Өткен ғасырдың 50 жылдар басында ауыл-ауылға радио желілері тартылып, қалың ел радио торабынан алуан түрлі хабарлар, шалқыған ән мен күмбірлеген күй тыңдап, жандарына рухани азық алған. Оқта-текте ауылға әртістер де келетін…
Соғыстың зардабын ауызбірлік пен ерен еңбектің арқасында жеңе білген халықтың рухани жетілуі үшін, мәдениет пен өнердің қажеттілігі айтпаса да түсінікті еді. Әуелі бар ынта-ықыласымызбен тыңдайтынымыз Жамал Омарованың «құлақтан кіріп, бойды алған» қайталанбас әсем қоңыр үні, асқақтата салған әндері еді. Бірнешеуін атай кетсек олар: «Айкөк», «Бипыл», «Қараторғай», «Ләтипа», «Алтай», «Қиын екен қыз дегенің», т.б. Жамал апаның әншілігіне ешкім таласа алмайды. Өз басым мұндай дауысты, мұндай сұңғыла нақышты әуенді ән әлемінен бұрын-соңды естімеген болармын… Енді тақырыбымызға келейік.
Жамал апамыздың ізін ала тыңдаушысын әсем әнімен тербеп Рабиға Есімжанова шықты. Бұл әншінің де салған әндерін құмарта тыңдадық. Әсіресе менің әжем риза болушы еді. Әжемнің де есімі Рабиға болатын. Бірде кешкілік радиодан: «Алматыдан сөйлеп тұрмыз, Рабиға Есімжанованың орындауындағы халық әндерін береміз», – деді диктор.
Әжем: «Келіңдер, тыңдаңдар», – деп мені және қарындасым Шәкизаданы қасына шақырып алып, отырғызып қойды. Ән әуеледі. «Басында биік таудың мұнары бар» деп басталған кербез ән қайырмасына келгенде:
«Ақша маңдай, қара көз,
Өзіңіздей бекзат жоқ
Тым болмаса
хат пен хабар сөзің жоқ» деп жеделдете берді.
Сөйтсек, бұл «Әпиток» деген ән екен. (Затаевич нотаға түсіргенде бұл әнді Әсет Найманбаевтікі деп көрсеткен.) Әрі қарай тағы бір әнді «Қамысы Әупілдектің мүше-мүше, сарғайдым осынау көлдің суын іше» деп шырқағаны санамда қалған. «Әупілдегі» несі? деп ойлаған, сол бала күнімдегі тыңдаған жұмбақ әннің бастапқы екі қатарын әлі күнге ұмытпаппын. Сол жолы Рабиға Есімжанова «Гауһартас», «Ләйлім шырақ», «Тау ішінде» әндерін де айтқан еді. («Тау ішінде» Сәкен Сейфуллиндікі ғой).
Рабиға Есімжанова кім? Енді соған келейік. Ол 1914 жылы Ақмола облысы, Қорғалжың ауданындағы «Талдысай» деген жерде дүниеге келеді. Көз көргендердің айтуынша, Рабиға өнер қонған әулеттен. Атасы Бабақтан төрт бала – Сейітжан, Қосымжан, Досымжан, Есімжан туады.
Бабақтың өзі ән салғанда дауысы алты шақырым жерге жетеді екен. Рабиға сол Бабақ ақсақалдың Есімжаннан туған жалғыз қызы. «Рабиға апамызды бәрі: әжесі, әкесі, анасы Тайкен ерте жасынан ән салуға баулыған» дейді немере сіңлісі Сәуле Досымжанова. Дерек көздерден білгеніміз, бұл шаңыраққа өнер қонған. Осы ретте композитор Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» деген кітабының 335-336-беттерінде былай деп жазады. «Бабақтан тараған балалардың бәрі өнер иелері еді. Олар Бабақтың ордасын ән мен жырға бөледі. Есімжаннан туған Рабиға Қазақстанға белгілі әнші болды…».
Енді маған бала күнімде жұмбақ болған «Әупілдекке» аз-кем тоқталайық. «Әупілдек» көлдің аты екен. Жаңсақ айтылып жүргендей «Әупілдек» халық әні емес, әннің авторы Рабиға Есімжанованың нағашысы Мақажан Шитенұлы деген жас жігіт болған. Сөзі мен сазы гармониялық үйлесім тапқан сағыныш ән. Мәтіні мынадай:
Қамысы «Әупілдектің» мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Барар ем қалқатайға әлденеше.
Еріксіз «Әупілдекті» мекен еттім,
Жасым жас, жиырмаға жаңа жеттім.
Айырған ғашықтарды аңыратып,
Ісіне бар ма шара құдіреттің…
1925 жылы әкесі Есімжан өмірден озып, Рабиға Досымжанның тәрбиесінде болады. Ән қанатына ілескен Рабиға 17 жасында, яғни 1931 жылы Алматыға келеді. Себебі, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебековтермен қатар жүрген, өзі әнші, өзі композитор әкесінің ағасы Қосымжан Бабақов Рабиғаға осылай ақыл берген.
Рабиғаның өнер жолына түсуіне Қосымжан Бабақовтың көп ықпалы тиген десек қателеспейміз. Қосымжан Бабақовты әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов ерекше бағалаған деседі… Сәті түсіп Рабиға театрға жұмысқа орналасады.Үлкен қалада ешкімі жоқ, бірақ болашағы бар жас қызды Күләш Байсейітова өз қамқорлығына алып, 3 жыл Рабиға Күләштің үйінде тұрады. Күләштан көп нәрсе үйреніп, өнерге машықтанған, оның үстіне әртістік қабілеті жетерлік Рабиға Есімжанова «Еңлік-Кебекте» Еңліктің ролін, «Айман-Шолпанда» Айманның ролін ойнайды… «Айман-Шолпан» пьесасы Алматы халқының қызығушылығын тудырып, бір күнде екі рет қойған кездерінде Күләш апасы екеуі бір көйлекті кезек киіп шығып, Айман образын келістіре сомдаған ғой.
Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітов өзінің «Құштар көңіл» атты естелік кітабында: «Күләштің де, Рабиғаның да атағын «Еңлік-Кебек» шығарды» деп жазады.
Рабиға театр директоры Орынбек Бековпен бас қосады. Сәл кейінірек Мәдениет министрлігі Орынбек Бековты Семейге жаңа театр ашуға жібереді. Рабиға Есімжанова күйеуімен бірге барып, Семей театрында да ерекше құрметке бөленеді.1938 жылы Орынбек Беков ұсталып, репрессия құрбаны болып атылып кетеді де, Рабиғаның басына «халық жауының әйелі» деген қара бұлт үйіріледі. Бас сауғалаған ол туған жері Қорғалжыңға қашып келіп, мектепте ән-күйден сабақ береді. Сабағының тартымдылығы сондай, құдды концерт сияқты етіп өткізетін болған. Қолы бос ата-аналар, мұғалімдер барып, тыңдап отырады екен…
Бірде Қорғалжың ауданында партия жиналысы болады. Жиналысты аудандық партия комитетінің хатшысы Раббани Мұхамедияров өткізеді. Жиналыстың соңында қатысушылар Рабиғаның ән салуын сұрайды. Әрине, халық тілегі орындалады. Рабиға бірнеше әнді келістіре шырқайды. Әншінің қоңыр үні аупартком хатшысының назарын өзіне аударады. Көңілі құлаған әншіге Раббани сөз салып, екеуі көп ұзамай отау тігеді…
Қай жерде де, қай кезде де көре алмаушылар табылады ғой, Раббанидің үстінен арыз түседі. Арызда «Аупартком хатшысы бола тұра «халық жауының» әйеліне үйленді», – деп жазылған.
Раббани Мұхамедияров бірінші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты екен. Бұл арыздан қалай құтылады? Әрі қарай оқиға былай өрбиді: «Мен Есімжановаға үйленбес бұрын, ол күйеуінен 6 ай бұрын ажырасып кеткен, – деп түсінік береді Мұхамедияров. «Мұны кім растайды?» дегенде, растап куәлік етушілер Раббанидің қасынан табылады. Олар сол шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің депутаттары Күләш Байсейітова мен Шара Жиенқұлова еді. Осыдан соң Раббани Мұхамедияров Қарағанды облысы прокурорының орынбасары қызметіне ауыстырылып, екеуі осы қалада біраз жыл тұрады.
Раббани Мұхамедияров Қазақ ССР прокурорының орынбасары қызметіне көтеріліп, олар енді Алматыға көшіп келеді. Рабиға Есімжанова Қазақ радиосына әнші болып орналасады. Әнші бұл жерде 1946 жылдан 1960 жылға дейін қызмет етеді. Қазақ радиосының алтын қорында Рабиғаның 40-қа жуық әні, біршама әңгімелері мен естеліктері бар көрінеді.
1960 жылы жолдасы Раббани Мұхамедияров қайтыс болады. Рабиға апамыз «Қазақконцертке» ауысып, өмірінің соңына дейін осында жұмыс жасаған. Ол гастрольдік сапармен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ауылдық жерлерге көп барған. Гастрольға шыққанда жас әншілерді қасына ертіп, оларға аналарындай қамқорлық жасайды екен. Әсіресе Бағдат Сәмединованы өзіне жақын тартып, шәкірт етеді. Әуелі «Секіртпе» деген әнді үйреткен. Өзінің бір естелігінде Бағдат Сәмединова «Алғашқы гастрольдік сапарымда Рабиға апамызбен бірге өз ауылы Қорғалжыңға бардым. Мұнан кейін ауыл-ауылды аралап концерт бердік. Барлық жерде мені «бұл менің қызым, кішкентай қара қызым» деп таныстырып отырды. Халық бізді өте жақсы күтті, құрметтеп жағалай қонақ етті. Сол бір сәттер менің әлі көз алдымда тұр… Апайдың аңқаулығы да бар еді.
Бір жылдары ақша инфляция болып, 30 сом ақша 3 сом болып қалған… Апай жұмысқа №30 автобуспен барады екен. Аялдамаға келіп сәл тұрғанда №30 автобус келіп тоқтайды, бірақ апай отырмайды. Жан-жағындағы адамдардан «Мен бұрын отызыншы автобусқа отыратын едім, енді 3-ші автобусқа мінем бе?» деп сұрағанда жұрт ду күлген ғой…».
Рабиға Есімжанованың көзін көріп, тәрбиесін алған өнер иесі Күлшара Есетова «Ол кісі өте қарапайым еді. Ел аралап концерт қойғанда, «Қазақстанның халық әртісі» атағы бола тұра бізбен бірдей, біз қалай болсақ апайымызда сондай болатын. Рабиға апай ешқашан ақшаға қызығып концерт берген емес. Ұстазымыздың 70 жылдығында ол кісіні ортамызға алып, Алматы халқына керемет концерт бердік. Айтайын дегенім, сонда Рабиға апай «Секіртпе» деген әннің алғашқы шумағын өзі орындап, екінші шумаққа келгенде Бағдат Сәмединова әнді бір тон жоғары көтеріп жіберіп қайырды. Көрермендер сатырлата қол соқты. Жалпы, Бағдаттың түрі, дауысы, ән салу мәнері Рабиға апасына ұқсайтын» деп еске алады.
2014 жылы күміс көмей әншінің 100 жылдық мерейтойы өзінің туған жері Қорғалжыңда аталып өткен. Жан-жақтан халық көп жиналып, туған-туыстары, өзінің шәкірттері келіп естеліктер айтып, балуандар белдескен, ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылған. Әнші көзі тірісінде ешқашан Қорғалжыңнан қол үзбепті.
Жылма-жыл келіп, концертін беріп, өнерге бейімі бар жастарды ертіп әкетіп, тәрбиелеген. Жалпы Қорғалжың елі құт-береке қонған, қазақ халқының салт-дәстүрлерінің қаймағы бұзылмай сол қалпында сақталған қасиетті топырақ, мұндағы айна көлдер мен мөлдір бастауларға дейін сыңғырлап күй шертіп жатқандай әсерге бөлейді. Бұл өңірден талай-талай өнер тарландары шыққан. Құлтума ақын, әйгілі «Дударай» әнінің авторы Үлебай Әнетов, Мәриям Жагорқызы, белгілі қылқобызшы Дәулет Мықтыбаев, композитор Кенжебек Күмісбеков осы жердің тумалары. Қазақ елінің өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып Арқаның ән еркесі атанған Рабиға Есімжановаға «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», «Қазақстанның халық әртісі» атақтары беріліп, «Құрмет белгісі» орденімен наградталған. Қорғалжың ауданында балалардың ән-күй мектебі, Астана қаласының сол жағалауындағы бір көше Рабиға Есімжанованың атымен аталады.
2024 жылы Рабиға Есімжанованың 110 жылдық мерейтойы Қазақстанның төрт облысында, яғни Ақмола, Қарағанды, Семей, Алматы облыстарында кең көлемде аталып өткен. Атақты әнші 1986 жылы 72 жасында дүниеден озды.
Рабиға Есімжанованың орындаушылық шеберлігі жөнінде белгілі қаламгер Бексұлтан Нұржекеев: «Рабиға Есімжанова қазақ әншілерінің ішінде ұлттық бітімі айрықша айшықталып тұратын әнші. Оның үніндегі ұлттық нақыш қайталана бермейтін сирек қасиет. Рабиғаның дауысында ақыл мен парасатты, сүйсіну мен таңдану сезімдерін түгел баурап алатын алапат құдірет бар. Оның қазақы үні сонау ерте кезден сақталып қалған, келе-келе сомдалып, бүгінгі күнмен сабақтасып жатқан тарихи әуен секілді» депті.
Темірбек ЕСЖАНОВ,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





