Ақпарат аламаны

4

0

Кейіпкерлер қиялымды қозғады

Әлбетте, өмір формуласы деген атымен жоқ. 1966 жылы Т.Шевченко атындағы №13 орта мектепті тә­мам­даған бойда Қызылордадағы Н.Го­голь атындағы педагогикалық инс­ти­тутқа маңдай тіредім. Өзімді ойша ма­тематика пәнінің мұғалімі ретінде елестетіп көріппін. Шынында, есепке жүйріктеу едім. Сол дәмемен қабылдау комиссиясына құжаттарымды өткізгенде бірден үрейімді ұшырған 75 талапкердің бірі екенім тәуекел белбеуін бірден босатып жіберді. Менің түсінігімде институтқа бірыңғай «бестік» бағаны қанжы­ға­сына байлағандар ғана табан тіреуі заңдылық сияқты. Өзімді дереу сол санатқа қосқанымда, бірден топ жаруым неғайбылдау күдік ұялатты. 75 талапкердің тек 25-і ғана студент ата­нуы керек. Ауылдан ұзамаған бор­­кеміктеу мен сияқтыларға бұл қа­малдан өту мүмкін емес сияқты кө­рін­ді. Сол қобалжу біржолата ше­гін­діріп, комиссияға тапсырған құжат­тарымды дереу қайтарып алдым. Сөй­тіп ма­мандық таңдау қателік пен сәт­тіліктің шекарасына қазықтай қа­ғып жіберді.

Көркем әдебиетке құмарлығым бір­ден қолтығымнан демеп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атану үмітін тұтатты. Бұрыннан ауыл кі­тап­ханасына көбірек бас сұғатыным енді біржолата кітап сөрелеріне арқа тіретті. Кітапханашы Жалғас ағайдың сеніміне кіріп штаттан тыс көмек­шісіне айналдым. Қалың мұқабалы кі­таптардың сиқырлы беттері біржо­лата баурап әкетті. Отандық әдебиет­тің көшбасы саналатын Мұхтар Әуез­овтің «Абай жолы» эпопеясы тұтас­тай бір дәуір эшелонын қол бұлғатты. Жюль Верннің «Он бес жасар капи­таны», Даниель Дефоның «Ро­бинзон Крузо», Лев Толстойдың «Соғыс жә­не бейбітшілік», Федор Достоев­ский­дің «Қылмыс пен жаза», Максим Горькийдің «Ана», Тихон Семуш­кин­ның «Аласталған алитет» романдары бірден қиял әлеміне ентелетті. Садриддин Айнидің «Құлдар», Геор­гий Тушканның «Жора», Садықбек Адамбековтың «Тау арасында» туындылары қым-қуыт оқиғаларымен түрлі ұлт өкілдерінің таңғажайып болмысына таңдай қаққызып қойды.

Шетелдік сөз шеберлерінің туындыларын әдеппен ығыстырған Әб­діжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» романы, Бердібек Соқпақбаевтың «Ба­­­лалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» повестері өмір су­ретте­рінің әдеби баламасына еріксіз табын­дырды. Өзіміз сияқты жағалау қара домалақ­тарының шынайы бол­мы­сы­на күдікпен емес, үмітпен қа­рау­ға біржолата иландырды. Сөйтіп кітап әлемі алдарқатқан күміс күз, қай­рат­тандырар қыс, көңіл­шек көк­тем, жайдары жазбен көмке­рілген сы­нақ мерзімі қайтадан Қызылорда пе­даго­гикалық институтына табал­ды­рығынан аттатты. «Қуыр­дақтың кө­кесін түйе сойғанда көресің» дей­тіндей қазақ тілі мен әдебиеті маман­дығына үміткерлердің ұзын ырғасы 425-ке жетті. Амал қанша, шегінетін жер жоқ, кітап жастанған бір жылым текке кетпеді. Шығарма жазудан қам­шы салдырмадым. Ауызша сұ­рақ­тардан да мүдірген емес­пін. Та­рих пәнінен де түсінігім терең­діктен ізделді. Ағыл­шын тілін оқыма­ған­дық­тан бұл пән емтиханы есепке алын­бады. Осылайша әдеби әлем боса­ға­сынан cүрінбей, білім дәлізінен төріне қарай нық қадам бастым.

Студент аудиториясына батыл енуімнің бір ұштығы ауыл өмірі­нен аудандық газетке жолдаған мақа­ла­­ларымның омырауымды ыстық күл­­шедей қыздырған қалами қайта­рым­нан менмұндалап тұрды. Ауыл радио торабынан балықшылардың жаз­ғы, қысқы балық аулау маусымынан дайындаған репортаждарымды мик­ро­фонға желімдей жабыстырған шы­ғар­­машылық филология мінберін жатсынған жоқ. Сол сәттен бастап сөз құдіретінің, шындық пен шеберліктің тоғысқан тұсы менің өмірлік бағытым боларын ұқтым.

Қазақ әдебиетінің ғылыми бастауынан ізделетін профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың ғұламалық тереңдігі өзімді шығармашылық шабарманы болуға кәдімгідей жігерлендірді. Инс­титут пен жатақхана жолындағы кі­тап, газет сататын киоскіге еріксіз бө­гелтетін баспасөзге құмарлық дағдысы да атойлап тұрды. Алғаш қолыма ілік­кен Қарауылбек Қазиевтің «Ақ бан­тик» жинағы көзіме оттай басылды. Әсерлі жинақ қолыма кідіртпей қалам алғызды. Осы кітап жайлы рецензиям облыстық «Ленин жолы» газетінде кешеуілдетпей басылғаны ақ параққа қалам төндіретін жаңа бір дағды қа­лыптастырды. Менің бас­па­сөзге бүй­регім бұруы дәл осы қадам­нан бас­тау алғанын әлі күнге мақта­нышпен жа­дымда жаңғыртамын. Одан кейін бел­гілі жазушы Әзілхан Нұр­ша­йықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы әдебиет әлеміне мәңгі тілеулес етіп табындырып қойды.

Қаламымды ұштағандар

Әсілі, көркем туынды құді­реті оқырман біткенді табындырмай қой­майды. Америкадан шығар­ма­шылық сапардан оралған Шыңғыс Айтматов пен Қызылордадағы оқырман­дар кездесуіне барғаным әлі күнге сағы­ныш самалындай желпиді. Атақты жа­зушының батырға тән болмысы, мін­бедегі өр үні балқытпай қоймайды. Осы шығармашылық жүздесу маған да қаламгерлік құлшыныс сезімін сый­лады. Содан бері Шыңғыс аға­ның қазақ тілінде жарық көрген бар­лық кітаптары маған болашақ баспал­дағындай тірекке айналды.

Театр құдіретіне таңдай қаққыз­ған сахналық қойылымдардың шығар­машылық шарпуы тіптен ерекше екен. Жергілікті драматург Оразбек Бо­дықовтың «Қанжар мен домбыра» атты спектаклін жай ғана тамашалап қой­май, рецензия жазғаным батылдық байламын сыйлады.

Студенттік шақ албырт сезіммен бірге болашақ кілтін қолға ұстатқанын марқая жадыма оралтамын. Облыстық газет жанындағы әдеби бірлестік оты­рыстарында атақты ақын Асқар Тоқ­ма­ғамбетовтің бәрімізді жыр дәп­те­ріне шұқшитқаны қолдан қалам тү­сір­мейтін жаңа әдет сыйлады. Белгілі жазушылар Насреддин Сералиев пен Саид Баязитовтің, май­дангер қаламгер Досмағанбет Тасе­кеевтің, ерекше да­рын Қомшабай Сүйенішовтің жас та­лапкерлерге айқын бағдар нұсқауы мені де еріксіз әдебиет босағасына ен­телетті. Жерлес қаламгер ағамыз Жақ­сылық Түменбаевтың тапсырма­сымен еңбек адамдары жайлы мақа­ла жазғаным шығармашылық топқа жа­қындата түсті. Институт қабыр­ға­сында әдеби кештерде кейі­нірек бел­гілі жазушы болған Тынымбай Нұр­мағамбетов пен сыншы Бақыт Сар­ба­лаевтың студенттік мінбеде образды ой түйіндеуі маған да шабыт шарпуын сыйлады. «Қызғалдақтар», «Тыңдашы, жәудір» атты тырнақалды әңгімелерім аудандық «Толқын» га­зе­тінде жарияланғаны оқырман қауым­ды бір елеңдеткені хақ. Өкінішке орай, «Кешір, жаным» атты әңгімем жатақхана бөлмелерін шарлап кеткені кәдімгідей желпіндіргені жалаң мақ­таныш күйде қалғаны әлі күнге дейін қапаландырады. Редакцияға ұсынамын деп жүрген шырайлы шығармам бөл­меме қайта оралмады. Сол тәрізді «Пен­деге тыным керек» деп аталатын шағын лингвистикалық әңгімемнен де қаралай көз жазып қалдым. Сол сияқты аяқталмаған «Толғаныс», «Алғашқы қадам» сияқты шығармаларым құнт­сыздығымнан біржолата ғайып болды. Жерлес қаламгер ағамыз Айжарық Сә­дібековтің тұңғыш хикаятым туралы зор ықылас білдіруін әдеби орта­ның бағалауы деп білдім.

Қаламымды ұштаған, үлкен се­нім ұялатқан үш кездесу бейнелеп айтқанда Жазушылар одағының ке­піл­демесіндей жүректі шым еткізді. Аралға бүкіл әлемді «Қан мен тер» трилогиясы арқылы елеңдетіп қойған Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесу үстінде өзіме қаратып айтылған «әде­биетші ғой» деп іш тартуы жадымда мәңгі жатталып қалды. Мен атақты жазушыға «Қан мен тер» романындағы Тәңірберген мен Ақбала қимастығын Шолоховтың «Тынық Дон» романын­дағы Аксинья мен Григорий бейне­сімен сабақтастырғанымды Әбді­жәміл ағаның жылы жымиыспен құпта­ғаны бір толқытып тастады. Тағы бір жүздесуде көрнекті жазушылар Та­­хауи Ахтанов пен Қалтай Мұха­мед­жанов шығармаларына қатысты мін­беде түйіндеген ықылас шарпуы кәдімгідей қанаттандырды. Тахауи аға оқырмандарға қолтаңба беру сә­тінде маған ұсынған кітабына «Зор бо­лашақ тілеген Т.Ахтанов» деп қалам қиғаштағаны сірә да естен кетер ме?!

Осындай пейіл шуағын Зейнолла Шүкіров ағаның 50 жылдығындағы кездесуде екінші рет сезінгенімді ба­та дәрежесінде қабылдадым. Менің қай­сар қаламгерге аудан ұстаздары атынан тілек қосқаным құшақта жүрген ағаны тебірентіп тастағандай көрінді. Өзінің «Сарша тамыз» кітабына «Сарша тамыздай ыстық көңілмен» деп автограф бергені әдеби күлшеден кем соқпады.

Сырласым, сыншым оқырман

Қырық жылдық еңбек өтілімнің ұстаздық пен журналистік қызметке теңдей бөлінгені әділетті нәтижеге айналды. «Толқындағы» әдеби қызмет­кер, бөлім меңгерушісі, жауапты хат­шы қызметін беріле атқарғаным оқыр­ман қауымның қадірлі авторына айнал­дырғанын дәтке қуат тұтамын. Еліміздің егемендік алуына байланысты газет атауының төбесінде «Бар­лық елдердің пролетарлары бірі­гің­дер!» дейтін бұйрық тәрізді саяси сіреспе ұран сөзді алмастырған «Арал тағдыры адамзатқа аманат!» атты маңдайша атау менің үлесіме жа­татындығын мақтаныш тұтамын. Газет өміріне «Бәрекелді», «Дауасын күткен дабыл» атты жаңа айдарлар әкелгенім де оқырманды желпініске жетелегені сөзсіз. «Ақиқат» атты жа­ңалықтар топтамасын әзірлегенім үшін аудандық газет журналистері ара­сында үздік атандырды.

Журналист атаулының шығар­ма­шылық мүмкіндігін безбенге салатын очерк жанры менің оң жамбасыма келді. Облыстық бәйгелерде «Оқ пен қоңырау», «Жеңістің бір ұшқыны», «Борыш тұғырындағы бақыт», «Мәң­гілік мақтаныш» тәрізді жазбаларым арнайы жүлделерге ілікті.

Арал өңірінің белгілі меценаты Тоғыс Жұмашев туралы «Еркіндік еркебұланы», алтын ғұмыр иелері Иб­рагим аға мен Ақбике апа жайында «Күн мен айдай жарқырап…», танымал кәсіпкер Бахыт Жүгінісовтің аққан жұлдыздай ғұмыры хақында «Мәң­гілік сағыныш» аталатын ғұ­мыр­намалық хикаяттар демеуші­лер­дің көмегімен жеке жинақ болып оқырманнан сүйінші сұратқаны өзін­ше бір ғанибет.

Арал теңізінің трагедиясы әлемді шулатып жатқанда республикалық «Еге­мен Қазақстан», облыстық «Сыр бойы», аудандық «Толқын» газет­те­рінің арнайы біріккен санында ме­нің «Жабырқау жүз», «Шайлыққан жүрек» атты мақалам жарық көргені журналистикадағы айрықша үлесіме жатады. Арал тағдырына қатысты проб­лемалық мақалаларым II-III Орта Азия экологиялық журналистика фес­тивальдарының лауреаты мәр­тебесін сыйлады. «Аллажар» қолдау қоры ұйымдастырған бәйгеде «Арал өңі­ріндегі мемлекеттік емес ұйымдардың қалыптасуы және даму мүмкіндіктері» атты сараптамалық материалдарым бірінші орынды еншіледі. Тәуелсіз «Халық» газеті ұйымдастырған бәй­геде «Қоғам қалғып кетпесін» атты мақалам үздік шықты. Тәуелсіз­дігі­міздің 20 жылдығына байланысты ұйым­дастырылған «Елім менің» атты облыстық шығармашылық байқауда «Үздік әдебиеттанушы» номинациясын иелендім. Журналистикадан тыс «Дарабоз» әдеби аламанында «Ал­ғаш­қы асу» хикаятым мен «Шөл­де­ген шағала» атты әңгімем үздік шы­­ғар­­малар қатарынан табылды. «Тол­­қын» газетінің шығармашылық беле­­сінде Украинаның атақты ақыны Т.Шев­ченконың Аралға қатысты поэзиясы туралы зерттеу мақалам әдеби ортаға ой салдырды.

Халқымыздың атақты жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығар­машылық эрудициясы турасындағы зерттеуім де оқырман ойынан шықты. Бір ғажабы осы еңбегім Әбдіжәміл ағаның 7 томдығының 4-томында ме­нің «Суреткер серті семсердей» де­ген талдау мақалам енгізілгенін зор мәртебе санаймын. Әлемдік ғұлама Әбу Насыр әл Фарабидің ғылымдағы теңдессіз үлесін дәріптеген еңбегім де оқырман ойынан шыққаны хақ. Әдетте, қалам құдіреті тосын сыймен таңырқатады. Құрметті еңбек демалысына шыққан соң, поэзия әлемі де қол бұлғап, төрт толғау, отыздан астам өлеңдер шоғырын сыйлады.

Саяси қуғын-сүргін құрбаны, ақын Нұрмағамбет Қосжановтың «Сар­­тай батыр» дастаны, Ашубай ақын­­мен хат арқылы өлеңдетуі, өңір қа­лам­­гер­лерінің жинақтары жайлы ре­цензия­ларым очерк, эссе, публицистикаларым әдебиет пен баспасөздің егіз екен­дігін айғақтауымен оқырман қа­уымды елеңдеткен де, естен кетпес шығармашылық қайтарым сияқты.

Жаңабай КЕМАЛ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, Арал ауданының құрметті азаматы