – 2257,5 тонна. Ал Швей­царияда 1040 тонна болса, Жапония (846 тонна) мен Үн­дістанда 817 тонна алтын бар.

«Дүниежүзілік Алтын кеңесінің» (World Gold Council) мәліметі бойын­ша, 2022 жылдың 1 маусымында Қа­зақ­станның алтын қоры 373,4 тонна болған. Қазір ол көрсеткіш 310 тоннаға дейін төмендеген.

Қазақстан Ұлттық Банкінің дерегі бойынша 2024 жылдың екінші тоқса­нында елімізде жалпы салмағы 779,2 келіні құрайтын 14 752 құйма алтын сатылған. Халыққа тазартылған ал­тын­­ның өлшеуіш құймаларын сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Содан бері халыққа жалпы салмағы 7 тонна болатын 185 295 құйма алтын сатылған.

Еліміз алтынды сатып ғана қоймай, сатып алу жөнінен де халықаралық деңгейде алдыңғы қатардан көрінеді. Мәселен, деректерге сүйенсек, былтыр Қазақстан алтын сатып алу бойынша Ресейден озып, әлемдік рейтингте төртінші орынға ие болды.

Жоғарыда мамандардың алтын құй­ма­ларын сатып алуға асықпау керек, себебі баға түсуі мүмкін деген ескерт­песін айттық. Мамандардың болжамы дәл келгендей, алтын құны бір сәт қайта құлдырады. Нақтырақ айтқанда, баға 4 мың доллардан төмен түсті. 28 қазандағы мәліметке сәйкес, алтын фьючерстерінің бағасы 3 919,59 доллар болды. Тәуліктік төмендеу 2,49% немесе 100 доллардан асады. Соңғы аптада баға 4,81% арзандаған. Дегенмен бір ай ішінде алтын 3,31%, ал соңғы алты айда 17,6% қымбаттаған.

Сарапшылар құлдырауға доллар­дың күшеюі және облигациялар табыс­тылығының артуы себеп болғанын айтады.

Ал осы аптаның дүйсенбісінде In­vesting.com дерегінше, Еуропа сауда сессиясы барысында алтын фью­черс­­терінің құны қайта өсті. Нью-Йорк тауар биржасының COMEX бө­лім­шесінде жел­­тоқсан айындағы жет­кізілетін алтын фью­черстері трой унциясына $4020,95 баға­сымен сауда­ланып, 0,61%-ға көте­рілді. Сауда сес­сиясының ең жоға­ры көр­сеткіші $4059,90, ал төменгі шегі $3925,10 дең­гейінде тіркелді деп ха­барлайды inbu­siness.kz сайты. Басқа ба­ғалы ме­талдар да айтарлықтай өзге­рістерге ұшы­рады. Атап айтқанда, кү­міс 0,59%-ға өсіп, $48,44 болды. Мыс 0,08%-ға төмендеп, $5,09 деңге­йінде сау­да­­лануда.

Қысқасы, әлемдік нарықта ал­тын бағасы бірде көтеріліп, бірде тү­сіп, құбылып тұр. Базардағы зер­гер­лік ал­тын бұйымдар да бағаны құбыл­тудан қалыс қалып жатқан жоқ.

«2016 жылдан бері алтын саудасы­мен айналысып келемін. Кәсіп бастаған жылдары грамы 2500 теңгеден сатылды, одан 6500 теңге болды. 6500 теңгеден 11-15 мың теңгеге көтерілді. Біраз жыл осы баға тұрақтады. Одан 20 мыңға жетті. 20 мыңнан бірден 45 мың теңгеге бір-ақ көтерілді. Кейінгі үш-төрт жылда алтын бағасы қатты өсті.  Биыл қаңтар айының басында 42 мың болып тұрды да тамыз-қыр­күйекте грамы 50 мың болып шарықтап шыға келді. Алтын бағалы метал болғасын құны да жоғары болу керек деп ойлаймын. Бағаның бұ­лайша көте­рілуі инфляциямен бай­ла­нысты. Әлемдік биржада қалай баға­ланады, солай сатамыз. Менің білуімше, алтын бағасы көтерілмесе төмендеген жоқ. Бұдан әрі де қымбаттай береді деп ойлаймын. Алтынның бағасы тез көтерілді ғой, бұлайша қымбаттай берсе алушы азаяр ма екен деп біз де уайымдап қалғанымыз рас. Бірақ олай емес екен. Алушы көп. Көбісі ақшалай жинағаннан гөрі, алтындай сақтағанды дұрыс көреді. Нақты ақ­шаға  алатындар да бар, бірақ бөліп төлеу арқылы жақсы өтеді» дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген кәсіп­кер.

Кәсіпкердің айтуынша, алтын бұ­йымдар саудасын қызу жүргізіп тұр­ған банктердегі бөліп төлеу жүйесі. Ұнатқан затын 12, 24 айға бөліп тө­леуге алып, қажетіне жаратуда.  Бүгін­де базарда шетелден келетін алтын бұ­йымдардың грамы 55 мыңнан саты­луда.   

Әлемдік нарықты қайдам, құдалық, той-томалағы, алыс-берісі көп біздің елде  бағасы аспандап жатса да,  алтын саудасы тоқтамайтыны анық. 

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»