Ана сүтін емген баланың семіздікке ұшырау қаупі төмен – Дәрігерлер

317

0

Ана сүтін емген баланың семіздікке ұшырау қаупі төмен - Дәрігерлер Балалар семіздігінің таралуы бойынша Қазақстанда және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірінің бірқатар елдерінде жүргізілген зерттеу нәтижелеріне қарағанда, ешқашан ана сүтін ембеген немесе сирек емген балалар семіздікке көбірек ұшырайды, – деп хабарлайды «Елорда Инфо» Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына сілтеме жасап.
 «Бала көп уақыт емген сайын, семіздіктің пайда болу қаупінен қорғанады. Бұл ақпарат семіздіктің алдын алу бойынша шараларды нығайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан, біз өңірде ана сүтімен емізуді қолдап, ауқымын кеңейту үшін барлық мүмкіндіктерді жасауымыз қажет», – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының Жұқпалы емес аурулардың алдын алу және өмірдің барлық сатысында денсаулықты нығайту бөлімінің директоры, доктор Bente Mikkelsen.
 Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы баланы өмірінің алғашқы 6 айында тек ана сүтімен емізуге кеңес береді, одан кейін 2 немесе одан үлкен жасқа дейін әрі қарай емізе отырып, қосымша тамақтандыру қоспаларын беруді ұсынады. Ана сүтінде баланың сау дамуына қажетті барлық пайдалы заттар: майлар, нәруыздар, көмірсулар, су, дәрумендер және минералдар бар. Оның құрамындағы табиғи антиденелер жаңадан туылған нәрестенің иммунитетін нығайтады, балалар ауруынан сақтауға көмектеседі. Яғни, еметін балалар өте сирек суықтап ауырады, және жасанды қоректенетін балаларға қарағанда жұқпалы ауруларға, диарея, аллергияға сирек шалдығады. Бұдан бөлек, ана сүтімен емізу балаға анасына деген жақындықты, мейірімділік пен жайлылықты сезінуге ықпалдасады.
Мамандардың айтуынша, артық салмақ пен семіздіктен қорғаудан бөлек, ана сүтімен қоректендірудің көптеген артықшылақтары бар. Ана сүті баланың сенсорлық және танымдық дамуына оң ықпалын тигізеді, түрлі таралған балалар ауруынан болатын нәрестелер өлімін төмендетуге, сондай-ақ аурулардан ертерек сауығуға ықпалдасады. Кейбір зерттеулер көрсеткендей, ана сүтімен емізу баланың когнитивтік қабілеттерін жақсартады, сонымен қатар, бала өсе келе оның дамуында және оқуында кездесетін мәселелердің пайда болу қаупін төмендетеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<