Кешегі кеңес заманында ұлтымыз көп құндылығын ұмыт қалдырды десек, егемендік алған тұста да әдет-ғұрпымызға жасалып жатқан шабуылдардан көз ашпай жатырмыз.
Тәуелсіздік алған тұста есеңгіреген елді ес жинатпау мақсатында жан-жақтан түрлі діни ағымдар ағылып келе бастады. Олардың бар мақсаты қазақты қатарына тартып, болмысынан ажырату еді. Әсіресе, деструктивті діни ағымдардың әрекеті үлкен қарқынмен жүрді. Ислам атын жамылған олар өздерінің түпкі жымысқы ойларын жүзеге де асырып үлгерді. Салдарынан елімізде қаншама адам псевдосалафизм, уахабаизм, тәкфиризм сияқты ағымдардың жетегіне еріп, алды елімізде террорлық әрекеттер жасап, өзге елдерге соғысқа аттанды.
Еліміз етек-жеңін жиған соң дін мәселесіне араласу қажет екенін түсінді. Халықтың тура жолдан таюының алдын алу мақсатында 2013-2014 жылдары облыстарда Дін істері басқармалары мен Дін мәселелерін зерттеу орталықтары құрылып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізе бастады. Жұмысты одан әрі жетілдіру үшін 2015 жылы жергілікті әкімдіктер жанынан мемлекеттің дін саясатын түсіндіру топтары жасақталып, елмен етене жұмыс істей бастады.
Алайда, мемлекеттің дін саласындағы саясатын ұқтыратын ақпараттық топ дін мәселесін түбегейлі шешті деп толық айтуға келмейді. Аталған топ консультативтік-кеңестік орган болғандықтан белгілі бір құзыреті жоқ. Дегенмен, облыс әкімі жанындағы дін саласындағы АТТ мүшелері жұмыла жұмыс жасап келеді. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың ызғарлы суығында да аудан, ауылдарды аралап, жұртшылыққа дәстүрлі дін жайында ұғындырып, радикалды діни идеологияға қарсы тұруға тұрғындарды шақыруда. Мемлекеттік қызметкерлер сияқты тұрақты жалақымен қамтылмаса да мемлекеттің дін саясатын барынша халыққа түсіндіруге тырысуда. Мәселен, АТТ құрылғалы 5 жыл аралықта топ мүшелері облыс көлемінде 10 мың 306 кездесу өткізіп, 360 мың тұрғынды қамтыған. Алайда жергілікті атқарушы органдардың аймағындағы жұмыссыз жастар мен АТТ мүшелерін кездестіре алмауынан, олар өздеріне берілген аумақтағы нысананалы топтарды түгел қамтымауда.
Енді не істемек керек? Халыққа мемлекеттің дін саласындағы саясатын дұрыс түсіндіру үшін және тұрғындар арасындағы тұрақтылықты нығайту мақсатында байырғы Ақсақалдар кеңесі институтын қайта жандандыру керектігі әбден айқындалды. Ауылдық, аудандық жерлерде жас үлкен, ел ішінде беделді тұлғаларды жиып, жастардың, барша тәрбиелік жұмыстарға жұмылдыру қажет. Тура жолдан тайып, ата-баба жолынан адасқандарды да осы ақсалдардың арқасында жөнге салуға бек болады деген үмітіміз бар. Жұртқа жат ағымдарды насихаттап жүрген әсіредіншілдерді де осы институттың көмегімен аластатуға мүмкіндік туады. Ақсақалдардың арқасында ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, құндылықтардың құрметін арттырмаққа ұмтылған абзал.
Ақсақалдар кеңесінің көмегімен діни адасушыларды ғана емес, мал ұрлық, ішімдік ішіп бұзақылық жасағандарды да тезге салуды көздеу керек. Осылай шектен шыққандарды әрбір жергілікті жердегі әулеттің, ауылдың үлкендері ортаға салып, шара көрсе, нәтижелі іс болар еді. Қазіргі бүкіләлемдік дағдарыс жағдайында мемлекеттен қыруар қаржы шығындап, онсыз да қызметте жүрген азаматтарға қосымша жұмыс артпай-ақ, ақпараттық түсіндіру тобын ақсақалдар кеңесі институттарымен бірлесе жұмыс жүргізу әлдеқайда тиімді болары сөзсіз. Ендігі жерде еңбек нәтижелі болсын десек, ел ішінен еге тапқан жөн.
Ерқанат СӘРСЕНБАЙ,
облыстық ішкі саясат басқармасы
дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<