Архив үйінің жағдайы алаңдатады

387

0

Архив үйінің жағдайы алаңдатады Шиелі аудандық архив үйінің қазіргі жағдайына тұрғындар алаңдаулы. «Мұрағат мұнтаздай әрі өз құндылығына сай болуы қажет. Әрбір дерек – адам өмірінің көзі. Сондықтан олардың бүлінбей сақталғаны жөн. Ал олай етуге, қазіргі мұрағат орналасқан үй сай емес, біз осыған алаңдаймыз, осыны баспасөз құралы арқылы жеткізгіміз келеді» дейді олар.

Әр хаттың, әр ұсыныстың артында адам тұр, әрқилы тағдыр бар. Баспасөздің басты міндетінің бірі – халық пен биліктің арасында алтын көпір болып, қай мәселенің де оңтайлы шешілуіне себепші болу. Жоғарыдағы дабылға сай аудандық архив үйін өзіміз де барып көрдік. Ақиқатын айтқанда, кешегі қоғамдық өзгерістердің қиын шағында, дәлірегі 1997 жылы №219 Шиелі кентінің түстік бетіндегі Ы.Алтынсарин мектебінің бұрынғы жылыжайын аталған мекемеге ғимарат етіп бейімдеп бере салған екен. Жағдай жақсарғанда тәуірлеу жерге орналастырармыз, әзірге амалдай тұрарсыздар деген болуы керек.  Атқан оқтай зымыраған уақыт емес пе, одан бері де зырғып 22 жыл өте шығыпты. Дүние алапат өзгеріс үстінде, алысқа ұзамай-ақ қоялық, кешегі күндері базары тарқады деген шеткі елді мекендер де ел дамуының нәтижесінде қайта түледі. Жолы асфальтталған, көшесінде шамдар жанып тұр. Таза ауыз суы – анау, мектебі мен медпункті мынау. Кейбірінің клубының өзі қаладағыға бергісіз. Тек, Шиелінің архив үйі ғана өзгеріссіз, жүдеген күйі…  

Мұрағат директоры Е.Дүйсен­баевтың мәлімдеуінше, аудандық архивте 40 мыңға жуық құжат сақталып тұр. Еңбек Ерлерінің, осы өңірден шыққан басқа да атақтылардың құжаттары, суреттері осында. Басқа да аудан тарихына қажетті құнды құжаттар баршылық. Ескі ғимараттың тарлығынан көптеген мекемелерден сақталуға тиісті құжаттарды қабылдап алуға архивтегілер қазір қауқарсыз. Жылда мұрағат қызметкерлері өз күштерімен сылап-сипап жөндегенімен ескі үйдің аты бәрібір ескілігін көрсетеді. Оның үстіне күзгі-көктемгі жауын-шашын кезінде шатырдан су тамшылайды. Ызадан келер қауіп те аз емес. Сондай-ақ, ең қиыны – қор сақтау қоймаларында жылу жоқ. Мұның салдарынан құжаттар көгеріп, ылғал тартып, нормаға сай сақтау мүмкіншілігі төмендеген. Бұл өз кезегінде тарихи құжаттардан айырылу қаупін күшейте түсері анық. Және де мұрағат үйінің кенттің бір қиыр шетінде орналасуы халықтың мұнда келіп-кетуіне қиындық туғызады. Бұл жерде талапқа сай қосымша құрылыстардың болмауы да мәселенің күрделілігін көрсетеді. Осы жағдайлардан аудан басшылығы хабардар болса да, аталған мекемені өзге ғимаратқа көшірудің ретін әзірге келтіре алмай жүрген сыңайлы. Әрине, мұнан өзге де кимелеген шаруалар аз емес. Дегенде, енді шегінер жер қалмаған секілді, архив үйінің жағдайы тіпті сын көтермейді. Тұрғындар тарапынан тектен-текке дабыл көтеріліп отырған жоқ. Айтпақшы, мекеме директорының айтуынша, «Көкшоқы» шағын ауданындағы бұрынғы моншаны немесе жедел жәрдем қызметінің ескі ғимараты босаса, көрерміз деген әңгімелер болған секілді. Алайда, ол айтылған үйлер мұрағат сақтау талаптарына сай келе қоймайтын сияқты. Сондықтан аудан басшылығына бұл іске ыждаһатты қарап, жанашырлық танытатын кез келген секілді. Архив үйі орталыққа жақын орналас­тырылып,  ғимарат талапқа сай жабдықталса, халықтың қызмет алуына да тиімді болар еді. Өйткені, құжат  өмірлік құндылық емес пе?!

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Шиелі кенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<