1961 жылдың қыркүйек айының бірі. Алғашқы қоңырау. Мектепке балалар жиналуда. Мен де анама еріп бірінші сыныпқа бардым. Ол кезде әкелердің жұмыстан қолы тимейтін. Мектепке балаларын түгелге жуық аналары ертіп апаратын. Бізді бірінші сыныпқа Күзенбай Сариев ағай қабылдап алды.
Бір кезде шашына ақ бантик таққан, үстінде мектеп формасы бар сары қызды анасы ертіп келді. Ағай анасын танып, «Жұмакүл, қызыңның аты кім?» деп сұрады. Қыз жұлып алғандай «Менің атым – Сәлима» деп тақ ете қалды. Ағай аңтарыла қарап, анасына бұрылып, «Мына қызың болайын деп тұрған екен» деді.
Сәлима бізбен бір сыныпта оқыды. Бастауыштағы сынып жетекшісі Күзенбай ағайымыз әр оқу жылының аяғында ауыл сыртына экскурсияға апаратын. Жұмакүл апамыз аспаз болғандықтан Сәлимаға неше түрлі тағам дайындап, сумкасына салып беріп жіберетін. Ауылдан 3-4 шақырым ұзағаннан кейін айнала отырып үйден алып барғанымызды жей бастағанда, Сәлима сумкасын ашып: «Келіңдер, бірге жейміз» дейтін. Жастайынан көпшіл болып өсті. Анасынан көпшілікке тамақ істеудің қыр-сырын үйреніп шықты. Ол кезде шаруашылық мың гектарға жуық күріш егеді. Жазда күріштің отағына, күзде жатып қалған күрішті оруға оқушыларды жұмылдыратын. Біз бесінші сыныптан бастап осы науқанды жұмысқа араластық. Аспаз міндетті түрде оқушыдан болатын. Алғашқы жылдары Сәлима үлкен сыныптың қыздарына көмекші аспаз болып жүрді де, жетінші сыныптан бастап өзі бас аспаз болып жұмыс атқарды. Сонда таңғаласың, сойылған ірі қараның етін бір өзі қақтап, тұздап, жайып алатын. Қолы өте күшті. Амандасқанда қолыңды қысып жіберетін. Қол күрестен талай ер баланы жеңіп кететін. Сөйтіп жүріп орта мектепті де бітірдік. Сәлима сабақты 4-5-ке оқығанмен, анасымен бірге жұмысқа шығып кетті.
Егістің басындағы қоста жұмысшылар мен механизаторларға анасы екеуі аспаз болды. Тыным жоқ. Біреулер ерте кетеді, түнгі ауысымға шығатындары кеш кетіп жатады. Оларға түнгі он екіге тамақ дайындап, арнайы ыдыстарға салып беріп жіберу де Сәлиманың мойнында. Таңғы сағат төрттен түнгі сағат бірге дейін тыным таппайды.
Ауылда күріштің көп егілетіні сондай, көрші ұжымшарлардан күріш егуге, оруға техникалар тартылатын. Дақыл бітік шыққан кезде тасуға әскери машиналар шақырылатын.
1971 жылдың күзінде көрші Жөлек ауылынан ұзын бойлы, сымбатты Серік деген жігіт комбайнымен көмекке келді. Комбайнерлерге түсте, кешке тамақтарын жұмыс басына апарып бергенімен, қонаға қосқа келетін. Қос басында Серік Сәлимаға бір көргеннен ғашық болады. Солай жүріп екеуі тіл табысады. Келесі жылы Сәлима он тоғыз жасында, яғни 1972 жылдың 18 шілдесінде Серіктің отанына келін болып түсті, жиырма жылда он бір құрсақ көтерді. Біреуі жастай шетінеп кетіп, он баланы екеулеп өсіріп жеткізді. Серік жарына адал, еңбекқор, қолынан іс келетін ісмер жігіт болды. Бір жылдары кеңшардың жүгерісі керемет өсіп, собығын жинайтын комбайн табылмай қалды. Бірден ойластырып, жүгерінің собығын жинайтын комбайн жасап шығарды. Бұл тәжірибесін аудан жоғары бағалады.
1997 жылы Серік ауылға тиесілі жерден өз отбасының үлесін алған еді. Өзі 67 жасында 2014 жылдың желтоқсанында қайтыс болды. Сәлима белді бекем буып, балаларына жерді бос жатқызбай күріш егейік, малдың басын көбейтейік деп ұсыныс тастайды. Бес ұлы Берік, Баубек, Айбек, Нұрбек, Жандос және бес қызы Гүлмира, Жанар, Гүлбану, Элмира, Айкерім, келіндері Сандуғаш, Назерке, Қымбат, Рауза, күйеу балалары Нұрлан, Қанат, Болат, Слава, Айдос бұл ұсынысты бірден қолдайды. Дереу техникалар ала бастайды. Үлеспен алынған жердің басына үлкен үй, малға жайлы қора салды. Онда төртінші ұлы Нұрбек отбасымен бірге көшіп барды. Сәлима осы Нұрбектің қолында, немерелерінің қасында. Ауыл мен шаруа қожалығы орналасқан жер жақын болғандықтан, кенже ұлы Жандос жер учаскесінің басына күнделікті барып, малдың жағдайын жасап тұрады. Шүкір, қазір шаруасы дөңгеленіп тұр. Жылына күріштен мол өнім алып, жүз қаралы ірі қараның сүтін, айранын, майын, құртын күнделікті сатып, саумал, қымыз ішіп, уақ малды қажетті азық-түлік және киім-кешек алуға жаратып отыр. Келіндердің де еңбегі зор-ақ.
Өмір болғаннан кейін қиындық та кездесіп жатады. Үлкен қызы Гүлмира ауыр дерттен қайтыс болды. Артында жары мен төрт баласы қалды. Күйеу бала Нұрлан вахталық жұмысқа он бес күнге кеткенде, Сәлима ауылдан келіп, балаларға бас-көз болады. Олар да әжесіне әбден бауыр басты. Гүлмираның үлкен ұлы үйленіп, Сәлима әженің қуанышы қойнына сыймай мәз болды. Өткен жылы немере келін босанып, Астанаға барып шөбересін қырқынан шығарып келді. Батыр ана немере-шөберелер ортасында бақытты ақ әже болып отыр.
Шерәлі ҮРКІМБАЕВ,
облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің мүшесі





