Жыл бұрын пандемия деп жарияланған індет біз ойлағаннан да ұзаққа созылуда. Бірде бәсеңдеп, бірде өршіген коронавирус көңілдегі күдікті сейілтпей тұр. Жұрттың ойы – вирус жұқтырып алмауда. Ниет дұрыс, дегенмен нақты қадам да керек. Індет күшейгенде «тезірек вакцина табылса екен» деп едік, «екпе егу басталды» дегенде сенімсіздік те бас көтерді. Сан сауалдың болуы орынды. Қазір COVID – 19-дың бетін қайтарудың екі амалы бары жиі айтылуда. Бірі – екпе егу, екіншісі – жаппай локдаун жариялау. Бірақ екіншісінің қолайсыздығы, жұмыс орындарындағы өзгерістер, оқшаулану, кәсіпкерлік нысандарының жабылуы адамдар тіршілігіне де, экономикаға да тиімсіз екені бірден байқалды.
Әлем қауіпсіздікті күшейтудің жолын ғылым мен цифрлы технологиядан іздеуде. Бұған қатысты елімізде де жаңалық бар. Қаңтарда үш қаланың кәсіпкерлік нысандарына пилоттық режимде енгізілген «Ashyq» жобасы Сыр елінде де іске қосылды.
«Ashyq» коронавирустан қалай қорғайды?
Жобаның мақсаты – кәсіпкерлік нысандарында коронавирустың таралуына жол бермеу, қауіптің алдын алу. Қарапайым түрде айтсақ, бұрын орталыққа кірер алдында тек дене қызуымызды өлшеп, антисептикпен қарсы алса, енді арнайы QR код арқылы ковид-статусымызды анықтайды. Ол үшін кәсіпкер «Ashyq» жобасына қосылған болуы керек. QR код тек бизнес субъектісіне беріледі. Ал келуші өзінің телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп алғаны дұрыс. Сонда қосымшаның көмегімен телефон нөмірі бойынша авторизациядан өтіп, ЖСН дерегін теріп, өзінің бұл орталыққа келгенін растау үшін нысанның QR кодын сканерлейді. Бар болғаны 2-3 минуттық жұмыс. Сканерлеген соң, телефон экранына нәтиже шығады, оны әкімшіге көрсетесіз.
Келуші ПТР тест тапсырып, вирус анықталған болса, мобильдік қосымшада қызыл түс, егер науқас адаммен байланыста болған болса, сары түс көрінеді. Мұндайда орталыққа кіре алмайсыз. Ал, егер сізде індет белгісі болмаса, базада ПТР тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен болса, жасыл түс жанады. Ал көк түс шықса, бұл статусқа ПТР міндетті болып саналатын орындардан (мысалы әуежай) басқа жерлерде жүріп-тұруға шектеу қарастырылмаған. Демек, телефоныңыздағы қосымша жасыл немесе көк түсті көрсетсе, әкімші дене қызуыңызды тексеріп, нысанға кіруге рұқсат береді.
Егер клиенттің қолында смартфон болмаса немесе қосымшаны жүктеу қиындық туғызса ше? Мұндайда қызметкер келушінің ЖСН-і арқылы нысанға кіргенін тіркеп алады.
Осы орайда, «қосымша статусты қалай белгілейді?» деген сұрақ туындайтыны рас. Мәліметке сүйенсек, cтатусты ақпараттық жүйелермен сәйкестендіру негізінде ПТР зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы және Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 басқару орталығы береді.
Ең бастысы, бұл қосымша – отандық өнім. «Ashyq» мобильді қосымшасын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен отандық ІТ компания жасаған.
Ковид-статус қай нысандарға барғанда керек?
Осы айда облыста алғашқы кәсіпкерлік нысан жобаға тесттік режимде қосылды. 13 сәуірде облыстың Бас санитарлық дәрігері шығарған қаулыда «Ashyq» жобасы аясында компьютерлік клубтар мен боулингтерге жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Айта кету керек, пандемия салдарынан еркін жұмыс істей алмаған кәсіпкерлік салаларынан басқа, өткен жылдың наурызында жабылғаннан кейін іске қосылмаған бизнес орталықтары да бар. Соның бірі компьютерлік клубтар еді. Сондықтан ұсынысты алғашқы болып қабылдаған кәсіпкердің бірі – Жасұлан Әбуов.
Кәсіпкер басқаратын «IGame» компьютерлік клубына барып, мобильді қосымша арқылы статус анықтап көрдік. Жасұлан Әбуовтың айтуынша, карантин жұмысқа едәуір шығын әкелген. Өткен жылы енгізілген төтенше жағдайдан соң 15 адамды жұмыспен қамтып отырған клуб қызметін тоқтатқан. Ғимараттың иесі 2 ай жалдау ақысынан босатқанымен, кейін кәсіпкер ғимараттың ақысымен бірге кейбір қызметкерлердің де жалақысын төлеп келген. Шамамен 8 млн теңгедей шығынға ұшыраған. «Ashyq» жобасына қосылғаннан кейін ғана бір жылдан астам уақыт жабық тұрған клубтың жұмысы қайта жанданды.
Облыста мұнан өзге 6 кәсіпкерлік субъектісі жоба бойынша тесттік режимде қызметін бастады. Олардың үшеуі компьютерлік клуб болса, қалғандары – «Жібек жолы» кинотеатры, балалар бассейні және боулинг орталығы.
Енді боулинг, компьютерлік клубтар «Ashyq» жобасына қосылған болса ғана келушілерге есік аша алады.
– Кәсіпкерлердің жобаға деген қызығушылығы жоғары. Себебі кей кәсіпкерлік субъектілері эпидахуал күрделеніп, өңір «қызыл аймаққа» түскен жағдайда да жұмысының тоқтамағанын қалайды. «Ashyq» жобасының негізгі мақсаты да осы – кәсіпкерлерге кедергісіз жұмыс жасауға мүмкіндік беру, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Медициналық дерек құпия сақтала ма?
Жоба туралы естігендердің көпшілігі бұл адам құқығына қол сұғу болып саналмай ма, «ПТР тесттің нәтижесі, вирус жұқтыру туралы ақпарат дәрігерлік құпия емес пе?» деген сауал қояды. Палатаның сайтын қарағанымызда бұл сұраққа «Жоқ, өйткені қосымша ерікті саналады, ЖСН дерегі келушінің келісімімен енгізіледі. Бұдан бөлек, Денсаулық туралы кодекстің 273-бабына сәйкес «құпия мәліметтерді адамның келісімінсіз беру айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері кезінде рұқсат етіледі» деп жазылған. Ал, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлнұр Құрмантаевамен сөйлескенімізде, медициналық мәліметтер сыртқа таратылмайтынын айтты.
Кәсіпкер не үшін шығарылуы мүмкін?
Жобамен танысқасын, егер кәсіпкер өз мүддесі үшін келушінің статусын QR-кодпен тексермей-ақ нысанға кіргізуі мүмкін ғой деген ой келді. Қадағалау кімнің міндеті? Палатаның сарапшысы бұл орайда жобаға қатысушы кәсіпкерлік нысандарды мониторингтік топ тексеріп отыратынын атап өтті. Мониторингтік топ жобаға қатысуға қойылатын талаптардың бұзылу фактісін анықтаған жағдайда және нысан келушілерді 3 күннен астам уақыт тексермесе, кәсіпкер жобадан шығарылады. Бұл ретте олардың жұмысы да тоқтайды.
Көк статус нені білдіреді?
«Ashyq»-қа қатысты мынадай да пікірлер бар. Егер осы уақытқа дейін ПТР тест тапсырмасаңыз, базада болмасаңыз, QR кодты сканерлегеніңізден кейін көк статус шығады. Демек, орталыққа кіре аласыз. Бірақ адам өзі де білмеуі мүмкін. Бойында вирустың жасырын белгілері болса ше? Көк түс жанғанымен, келуші сол уақытта ауырып тұрған болса деген ойымызды маманға айттық. Ол жауапты қызметкер келушінің дене қызуын да өлшейтінін алға тартты. Сондай-ақ, бұл мобильді қосымша бақылаудың бір түрі ғана екенін жеткізді.
Антонина Масленникова есімді тұрғын да «Бүгін ПТР тест тапсырдым, нәтижесі жақсы, ал ертеңіне ауырып қалдым. Бірақ «Ашық» қосымшасында маған жасыл статус беріледі. Бұл қалай болғаны? Әлде белгілі бір кезеңде тест тапсыру керек пе?» деген пікір қалдырыпты.
Қосымшаға қатысты осындай екіұдай пікірлер де бар.
Басқа елдерде бар ма?
Шет мемлекеттер де мұндайда қамсыз отырмайтыны белгілі. Біздегі қосымшаның басқа елде аналогы бар ма деп іздеп көрген едік. Бүгінде QR код қолдану практикасы Оңтүстік Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең қолданыста. Балама құралдар басқа елдерде де қолданылуда.
Уикипидия дерегінше, індет басталысымен вирустың таралуын төмендету үшін шет елдер түрлі ресми мобильді қосымшаларды іске қоса бастаған. Олар негізінен ауру ошақтарын анықтауға көмектеседі. Айталық, Австралия өткен жылдың сәуір айынан бастап COVIDSafe қосымшасын іске қосты. Сол сияқты Бахрейнде – BeAware Bahrain, Колумбияда – CoronApp, Сингапурде – TraceTogether, Норвегияда Smittestopp қосымшалары пайдаланыла бастады.
Не десек те, бұл қосымшалар – қауіпсіздікті күшейтудің бір тәсілі. Отандық өнім де көрінбейтін жаумен күресте көмек берері анық, дегенмен, жетілдірер тұстары бар секілді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<