Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өткен ең басты жетістігіміз –Тәуелсіздік дегендей, бүгінгі Қазақстан қоғамын осы идеология төңірегінде шоғырландыру – ең маңызды мәселелердің бірі.
Ел экономикасының өсуі қоғамдағы орнықты жағдайдың қалыптасуының негізі екендігін дамыған елдердің тарихы көрсетіп отыр.
Іскер адамды бағалағанда «Ой, шіркін, мына азаматтың сөзі мен ісі сай екен» деп жатамыз. Биліктің де сөзі мен ісі сай келуі керек. Бүгінгі қоғам көзі ашық, білімді, заманауи технологияларды игерген, интернет жүйесін күнделікті өмірінде қолданып отырған, біліктілігі жоғары адамдардан тұратын, демократиялық үрдістерге бой алдырған коғам екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Қандай да бір реформаларды жүргізу барысында осындай факторларды ескеру аса қажет. Көптеген елдерде орын алып отырған қоғамдық, саяси, әлеуметтік жағдайлар халық толқыса, әп-сәтте шайқалып кететіндігін көріп отырмыз.
Мысалға, жер мәселесі төңірегіндегі дау-дамай халықтың талабына сай шешілуі көпшіліктің көңілінен шыққаны белгілі. Осындай айқын мәселелерді билік тез арада шешкенде, бүгінгі күні тағдырлары қыл бұрауға түскен азаматтар мүлде басқаша күйде болатындығы сөзсіз еді. Бұл өз кезегінде қоғам тыныштығына әсер етеді.
«Қарапайым халыққа не керек?» деген сауалға жауап өте қысқа және барынша айқын. Тұрақты жұмыс орны, табыс көзі болса, елде тыныштық пен өзара келісім, ертеңге деген сенім болса, деген тұжырымды халық аузынан әрдайым естиміз.
Ел Президенті «еститін үкімет» туралы мәселені көтеруі халыққа жағымды болғаны рас және біраз үміттеніп қалғандығы анық, бірақ іс жүзінде бүгінгі жағдай соған сай келе ме? Бұл мәселелерді бағамдай келгенде барлық деңгейдегі мемлекет қызметкерлері, қоғамдық бірлестік өкілдері, депутаттар, саяси партиялар ел болашағы үшін бірігіп қимылдайтын кез келді.
Осы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз және алда да осы жұмыстар жалғасын табады. Дегенмен, бұл бағдарламалар аясында қысқа мерзімді жұмыс орындары ашылып, белгілі уақытқа ғана жұмыспен қамтамасыз етуде. Демек, жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешілмей отыр. Қазір тендерлерді өткізу процедураларының ашық болуына байланысты бұл салада оң өзгерістер байқалғанымен, жеңімпаздар үстінен арыздардың жазылуы, құрылыстың немесе қызмет көрсетудің уақытын бірнеше айға созып, кейбір жұмыстар қыстың көзі қырауға қалып, мемлекеттің қаржысы желге ұшып, құрылыс бағасы қымбаттап, сапасы төмендейтіндігі өтірік емес. Осы саланы реттеудің «ережелерін» түзеу сондай да бір қиын шаруа емес қой. Дамыған елдер Марсқа ұшып, озық технологияларды жасап жатқанда, біз сондай ережелерді де дайындай алмауымызды қалай түсінеміз. Қаржы бар, бірақ әліге дейін елді мекендерде «градообразующий» өндіріс орындарының, зауыт, фабрикалардың, цехтардың жоқ болуы – қиын-ақ дүние.
Білім мен ғылымсыз адамзат баласының жолы тұйыққа тірелетіндігін біле отырып, осы салаларды елімізде қандай жағдайға әкелгенімізді біріміз біліп, біріміз білмейміз.
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, қазіргі күні 3,5 млн-нан астам қазақстандықтар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмей отыр.
Осы жағдайда «енді не істеуіміз керек?» деген сұрақ барлық деңгейде туындайтыны рас.
10 қаңтарда Мәжіліс, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттарды сайлау өтті. Сайлау заңдылықтарына өзгерістер енгізіліп, жеке адамдар сайлауға өз кандидатураларын ұсына алмайтын болды. Біреулер бұл шешім адамның құқығына жасалған нұқсан деген пікірлер білдірді. Дегенмен, осы мәселеге тереңірек қарасақ, Парламент те, мәслихаттар да, түрлі кеңестер де еліміздің, аймақтардың даму мәселесі нағыз көпшіліктің ақылдасуымен шешілетін дүние екендігін көріп отырмыз. Тіпті дана халқымыз «Ат алсаң да ауылыңмен» дегендей, сайлауға партиялар, қоғамдық ұйымдар арқылы ұсынылу керек деген ереженің өте дұрыс екендігін көрсетіп тұр. Себебі белгілі бір ұйымдарда елдік мәселелерді шешудің жолдарын пісіріп алмай жеке тұлға бәрін өзі біледі деген қисынға келе бермейтіндігін өмір дәлелдеп отыр.
«Ауыл» ХДПП – ондаған жылдар тәжірибесі, құрамында ғалымдар, дәрігерлер, ауыл шаруашылығында жетістікке жеткен кәсіпкерлер, қарапайым қазақстандықтар бар, 300 мыңнан астам мүшесі бар қоғамдық саяси ұйым.
«Ауыл» партиясының бағдарламасы түгелімен ауыл, азық-түлік қауіпсіздігі, ұлттық құндылықтар, жер-су ресурстарын тиімді пайдалану, ауылшаруашылық экономикасын көтеру бағытындағы көптеген мәселелерге арналған және Қазақстан қоғамымен бірлесе отырып жүзеге асырылуда.
Жалпы Қазақстан аграрлы-индустриалды мемлекет екендігі белгілі, дегенмен, кейінгі жылдары мұнай-газ шикізатына негізделген экономика ауылға, ауыл шаруашылығына мемлекет көзқарасын өзгертіп, перспективасы жоқ ауылдар деген ұғымды тудырды. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда елімізде қаншама ауыл жойылып, халқы қалаға көшіп, жұмыссыздық саны артып, маргиналды топтардың көбеюіне әкелді.
Бірде Германия еліне барған сапарымда бір орташа өзенде өткел ретінде паром жұмыс істейтінін, жан-жағы немістерге тән ұқыптылықпен тап-таза, асфальт жол келіп тұрғанын, жағалауда тамақтанатын жер бар, ағаштар егілген тамаша орын екен көрдім.
Сонда қызығып паромшыдан «ау, мына мемлекеттің жағдайында осынау кішкене өзенге көпір салуға болмай ма?» – деп сұрадым. Сондағы паромшы: «Бұл ата-бабадан жалғасып келе жатқан кәсібіміз, жұмыс орнымыздың жойылмауы үшін, шағын бизнестердің жүруі үшін осындай жағдай жасайды» деген еді. Әттеген-ай, бізде неге бүтін бір ауылдар болашағы жоқ деп жойылады, басқа жолын табу қалайша мүмкін емес деген ой мазалады.
Қысқасы, мемлекет тарапынан ауылға, ауыл шаруашылығына деген көзқарасты, багдарламаларды шұғыл түрде қайта карап, түбегейлі жаңа қадамдар жасалуы тиіс.
Ауылшаруашылық тауарларын өндіруді көбейту, экономикалық тиімділігін арттыру, тауарларды (жүн, ет, сүт, сүйек, қазы, шұжық, күріш, бидай, тауық, балық, т.б.) терең өңдеуді жолға қою керек. Жаңа жұмыс орындарын ашу, барлық инфраструктураларды, ирригациялық жүйелерді дамыту, заманауи технологияларды пайдалана отырып, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын сақтау қоймаларын салу, аудан орталықтарында сүт зауыттарын іске қосу, тұрақты жұмыс орнын ашып қана коймай, экономикамыздың бәсекеге кабілетін арттыру халықтың «орынсыз» саясатпен айналысуына лайықты жауап болар еді. Бұл дегеніміз, тәуелсіздіктің тұғырын беріктетіп, елдің болашаққа деген сенімін күшейтіп, қоғамның бірлігін арттырады.
Ауыл шаруашылығын қолдауға арналған субсидияға шаруалардың қолжетімдігін арттыру, «гигантоманиялық» талаптарды жою, ресурстарды бөлуге коғам (ассоциация) мүшелерін қатыстыру сияқты шаралар билікке деген сенімді күшейтумен қатар елдің бірлігіне әсер ететіндігі сөзсіз.
Ауыл әкімдерін сайлау туралы да мәселелер көтеріліп жүр. Бірақ ойланатын жағдайлар да аз емес. Біріншісі – сол ауылдардың «бюджет» мәселесі. Бюджет салықтан құралатын болса, салық ауылдағы тұрақты жұмыс істейтін ШҚ, ЖШС, өңдеу цехтары, қызмет көрсету секілді жұмыс орындарына тікелей байланысты.
Сайлауға түскен әкімдер «Ұн мен май болса, шелпек жасап берер ем» деген келіншектің кебін киюі әбден мүмкін. Сондықтан әрбір бағдарламаның артында, оның нақты экономикалық негіздемесі болуы керек.
Кей кезде әкімдерге бағаны тұрақтандыру жөнінде тапсырма беріледі, былай нарықтық қарым-қатынас жағдайында оны қалай жүзеге асыруға болатындығы түсініксіз. Сондықтан ауылдың потенциалын дұрыс пайдаланып, бірінші кезектегі экономикалық маңызы жоғары ауылшаруашылық тауарларын мемлекеттік колдаулар арқылы мол өндіріп, терең өңдеу, сақтау арқылы нарыққа шығарып отыру – мәселені шешудің тікелей жолы.
«Байқоңыр» ӘКК қатысуымен салынған «Алтын қамба» қоймасын пайдалану мен бағаны тұрақтандыруға арналған қорды пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін картоп, сәбіз, пияз өсірушілерді қолдауды ауыл әкімдерінің кепілділігімен жүргізу билікпен шаруалардың өзара сенімін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туғызады. Сондықтан, осындай игі мақсаттарға жұмылу – бәріміз үшін аса маңызды.
Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,
«Ауыл» ХДПП
Қызылорда өңірлік
филиалының төрағасы, т.ғ.д,
облыстық мәслихат депутаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<