Ар жағалаған аға

52

0

Адам өмірінде жақсы мен жаманның, ізгілік пен қатыгездіктің ортасында өз таңдауын жасаумен жүреді. Яғни, бір жағы тегіс, екінші жағы жаза бассаң, құз болатын жардың жағасында жүретіні белгілі. Бұның қиындығы жақсылыққа қарай басқан мыңдаған қадамыңды теріс басқан бір қадамың құзға тартары анық.

Екі жолдың айырмасын ажырата білуде зейіннің орны көрінеді. Ал оның қуаты ақылда. Ондай адам үнемі ар мен адалдықтың қылшылдаған жүзінде жүреді. Адамның ақылы сөзінде, нұры көзінде болса керек. Адамгершілікті болу адамды нұрландыратынын байқаймыз, сеземіз. Бірақ адамгершілікті болудың оңай емес екенін толық сезіне бермейміз де. Осындай ойларымның дұрыс-бұрыстығын елге танымал адамдардың жекелеген қасиеттеріне үңіле отырып салыстырмалы зерделегенді жақсы көремін. Өзіңді тану үшін өзіңді зерделеу жеткілікті болса, адамдарды тану үшін олармен араласу керек. Өз әдетіме сәйкес қызығушылық тудырған ағамыздың бірі Жарылқасын Шәріповтің тұлғасы. Жақаң көпшілікке тән қоғамда мойындалған мінез-құлық иесі болғанымен, ол өзінің табиғи болмысын көптің мүддесімен үйлестіре алған адам. Адамның сөзі емес, өнеге болар өмір ұстанымдары сендіре алады. Адам жоғары өрлегенде аяғын тірейтін тастар болғанымен, шыңына жеткізетін басты өзі.

Өмір деген кеңістікте біреуді мақтаймыз, біреуді даттаймыз. Біреудің кемшілігін айтып ғайбат та сөйлейміз. Біреудің жақсылығын ай­тып марқаямыз. Алайда жақсылығын айту мен жөнсіз мақтаудың ара-жігін ажырата білу де­ге­німіз қиынның қиыны деп ойлаймын. «Ол керемет адам», «жақсы адам деген осын­дай» сияқты тұжырымдардың бәрі оң бағаға са­на­лады. Оны айтушының өзі ол адамды жақсы адам деп білетінін меңзейді. Сондықтан да бү­гінгі кейіпкеріміз Жарылқасын Шәріповті айт­қанда менің өз ойымдағы, менің түсінігімдегі Жақаңды жеткізгім келеді.

Кезінде Ататүрік «Адамның байлығы жина­ған мүлкінде емес, оның жеке басының адами қасиеттерінде» деген екен. Жарылқасын есімі – «жарылқа» (молшылық келтір, тоқшылыққа жеткіз, береке бер) және «сын» (тілек, ниет) сөздерінен құралады. Большевизмнің қитұрқы саясатынан халқымыздың жартысын жойған аштықтың, қудалаудың зары еңсені езіп, сұ­рапыл соғыс басталар жылы дүниеге келген сә­биге ауылдағы ағайындар ақылдаса келе, өзі­нен бұрынғы балалар шетіней бергесін де Құдайдан тілек тілеп, «Құдай осы баланы, елді жарылқасын» деген ырыммен Жарылқасын деп атаған екен. Кейбір зерттеушілер тартымды есімдер, басқа адамдарда жақсы ассоциация қалыптастыратынына байланысты ол адамның өмірде табысқа жетуін арттыруға себеп болу ықтималдығы бар екенін айтып жүр. Шынында, Жарылқасын ағамыздың өмір жолы да елге адал қызмет етіп, жақсыға ұмтылумен келеді екен. Жарылқасын сөзі қазақ үшін жақсылықты шақырумен тең. Ал жақсылық – адамгершілік пен арлылықты сипаттайтын жалпы ұғым.

Жақсылық ұғымы арқылы басқаларға жа­ғымды болатын құбылыстар қалыптасады. Жақ­сы қасиеттері арқылы адамды бағалауға мүмкіндік аламыз. Менде барынша араласқан адамдардың жақсы қасиеттерін көруге тыры­сып, өз бойыма сіңірсем деп келемін. Біршама адамдар туралы жазғандарымды уақыт өте келе қайта қарауға мәжбүр боласың. Бізге Жа­қаң, ал кішкентайынан ата-анасы, ағайын-туыс, ауылдастар арасында Жәке аталған аға­мыз жөнінде тұрақтылық бар. Өйткені аға­мыз­дың өзін-өзі басқаруы мен мінез-құл­қына аса жауапкершілікпен қарайтындығы қызық­тырады.

Жарылқасын ағамыз өз естелік кітабында «Жалпы алғанда қандай қоғамда өмір сүрсең де адамның бойындағы туабітті қасиеттер не­месе керісінше бойға сіңген сыйымсыз теріс қылықтар бүкіл өміріңде өзіңе жолдас болатын қоғамдық пікір қалыптастырады, сонымен ба­ға­ланатын боласың», – деп жазады. Бұл тұжы­рымы өмірлік ұстанымы болса керек. Жалпы адам болмысының өлшемі ақылы екеніне қарсы бола қоймаспыз. Ал академик Ғарифулла Есім «Ақылға қатысты ана тілімізде мынадай ұғымдар бар, олар: ақыл, парасат, зейін, дана­лық, зерде, зеректік, пайым» деп жазады.

«Үй танымай, ел таныған», табиғатынан адам­шылығы мол болып өскен Жарылқасын аға­мыздың тегіне үңіліп көрейік. Ұлы дала тәжі­рибесі бойынша, тектілікті бойына молынан сіңіре білген ұл ғана елге аға да, пана да бола алады. Ол алдымен әділдік пен адалдықтың туын биік ұстап, сертіне беріктігімен, еңбек­қор­лығымен тұлғаланады. Сталиндік әкімшіл-әміршіл қатаң саясаттың зорлығымен жақсы­ларымыз атылып, қудаланып «құрқылтай ба­сына, тұрымтай тұсына» кеткен заманда, жы­лы тектілікті сақтау қасиетімізге күн туғанда оны жоғалтпай жалғастырар жауапкершілік Жақаңның замандастарының мойнына түсті. Олардың ішінде бай-кедей деп тапқа бөлмей жанына жұртты жия білетін тектілердің ұр­пағына артылды. Осы жерде «Тектен нәр алған тозбайды» дегендей тектілік анықтамасына байланысты сөздікке жүгінелік. Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің парасаттылық үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани са­бақ­тастықпен берілуі деп түсіндіріледі. Текті­лік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қа­лып­тас­пайтынын, ата-бабалардан берілетін дү­ние­­танымдық, ділдік, психологиялық, т.б. бе­йімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Бұл жерде ата-бабасының лауазымына, байлығына байланысты ұстаным жоқ. Сонымен қатар ғы­лым бойынша, кез келген адамның өзін үнемі тәрбиелеп, жетілдіріп отыруы да маңызды. «Қандағы бар тектілік шықпай қоймас «еп» қылып» дегендей алдыңғы буын ағалары мен басшылардың көп тәлімін алып өскендігі болар, кезінде Қазақстандағы ең жас директор атанған. Ешқашан лауазым қумаса да, қай қызметте болсын адал еңбекпен абырой жинайды.

Тіршіліктегі қадамдарын өз еркінен тыс пайдалы жаққа бұратын белгісіз бір тылсым күш бар деп сенетін Жақаңның тектілігінің көрінісі, барынша қарапайымдылығы мен жүзінен ұс­там­дылық, мейірбандық, үлкендік өнегесінің лебі сезіліп тұратындығы. Тектілігінің тағы бір белгісі ұрпағының тәрбиесінен байқалады. «Тү­біне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» дегендей әулеттің өзіндік қадір-қасиеті мен беделі бүгінде айқын. Ұлы Амантай қанша рет билік сатысымен көтерілуге ұсыныс болса да зиялылықты, ғылымды таңдады. Оның ішінде ұлтымыздың ар-ұяты мен намысы болған Алаш қайраткерлерінің рухын жаңғыртып, бү­гінгі ұрпақ бойына ұлттық рухты сіңіруге барын салып жүр. Қазағымыздың маңдайына біткен қайраткерлерді зерттеп-зерделеу үшін де тек­тілік керек. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ба­ла­ны бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнінде көрген өнеге» деген сөзі өмірден алынған. Жақаң қанша ұстамды, сабырлы, жүзі ашық, тілі жұмсақ болғанымен әрекеті батыл. Сең қозғалғанда оңайлықпен қозғалмайтын ағамыз Сыр өңірінің намысы таразыға түскенде аянып қалған емес. Бірақ бір уақытта шындық пен жалғандық, әділет пен әділетсіздік тар­тыс­қа түскенде «көкпарды сыпайылықпен тарт­пай­тыны секілді» «мендігін» көрсете алады. Тек­ті адам тақтан түссе де, тектіліктің атынан түспейді.

Кезекті бір тексеру қорытындысы бойын­ша, облыстық атқару комитетінің төраға орын­басары Д.Яковенко Қазалы аудандық ауыл ша­руашылығы басқармасының мал шаруа­шылығы жөніндегі орынбасары О.Мұстафаев пен ауданның бас мал дәрігері Қ.Тауасаровты жұ­мыстан босататын болыпты.

– Дмитрий Кириллович, онда мені де жұ­мыстан босатыңыз, басталған жұмысты бұлар­сыз аяғына жеткізе алмаймын, – дейді ғой Жа­қаң.

Облыстағы жоғары лауазым иелерінің бірі ретінде ондай сөзді күтпесе керек.

– Бізді менсінбей отырсың ба? Онда сені обкомның бюросына апарамын, – дейді Д.Яко­венко.

– Қайда апарсаңыз да өзіңіз біліңіз. Осы екі кісімен бірге мен де жұмыстан кетемін, – деп ағамыз алған бетінен қайтпайды. Артынан мәселе әділдікпен шешіліп, екі маман жұмысын жалғастырады.

Тектіліктен ажырамаудың бір белгісі – нәп­сіге ие болу. Өйткені нәпсісіне ие бола алмай пендешілікке ұрынған адамдар тексіздіктің шырмауына маталады. Адам тән мен жаннан құралса керек-ті. Адам тәнінің мәні оның нәп­сісінде деп түсінемін. Тән мен нәпсіні бөле қа­рау да мүмкін емес. Адам дегенді қанша зерт­тесек те, нәпсіні соншалықты зерттейміз. Нәпсіні адам сапасының өлшемі деп қарасақ та болар. Жарылқасын ағамызға қатысты түсініктерді тәуба, қанағат, шүкіршілік, ризашылық секілді ұғымдар аша түседі. Қанша жыл лауазым ие­леніп, қызмет етсе де жоғарыдағы ұғымдарға аса мән беріп қарауымен ерекшеленеді. Өмір­де адамгершілік ережелерінен аттап өте ала­тын адамдардың жағдайы адамгершілік қа­ғи­да­ларын қатаң ұстанатын адамдардан ар­­ты­­ғырақ болатыны жөніндегі көп мысалға куә болып жүрміз. Адамгершілік тұрғысынан эго­изм мен қоғамға ұнамды мінез-құлықтың өзара ке­лі­сімінің озық үлгісін көрсете алу да арлы адам­ның белгісі деп білгеніміз жөн болар.

Өзін-өзі сыйлайтын, өзгеге сыйлата білетін адамдардың басым бөлігі қолда барына қа­нағат жасайтын, оны қадірлеп, қастерлеп ұс­тайтынын Жақаң секілді ағаларымыздан үнемі байқаймын.

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жыл­дығы еліміз үшін ию-қиюы көп кезең болды. Қалыптасқан дәстүрлі өмір тіршілігіміз күрт өзгеріске ұшырады. Осындай кезеңде елдің бірлігін сақтап қалу өте маңызды еді. Жерге егелік пен жұмыста жүйелілік кете бастаған кезде елден киелілік кетпеуінің жолын іздеді. Қазалы ауданының алғашқы әкімі ретінде Жақаң жұртты жұмылдыратын үлкен бір істі қолға алады. Ол қазақтың ұлттық батыры Жан­қожа Нұрмұхаммедұлының рухын жаңғырту шарасы еді. Шара жұмыссыздық белең алып, қаржы жетпей «әйел ерге, ер жерге қарағандай» жағдайда баба рухымен жұртшылықтың ын­тымақ-бірлігін нығайта түсудің үлкен үлгісі болды. Осындай елдің бірлігі бекем болып, тірлігіміздің жемісті болуына деген ізгі ниет ұстанымы Жақаңды қашанда ар жағалаған аға деп айтуға ықпал етеді. Екі бірдей қоғамдық формацияда өмір сүрген ағамыз қандай жағдайда да адамгершілік қасиет жоғары болатынын ісімен де, сөзімен де дәлелдеп келеді. Бұрынғы жинаған ұпайларымен мысыңды басамын деп ойлайтын емес, болашаққа көбірек сенім, үміт арттырар ағаларымыз көп болсын. Жер бетіндегі әрбір пенде немен айналысса да, өз миссиясын орындайды деп түсінер болсақ, Жарылқасын Шәріпов адамдық, адалдық жолындағы ағалық миссиясын ар-ұятымен атқаруда деп түсінемін. Жүз жасаңыз, Жарылқасын аға!

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты