Кеше облыстық кітапханада қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, сатираның хас шебері Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 120 жыл толуына орай «Туған елдің жүрегінде» атты дөңгелек үстел жиыны өтті.
Жиында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтылып, әдеби мұрасын жастарға танытуға баса назар аударылды.
Ардагер-журналист Қайырбек Мырзахметұлы ақын Асқар Тоқмағамбетовтің сол замандағы олқылықтарды сынға алған сатиралық жанрдағы өлеңдерін оқып, осындай өткір мінезімен шектен шыққан «шекпенділерді» орнынан тайдырып, есесіне, өмірден өз орнын таппай жүрген талай адамға шарапаты тигенін айтты.
Қоғам қайраткері, ардагер Сәпен Аңсат сөзінің барысында ақын шығармашылығына арқау болған мәселелер бүгінгі қоғамда да өте өзекті екенін, қазір қай салада болмасын, сыни көзқарас жетіспейтінін айтты.
– Дәл бүгінгі сыбайлас жемқорлық жайлаған қоғамды сын садағына алатын Асқар сынды ақын болмай тұр, – деді.
Облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа қоғамдық бірлестігінің» төрағасы, қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев ақын Асқар Тоқмағамбетовтің ғасырлық құрылыс «Түрксіб» туралы жазған терең толғанысты туындысынан үзінді оқып, ондағы еңбек көрінісі шеберлікпен суреттелгеніне тоқталды. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері, А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны Жәнібек Махамбет биыл 120 жылдығы аталып отырған ақынның туған жерінде ауқымды іс-шара ұйымдастырылып жатқанын, соның шеңберінде жастар арасында өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталатынын атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының өкілі, ақын Қаршыға Есімсейітова дарынды ақын, қарымды қаламгер, сатира саңлағы Асқар Тоқмағамбетовтің қазақ әдебиетіндегі айшықты орнын атап өтіп, «Ақын рухымен сырласу» атты өлеңін оқыды. «Ұстаз мәртебесі» газетінің және «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы ақын мұрасы кеңірек насихатталып, оның ішінде қоғамның оң-терісіне баға беретін сатира жанрын қайта жандандандыру қажет екенін айтса, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің әдіскері Ғабит Кәдірбай ақынға арнаған жүрекжарды жырын оқып, көпшілікті тәнті етті.
Асқар Тоқмағамбетовтің қызы, ардагер-ұстаз Аягөз Асқарқызы ақынның әрбір туындысынан туған жерге шексіз сүйіспеншілігін, өзі өмір сүрген қоғамға адал қызметін, жас ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілігін айқын аңғаруға болатынын атап өтті. Жыр шумақтарынан үзінділер оқылғанда, ақынның жан сарайының кеңдігі, әділдігі, тапқырлығы, сөз саптауының бөлек екені байқалды.
Іс-шара аясында «Қазақ сатирасының саңлағы – Асқар Тоқмағамбетов» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылды.
«СБ» ақпарат





