Ақпараттық соғыста алданбаудың амалы қайсы?

1883

0

Әлемдік саясатта, көрші елдерде орын алып отырған соңғы жаңалықтарға байланысты түрлі басылымдарда, әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттар қаптап кетті. Біреулер Ресей мен Украина арасындағы жағдайды соғыс деп атаса, енді бірі әскери операция деп баға беруде. Сол секілді, тараптар бірбірін геноцид, ұлтшылдық, басқыншылық, басқа да қылмыстар бойынша айыптауда. Оған қоса, өз шығындарын мардымсыз, қарсыласының шығындарын әлдеқайда көп етіп көрсетуге тырысуда. Ақпараттық кеңістікте де соғыс жүріп жатыр. Бір сөзбен, кім шын, кім өтірік айтатыны түсініксіз.

Себебі пропаганда машинасы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Салдарынан айналадан жау іздеп, бейбіт елдің де арасына жік салуға дайын сол пропаганда құрбандарының қатары көбейді. Қарапайым халық арасында саяси көзқарастары сәйкес келмегені үшін жанжалдасып жатқандар көп. Бұл үрдіс елімізде де өршіп барады. Сондықтан осы бір толассыз ақпарат тасқынында өзімізді жат пиғыл, жалған түсініктен қорғай білу өте маңызды. Ол үшін, ең алдымен, пропаганда дегеннің өзі не екенін анықтап алған жөн.

Пропаганда белгілі бір деңгейде жарнамаға ұқсайды. Ақпараттан айырмашылығы – сізді қандай да бір әрекет жасауға үндейтінінде. Мысалы, жарнаманың мақсаты – адамды бірдеңе сатып алуға үгіттеу, оның тұтынушылық мінез-құлқын өзгерту. Ал, пропаганда – адамның ұғым-танымын, ойын өзгерту үшін эмоционалды түрде әсер ету. Сондықтан онда шынайы фактілер болуы мүмкін, бірақ ол фактілер адамның ойы мен мінез-құлқын өзгертетіндей етіп өңделіп, тұжырымдалады.

Ежелден-ақ ақыл-ой үстемдігі, басқалардың санасын жаулап алу – өз билігін жүргізудің ең тиімді жолы болған. Пропаганда терминінің өзі бастауын католик шіркеуінен алады. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – уағыз. Тіпті, батыс әлемінде беделді діндар ойшылдардың бірі: «Маған адам өмірінің алғашқы алты жылын берсеңіздер, қалғаны маңызды емес» деген пікір айтқан, яғни, адамды өмір бойы өз ықпалыңда ұстау үшін алғашқы алты жылда өзің тәрбиелеу жеткілікті деген сөз.

Тура мағынасында пропаганда – басқаны өз сеніміне кіргізуді мақсат ететін іс-әрекет. Сондықтан қандай идеяны болсын насихаттаушының өз сенімі бар екенін ұмытпаған дұрыс. Ол – белгілі бір партияның, белгілі бір тараптың адамы. Ол қарсы тараптың, екінші жақтың пікірін ешқашан ескермейді. Оның ағартушылық қызметтен айырмашылығы да сонда. Пропаганда адамдардың сыни тұрғыдан ойлауын – қарама-қайшы пікірлерді салыстырып, талдап, өз бетінше қорытынды жасағанын қаламайды. Насихатшының бір ғана ұстанымы бар. Ол соған ғана сүйенеді, өзгелерді де өз жағына тартқысы келеді.

Сондай-ақ, пропаганда мемлекеттік саясатқа ғана қатысты нәрсе емес. Бірақ, авторитарлық мемлекеттің басты белгілерінің бірі – ақпараттық монополия. Мысалы, сайлау науқаны пропагандамен тығыз байланысты. Бірақ сайлау кезінде әрбір үміткердің өз ұстанымын жеткізуге мүмкіндігі болса, бұл қалыпты жағдай. Ал, авторитарлық мемлекетте ақпараттық монополия, яғни, бір ғана микрофон бар және ол мемлекеттің қолында.

Демократиялық режимнің де, тоталитарлық режимнің де негізгі күші – халық. Бірақ авторитарлық елдердегі пропаганда халықтың белгілі бір идея төңірегінде бірігуіне, билікке араласуына кедергі жасауды көздейді. Мұндай пропаганданың мақсаты – қарапайым адамды ешкімге сенуге болмайтынына, барлығы өтірік екеніне сендіріп, саясатқа араласпай, үйінде тыныш отыруға көндіру. Өйткені, авторитарлық мемлекетте билікті жүзеге асыруда халық тек кедергі келтіреді. Оған қоса, авторитарлық билік халықты тек қосымша шығын ретінде қарастырады.

Заманауи авторитарлық елдер әлемдік қауымдастық алдында өздерін демократиялық қоғам ретінде көрсетіп, сайлау өткізіп тұрады. Дегенмен, ол сайлауда әділ жолмен жеңіске жете алмайтынын білгендіктен, сайлаушылармен жұмыс істеуге мәжбүр. Тіпті, сол сайлауды болдырмаудың жолы табылса, автократия үшін нағыз бақыт болар еді. Сол себепті де, авторитарлық пропаганда халықтың бірігуіне жол бермеуді көздейді. Ол қарапайым адамға жақсы мен жаманды, дос пен дұшпанды өзі анықтап бергісі келеді. Сондай-ақ, соның барлығын жеңіп, баянды болашаққа жол салып жатқан биліктің ерлігін насихаттаудан шаршамайды. Ал, азаматтар ештеңе істемей, соны тыңдап үйінде отырса жеткілікті.

Саясаттанушы ғалымдар авторитарлық биліктің тағы бір ерекшелігі ретінде азаматтарын өзге елдердің мүддесі үшін жұмыс істеп, елдің тұтастығына қауіп төндірушілер, басқаша айтқанда, сатқындар ретінде көрсетуін атаған.

Қарапайым адамның өзі жете түсінбейтін мәселелерде пропагандаға сенуі оңай. Барлығының ақ-қарасын ажыратып жататын уақыт та жоқ. Сондықтан өзге елдегі жағдайды әлдекім қарапайым және ұғынықты етіп түсіндіріп берсе, еш күмәнсіз сене саламыз. Ал, пропаганда тілі қай кезде де қарапайым, түсінікті, ыңғайлы.

Бірақ өзімізге жақын, тікелей қатысы бар нәрсеге келгенде, әркімнің өз пікірі бар. Кімнің болсын айтқанына сене қою да қиын. Мысалы, біреу азық-түлік бағасы тұрақты десе, күн сайын дүкенге барып жүрген адамның оған алдана қоюы екіталай. Сол себепті пропаганда көбіне сыртқы саясат тақырыбына бағытталған. Бұл жерде әлемнің өзге бір бұрышындағы ашаршылық немесе соғыстың жұртшылықты шындап алаңдатпайтынын естен шығармаған дұрыс. Көптеген адамдар үшін мұндай жаңалықтар жай ғана сюжеттер. Өзге елдегі соғыс пен атыс-шабыс тақырыбындағы фильмнің айырмашылығы шамалы. Тақырып өте алыс болғандықтан, жұрт кез келген адамға сене салады.

Ғалымдар пропагандаға бейім адамдар категориясын да анықтаған. Саяси психологияда «авторитарлы тұлға» деген ұғым бар. Авторитарлы тұлғаның төрт белгісі болады: авторитарлық мойынсұнушылық – биліктің айтқанының бәріне сену, агрессия – қарсыластардың пікірін қабылдамау, интеллектуалдық қарапайымдылық және басқалардың жыныстық өміріне араласу, яғни, авторитарлы тұлға басқа адамдардың әдет-ғұрыптарын жиі айыптайды, көршісінің өмірі басқаша ұйымдастырылғанына наразылық білдіреді. Басқа біреудің жеке өміріне, басқа ер мен әйелдің некедегі қарым-қатынасына, таныстарының балаларын басқаша тәрбиелеуіне араласу, қарсылық таныту – мұның бәрі авторитарлы тұлғаның белгілері.

Сонда, жат пиғылдың жетегіне еріп, айтқанына қосылып кетпеу үшін өзімізді пропагандадан қалай қорғаймыз? Ақпараттық қоғамда Фрэнсис Бэконның: «Күш – білімде» деген сөзінің маңызы ашыла түскендей. Бір саланы жетік білген адам үшін өмірдің өзге салаларын түсіну де оңайырақ. Пропаганда құрбаны болмауға көмектесетін екінші фактор – тәжірибенің әртүрлілігі. Әлеуметтану саласындағы зерттеулер көрсеткендей, үйі мен жұмысының арасында өмір сүретін, ешқайда ұзап шықпаған, белгілі бір адамдар тобымен ғана араласатын адамдарға өмірдің басқаша болуы мүмкін екенін елестету қиын. Адам түрлі тәжірибеден өтіп, өзінен ерекшеленетін көптеген адамдарды көргенде ғана оның толеранттылық деңгейі жоғары болады. Сонымен қатар, үнемі жаңа нәрсеге ұмтылу мидың жұмысын дамытады.

Ал, адам үнемі бір орында отырса ой-өрісі тарылады, психикалық тұрғыдан қарапайымдылық қалыптасады. Бір қызығы, бұл сипаттамадағылар қатарында қарапайым адамдар ғана емес, үлкен лауазымды қызметтегілер де бар. Олар да алтын жалатылған қорапта өмір сүріп, бірдей маршруттармен жүреді. Оған қоса, өзін дүниенің тұтқасын ұстап тұрған, ненің дұрыс екенін анық білетін адам ретінде сезінеді. Бұл ретте ең бақытты адамдар – орташа табысы бар, еркін кәсіп иелері. Оларда күнкөріс қамына алаңдамауға ақша жеткілікті, саяхаттауға да мүмкіндік бар. Саяхаттай қалса да, қайда жүргенін түсінуге білімі жетеді. Сондықтан, әр адамның өмірін бірсарынды қалыптан өзгертуге тырысқаны дұрыс.

Пропаганданың тағы бір айқын белгісі – үгіт-насихаттың тым агрессивті болуы. Сол арқылы ол адамдарға тегін эмоциялар береді. Адамдарға аса мән бермейтін мәселелер бойынша пікірлерді таңуда тиімді болатыны да содан. Жеке адам бұл ақпараттық соғыста бір жақты таңдап, соған жанкүйер бола алады. Одан адамның өзіне келіп-кетер ештеңе жоқ. Ал, авторитарлық пропагандаға тыңдаушының үнсіз келісімі ғана қажет. Адам қарсылық көрсетпеуі, «анық ақиқатқа жету мүмкін емес, бәрі өтірік айтады» деген әсерде қалуы керек.

Саясат тақырыбындағы үздіксіз ақпараттық соғыстың зияны көп. Тіпті, саяси көзқарастар салдарынан ажырасулар да орын алып жатады. Әлеуметтану саласындағы зерттеулер көрсеткендей, көбіне үш мәселе – ақша, тұрмыстық қиындықтар мен саяси немесе идеологиялық көзқарастар отбасының бұзылуына жиі себеп болады екен. Сондықтан адамның жеке өмірі үшін де саяси көзқарас маңызды.

Ал, саясатқа мүлдем қызығушылық танытпау одан да қауіпті. «Саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген қағида бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Азаматтардың соншалықты деградацияға ұшырап, тіпті өздерін кімнің қалай басқарып отырғанына бас ауыртпауы – авторитарлық биліктің ең үлкен арманы. Себебі саясат – билікті бөлу. Егер адамдар саясатқа қызығушылық танытпаса, талқыламаса, онсыз да шексіз ресурсқа ие адамдар тобы ойына келгенін істеуге мүмкіндік алады. Ешкімнің пікірімен санасудың қажеті болмаған соң, олар барлық шешімді өздері қабылдап, барлық игілікті өзара бөліседі. Бұл ел болашағы үшін өте қауіпті. Сондықтан, әрбір азамат үшін саяси мәдениет пен сауаттылықты арттыру – басты мақсат болуы тиіс.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<