Ақ күріші жайқалған алқап

1696

0

Шиелі ауданы Ш.Қодаманов ауылындағы «Төңкеріс және К» шаруа қожалығы ұзақ жылдан бері күріш өсірумен айналысады. Жылма-жыл мол өнімге негіз қалап, табыстан тау тұрғызып жүр. Сол жарасымды үрдіс биыл да жалғасын тапты.

Қожалық мүшелері 1000  гектарға күріш еккен болатын. Бүгінде сол алқаптың басым бөлігіне орақ салынып, біршама аумағын бастырып үлгерді. Әзірге өнім гектарына 60 центнерден айналып отыр.

– Күздің әр күні жылға азық екенін білеміз. Берекелі мезгілдің әрбір сәтін қалт жібермеуге көңіл бөліп отырмыз. Еңбеккерлер күрішті орып, оны жинау бағытында тиянақты тірлігімен көзге түсіп келеді. Ала жаздайғы еселі еңбегіміз еш кеткен жоқ. Әр гектардан мол өнімге негіз қаланды. Шаруашылықта 100-ге тарта адам еңбек етеді. Жылма-жыл күріштің «Лидер», «Янтарь» сорты егіледі. Ендігі кезекте жергілікті сорттарды сынақтан өткізу жоспарда тұр, – деді қожалық төрағасы Бауыржан Көпеев.

Аталған құрылымда биыл күріштен өзге бидай, мақсары, жоңышқа егуге мән берілген. Биыл 200 гектардан астам бидай, осынша көлемде мақсары, 500 гектардан астам жоңышқа жиналды. Жылма-жыл машина-трактор паркін жаңалауға назар аударылуда. Американдық «John Deere» комбайны егінді шашпай-төкпей жинауға үлкен септігін тигізіп отыр. Қожалық мүшелері биыл минералдық тыңайтқышқа, суға субсидия алды. Сондай-ақ, жеңілдетілген жанармай игілігін көрді. Дала қосында дүбірлі еңбек көрігін қыздырған диқандар күріш орағын жақын күндерде толық аяқтайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 5 қазандағы мәліметі бойынша өңірде 81847 гектар күрішке орақ салынған. Оның 71974 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа есеппен 56 центнерден өнім жиналуда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<