Аққұм ауылында өнегелі өрендер өсіп келеді

816

0

Жалағаш ауданы Аққұм ауылдық мәдениет үйінде «Қыз- ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Оған Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет, Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Манат Алмашева, аудандық және ауылдық округтердегі Аналар кеңесінің төрайымдары, көп балалы аналар мен жас келіндер қатысты.

Қатысушылар кітап және салт-дәстүрден сыр шертер көрмені тамашалады.

Шараның шымылдығын Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет ашты. Ол республикалық «Аяулы ана» байқауынан бірінші дәрежелі диплом иеленген Мауыты Қабылбектің әжесі Бақыткүл Арысбаеваға алғысын білдірді. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен еліміздің бетке ұстар тұлғасына айналған перзентті өсіргені үшін «Білім-өркениет» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы атынан Құрмет грамота мен «Алтын алқа» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ бүгінгі мазмұнды шараға сәттілік тіледі.

Дөңгелек үстел аясында аудан бойынша отбасы құндылығын насихаттау мен арттыру бағытында атқарылған ауқымды жұмыстар слайд арқылы көрсетілді.

Өз кезегінде облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова ұлттық тәрбие негізінде сөз қозғады. «Бүгінде көптеген ата-ана отбасын асырау, бар-жоқты түгендеуге баса назар аударып, бала тәрбиесі шеткері қалып келеді. Аналар кеңесі осы мәселе бағытында жұмыс жасап, жаңа жобаларды жүзеге асырып, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында кездесулер ұйымдастыруда»,-деді.

Шара барысында аналар тарапынан өнегелі ойлар мен құлақасар пікірлер айтылды. Ана туралы және отбасына байланысты бүгінгі күні туындап жатқан мәселелерді талқылау, оларды шешу жолдары ұсынылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<