Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев көпбалалы аналарды қабылдап, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерін табыстады. Марапаттау рәсімінде аудан басшысы аналарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің болашағын тәрбиелеп, өсіріп отырған сіздер, аяулы аналар. Сіздер табиғат сыйлаған табандылық пен іскерліктің, шыдамдылық пен қажырлы қайраттың арқасында әр салада қызмет етіп, тек қана ұл-қыздарыңызға ғана емес, жан-жаққа үлгі болып жүрсіздер! Сондықтан алдағы уақытта сол еңбектеріңіздің жемісін көріп, балаларыңыздың қуанышына тоймай жүре беріңіздер. Барлығыңызға денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деген Мұхтар Әуесұлы көпбалалы аналарға қазақы дәстүрге сай камзол кигізіп, иығына орамал жапты.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, қазалылық Мирамгүл Сембиева, Айгүл Ақшабақова, Айгүл Ізтілеуова «Алтын алқа» иегерлері атанса, Тұрсынкүл Жақсылықова, Гүлсім Жорғабаева, Нұргүл Жүсіпова және Алтынкүл Сейтекенова «Күміс алқамен» марапатталды.
Басқосуда аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап та құттықтау сөз сөйлеп, ізгі ниетін жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<