Арзан тауық етінің жартысы сумен толтырылады – Максим Божко

287

0

Арзан тауық етінің жартысы сумен толтырылады - Максим БожкоҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко құс еті мен құс өнімдерін таңдау бойынша бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін құс өнімдері сапалы және 100% қауіпсіз.
«Кейбір тұтынушылар отандық өнімдерден сәл арзан болғаны үшін көршілес елдердің өнімдерін сатып алады. Мәселен, ЕАЭО бойынша серіктестеріміздің тауық еттері Қазақстанға арзанырақ бағамен келеді. Ал оның жалпы салмағының 15-30 процентін сумен толтырып, мұзға қатырып әкеледі. Тұтынушы алданбауы үшін және суға артық қаражат шығындамауы үшін Қазақстанның қатырылмаған тауық еттерін алуға кеңес береміз, – деді Максим Божко Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, қауымдастық басшысы отандық өнімдердің артықшылықтарын атап өтті.
«Біріншіден, ҚР АШМ Ветеринарлық қызметі мен ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті отандық өнімдерге үнемі тексеру жүргізіп отырады. Сондықтан олар сапалы және 100% қауіпсіз. Ал Қазақстанға келетін импорттық өнімдер сол елдің ветеринарлық сертификатымен келеді де, оларға Қазақстан тарапынан қосымша тексеру жүргізілмейді», – деді ол.
Екіншіден, отандық өнімді таңдау арқылы қазақстандықтар сойылғанына көп уақыт өте қоймаған дәмді тауық етін ала алады. Қазақстанның барлық өңірінде дерлік жұмыртқа және тауық еті фабрикалары бар және мұзға қатпаған, жай ғана суытылған тауық етін алуға болады.
«Қатырылмаған тауық еті 5 күнге ғана жарамды болды және оны шетелден тасымалдау мүмкін емес. Үшіншіден, біздің құстар өз жерімізде өскен дәнді дақылдармен, экологиялық таза жем-шөппен қоректенеді. Сондықтан, отандық тауарды таңдаған әлдеқайда тиімді», – деп өз сөзін түйіндеді Максим Божко.
Айта кетейік, 2018 жылдың  маусым айында ҚР АШМ құс тұмауы тіркелген Ресейдің 36 құс фабрикасының өнімін әкелуге тыйым салған еді. Қазан айында бұл тыйым тағы ұзартылды.
Максим Божконың айтуынша, Қазақстанның құс фабрикаларында құс тұмауы тіркелген жоқ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<