Ашыққанда

1101

0

Көктемгі күннің шұғыласы ой-шұқыры көп Челябі жолын жарқыратып тұрды. Степан жолдың жиегіндегі құрғақ жерлермен жүріп келе жатты. Қарсы кездескен арбалардың түрі адам көргісіз: бұл жерлерде арбамен де, шанамен де жүру мүмкін емес еді. Мұндай жерлерде үстіне жүк тиелген арбалар бірнеше сағат бойы тұрып қалады.

Бірі көктемгі еріген қардың суы жиналған, енді бірі қарайыңқыраған құрғақ жерде тұр.
Биыл көктем ерте түсті. Арбамен келе жатқандар Степанды екі рет тоқтатып, қарға батып кеткен арбаны шығаруға көмектесуін сұрады. Әрине, мұндай ірі денелі кісіге бұл түкке тұрғысыз нәрсе еді. Степан арбаға үнсіз жақындап келіп иығымен итеріп көріп еді, ештеңе өнбеді. Басын шайқап әрі қарай кетті. Ол әбден қалжыраған еді… Арбадағылар да мұны сезді, бәрі де таңғала қарап қалыпты.


– Аға, саған не болған? – деді бәрі жамырай.

– Түріңе қарасаң, тау қопа­ратын сияқтысың, ал күшің қатыннан да төмен!

– Енді… Бар күшімді салып-ақ жа­тырмын… – Степан ешкімге қарамауға тырысты. –

Мазам да болыңқырамай тұр.

– Алыстан келіп пе едің?

– Жоқ… Әнебір жерден солға бұрыл­саң, менің деревням. «Морошкино» деп аталады.
Олар бір-біріне қарап бастарын шайқады: жолдың екі бетін түгел аштық жайлаған, демек, бұл да аштықтан қал­жыраған. Мүмкін, байғұстың нәр татпа­ғанына үш-төрт күн болған шығар… Ал Степан бұлардың қасынан тезірек кетіп қалуға тырысты: ол өзінің осы әлсіздігіне қатты қорланды. Ол, шынында, бірнеше күн бойы нәр татпаған болатын. Тіпті аштықтан әрең тәлтіректеп жүріп келе жатыр еді. Жүріп келе жатып көзінің алды қайта-қайта қарауыта берді. Степан құрғақ жерге отырып демалып алды. Қаншама күн жылы, жайлы болғанмен мазасы жоқ. Қалжырағаны сонша, осы­лай отырып өліп кетсе де риза еді…


Арбаға мінгендерден басқа арагідік жаяу жүргіншілер де кездесіп қалып отырды. Мойындарына сөмке асынып алған бұлар қалаға күнкөріс қамымен бара жатқан болатын.


– Ағай, қаладан келе жатырсың ба?– деп сұрайды қарсы кездескен мұжықтар.


–Қаладан, – деп жауап береді бұл.


– Ол жақтан жұмыс табыла ма?


– Ол жақта ешқандай жұмыс жоқ. Алты апта бойы жұмыс табылмай, босқа сандалдым. Енді қайтып бара жатырмын. Көктем келді, енді жерді жырту керек. Әйтпесе, кеш болады.


– Мұның дұрыс. Тот басқан жалқау соқа сенің жеріңді өзі келіп жыртып бермейді. Сонымен, жұмыс табылмады дейсің бе? Онда маңдайыңа жазғаны сол болғаны да…


– Бәрі де солай, ешкім жұмыс тапқан жоқ. Қалада өз жұмысшылары да жеткілікті. Тек қар күреу, отын бұтау сияқты бірдеңелер бар, оған су ішесің, нан жейсің. Ал нағыз жұмыс жоқ.


Әңгіменің тақырыбы бір-ақ нәрсе болды; аштық, жұмыс, тамақ табу. Нан да, бидай да, пішен де жоқ. Ештеңе жоқ. Қаншама мал сойылды, бәрі Рождествоға дейін таусылған еді. Тіпті, арзан бағаға сатылған жылқы да өтпеді. Степанмен сөйлескен адамдар оның қалада жұмыс жоқ дегеніне сенбеді; шенеунік пен байлар тұратын қалада жұмыс болма­ғанда қай жерде болады.


– Бекер әуре болатын болдыңдар, – деді Степан.


– Құдайдың басқа салғанын көрер­міз, қайырымды жан! Жетіскеннен бара жатқан жоқпыз…


Степан үлкен жолдан сүрлеуге түскен кезде бойы жеңілдеп қалғанын сезді: ең болмаса, аш адамдарды көрмейді.
Морошкино жазық жермен жүрсе – отыз, ал Пеньковка арқылы жүрсе, қырық шақырым жер. Үйге жақындаған сайын бойыңды қуаныш билейді, тек тезірек жетер ме еді. Онда не болып жатыр екен? Халық әбден қажыды, қыстың түрі мынау.
Пеньковкаға жақындаған кезде Степан алдында кетіп бара жатқан жас жігітті қуып жетті. Ол қолындағы таяғын сермей, қарыштап жүріп бара жатты.
Бұл балаң жігіт Морошкино дерев­нясының адамы болып шықты, аты – Серёжка.


– Серёжка, қайдан келе жатырсың?


– Қаладан, – деді бозбала көтеріңкі дауыспен. – А-а, бұл сен бе едің, Степа? Мен әдепкіде танымай қалдым. Сен де қаладан келе жатырсың ба?


– Иә, қаладан.


Серёжка өзінің балаң, қоңыр көз­дерімен Стёпаға барлай қарап қойды. Сосын еш себепсіз күлімсіреді. Бұл жас шамасы он төрттегі орта бойлы, бетін секпіл басқан, кәдімгі деревня баласы еді. Қалалықтарша киінуге тырысыпты: жыртық пиджак, жыртық етік, пүліштен тігілген жыртық шалбар. Ал көйлегі ақ сисадан тігілген, оны Екатеринбургтегі халық ығы-жығы базарлардың бірінен алған еді.


– Неменеге мәзсің? – деді Стёпа қабағын түйіп.


– Жай, әшейін. Әдепкіде қорқып кеттім: соңымнан біреу қалмай келеді, қарасам, өзіміздің деревняның адамы. Сіз болғаныңыз қандай жақсы, бірге қайтамыз. Зауыттың тұсынан өтетін кезде қатты қорықтым: өзі жолдың бойы, халқы да дөрекі.


– Қорқатын несі бар, балақай?


– Өзім де білмеймін. Пеньковкаға түнеп шығайық, сосын таңертең ерте­мен Морошкиноға тартып кетейік. Дерев­нямды сағындым, тіпті жүгіріп кеткің келеді.


– Жүгіріп кете бер, кім сені ұстап тұр?


Серёжка тағы үнсіз қалды. Оның қуанышы Стёпаның жүрегіне ауыр тиді. Аштықтан әбден қалжыраған Степан оған жақтырмай қарады.


– Сен қалада не істедің? – деп сұрады Степан қатқыл дауыспен.


– Мен поптың ат айдаушысы болдым. Күздігүні бардым, алғашқы қар түскенше жұмыс істедім. Поптың өзі сияқты аты да кәрі. Өзі сараң, күңкілдей береді. Әдепкі кезде қатты қиналдым, кетіп те қалғым келді. Бірақ біздің деревнядан пішен шабуға келген адамдар «жұмысыңды тастама, деревняны аштық жайлаған, соңына дейін шыда» деп ақыл берді.


Осылай әңгімелесіп келе жатып, бұлар жолдың қалай қысқарғанын байқамай қалды. Тіпті Пеньковканы біреу бері жақындатып қойған секілді.
Пеньковка Көлді деп аталатын өзеннің жағасына орналасқан үлкен деревня болып шықты. Бұл жерде бұрын өмір қайнап жататын, енді тып-тыныш; үйлерде кәрі-құртаң кемпір-шалдар ғана қалыпты. Ал ер-азаматтар отбасын асырау қамымен жан-жаққа кеткен.
– Бұл жерге де аштық жетіпті, – деп қояды Серёжка жүріп келе жатып.
– Силантийға кіріп, қонып шығуға рұқсат сұрасақ қайтеді?
Силантийдің үйі бері жақындау жерде болып шықты, мұнысы бұларға тиімді болды. Степан үнсіз келіскен, тіпті бұған қай жерге қонса да бәрібір. Үйде екі-ақ адам: кемпір мен келін ғана.


– Басқа бір үйге барып қонғандарың дұрыс болатын еді, – деді кемпір.


– Шаршадық, әже. Мүмкін, сен тамақтан қиналып тұрған шығарсың, біз тамақ жемейміз, ертең үйден ішеміз.


– Иә, иә, сол ғой мені қинап тұрған: өзіміз тамақты күнара ішеміз. Ана ба­лаларды қарасаңшы, нан сұрап жылап жатыр. Бұл да Құдайдың ісі шығар.


Қайда барсаң да тып-типыл, ештеңе жоқ. Мынау Серёжка ма?
– Василиса әже, мен, Серёжка ғой.
Бұлар ішке кірді, ырымын жасап дұға қайырды, содан кейін сәкіге жайғасты. Силантийдің жағдайы әжептәуір сияқты еді, үйдің ішіне кіргесін тіпті тіршіліктің нышаны байқалмады. Жас келінді Степан танымады, әбден жүдеген, әйтпесе, ол да Морошкинода Степанмен көрші тұратын. Оның бұл жерге келін болып түскеніне төрт жылдай болды. Үйге кіргесін Серёжка тіпті тым-тырыс қалды. Мойнындағы сөм­кесін бұрышқа қойды да таңғалған түрмен жан-жағына қарады.


– Жұмыс іздеп шыққанмын, Василиса шеше, – деді Степан мұңайып. – Тек бекер әуре болыппын.


– Ең болмаса, өзің тоқ болған шығарсың, үйіңде ол да болмас еді ғой.


– Үйді уайымдадым, шеше. Оларды ойлаған кезде көзіңе жас үйріледі: олар аш отыр, ал бұл жақтан беріп жіберетін ештеңе жоқ. Бір күн жұмыс істесең, үш күн бос жүресің.


– Сендердің Морошкиноларыңда да қиын болып тұр ғой. Мына Матрёна келін өткен аптада үйіне барып қайтқан еді, тіпті жаман болып тұр дейді. Бәрі де аш, әйелдер балаларына ештеңе тауып бере алмай жатыр. Бәрі де арасына бір күн салып, әйтеуір бірдеңе жейді. Бәрі де аш: біреулер жүріп келе жатып құлап қалады. Бұрындары жүн-жұрқамен шошқаны тамақтандыратын едік, енді ол да жоқ.
Осылай ананы-мынаны айтып отырып, ештеңе жеместен, ұйықтауға жатты.
Степан орын табылғанына қуанышты еді.

Тақтай төсекке Степанмен бірге Серёжка да жайғасты.


– Сен, поптың күшігі, байқа, мен ерте тұрам, – деді Степан. – Ұйықтап қалма.


– Сен мені оят: бірге жүрейік, көңіл­дірек болады.


– Сенің содан басқа білетінің бар ма, ақымақ?


Осылай жатып бірталай сөйлесті. Оның үстіне Серёжка қалада поптың үйінде қалай күн кешкенін айтты, оған қоса алты сом жалақы алғанын да ұмытқан жоқ.


– Шешең қуанып қалатын болған екен, – деді Василиса шешей, – көрдің бе таршылықта өсіп ең, жігіт болыпсың. Бұл да Құдайдың қарасқаны.


– Мен зауыттың қасына келген кезде қорықтым, – деді Серёжа сөзін жал­ғастырып. – Ол жердегі адамдар қор­қы­нышты, одан басқа жолдың бойында да аш адамдар кезіп жүр. Егер менде ақша бар екенін білсе, тірі қалуым екіталай еді.


– Иә, иә.


– Степан да қорқытты: артыма қарасам, біреу тақап келіп қалыпты.


Бұл әңгімеге Степан араласқан жоқ, тек оқтын-оқтын күрсінумен болды. Серёжка алып келе жатқан алты сом оған маза бермеді. Өзінің бос келе жатқанына ұяттан жерге кірердей болды. Бұл әрі ұят, әрі қорлық еді. Ал мұны үйде жоқшылық күтіп тұр. Әйелі болса қаладан ақшамен оралады деп отырған шығар, оның арғы жағында бақшадағы өнім де пісіп қалады, картоп, бұршақ дегендей. Сөйтіп, нанға да қол жетер. Нан демекші, тұқым да жоқ, нан қайдан болсын, ат та аш тұр.
Үйдегілер әлдеқашан ұйықтап қалған, ал Степан көз ілмеді. Серёжканың ақшасы есіне түссе, жүрегі дүрс-дүрс соғып кетеді. Рас, алты сом көп ақша емес, бірақ мынадай уақытта әжептәуір дүние. Міне, сондықтан Серёжка көңілді, ал бұл үйіне не бетімен бармақ. Ойына неше түрлі ойлар келді, бірақ ойы қайта-қайта Серёжканың ақшасына тіреле берді. Степан өзінің бұл ойынан қорқып бірнеше рет дұға оқымақ болды. Сережка қасында ұйықтап жатыр, сөмкесі бас жағында, қолыңды созсаң болды, ақша сенікі, ал да бара бер.


Степан өзінің бұл ойынан терлеп кетті. Мұздай болған тақтай төсекте жатса да терлеп кетті. Түнімен дөңбекшіді. Таң атқасын күндегі әдетімен Василиса шешей от жағуға келген кезде бұл да орнынан тұрып жинала бастады.


– Серёжканы неге оятпадың? – деп сұрады кемпір. – Кеше ол саған оят деп тапсырып еді ғой.


– Оятқанмын, тұрмайды. Артымнан қуып жетер.


– Жолдан әбден шаршаған ғой, – деді кемпір. – Мейлі, жата берсін. Соңыңнан қуып жетер, жиырма шақырым деген не. Степан, неге түнеріңкісің?


– Шеше, мазам болыңқырамай тұр. Таза ауаға шыққасын кетеді ғой.


Кемпір бұл сөзді өзінше түсінді, демек әбден ашыққан, бар болғаны сол.
Аяғын әрең сүйретеді, қажыған. Барлық ер азамат солай. Мұның несі жақсы?!


– Мен Серёжканы оятайын, – деді кемпір Степанды қақпаның сыртына шығарып салып тұрып. – Жақсы, бала.
Степан ештеңе деген жоқ, түнде мазалаған ойлардан қашқысы келгендей, тез адымдап жүріп кетті. Артына бұрылып қараған жоқ, тіпті кемпірге рахмет те айтқан жоқ.


– Әй осының мұнысы тегін емес-ау, – деді Василиса күбірлеп, Сөйтіп бірден Серёжканы оятуға кетті. Оның ойында Серёжканың ақшасы жоқ деген күдік болды. Серёжка өзінің алты сом ақшасын түгел санап шыққан кезде Василиса демін бір-ақ алды: бұл аш адам туралы бекер арам ойлаған екен.


Степан өзіне таныс жолмен жүріп келе жатып күнәһар бола жаздаған же­рімнен Құдайдың өзі құтқарды. Тез кетіп қалғаным қандай дұрыс болған деп ойлады. Әйтпесе, шайтан түрткені рас еді ғой: қолыңды созсаң болды.


Бір жағынан кемпір де күйбеңдеп жүріп алды, әйтпесе, күдік бірден бұған түсетін еді. Жоқ, қайткенмен кетіп қалғаны дұрыс болды. Тек, қарны қатты ашты, мына таныс деревняда бір тілім нан сұрап жеу ұят еді, мұның түрін бәрі танитын. Ол соңғы рет нанды зауытта жеген болатын, оны сол жердегі жәмшіктерден сұрап жеген еді. Бір жағынан ұят та қысты, бір жағынан таныс емес адамдар, ешкімге айта қоймайды.
Жарты жолға келген кезде Степан әбден қалжырады, аяқтарын тәлтіректеп басып келе жатты. Қырсыққанда еш­кім кездесе қоймады. Күн жоғарыға кө­терілген, денеңді қыздырып, балбы­ратады. Жатып тынығып алар ма еді. Жақын маңда пішен сақтайтын сарай көрінді. Степан демалу үшін соған келіп кірді. Ішіндегі саңылтырдың үстіне құ­лай кетті де көзін жұмды, көз алдына Серёжканың бейнесі келді; бейне бұған қарап күліп тұрды.


– Құдай, өзің сақтай көр! – деді Степан күбірлеп.


Ұйқысыз өткен түн өзінің дегенін қылды. Ол бұл сарайда қанша ұйықта­ғанын білмейді, бірақ әлдебір дауыстан оянды. Жолмен біреу келе жатты, өзі ән салып келеді. Есіктен басын шығарып қарап еді – Серёжка.


– Әй, көксоққан, неменеге мәз бо­лып әндетіп келесің? – деп айқайлады Степан.


– Бұл сен бе едің, Стёпа? Ал мен сені үйге жеткен шығар десем.


– Жете алмадым. Демалып алмақшы болып отырып едім, ұйықтап кетіппін.


– Әлі демаласың. Жүрейік!


– Дұрыс, Серёжка. Жүрейік.
Олар жүріп кетті, Серёжка алда, Степан соңынан келе жатты.


– Ал маған Василиса шешей сені кетіп қалды, өзі көңілсіз деді. Аяп жүр.
Василисаның аты аталғанда Степан­ның денесі дір ете қалды, әлдебір ойлар миын шарпып өтті. Шынында, ол үйден бұрын шықты ғой…


Содан кейін Серёжканың мүрдесін орманның ішінен тауып жатса, кім өлтіргенін қалай табады. Степанның тұла бойы тағы қалтырап кетті. Құдайым-ау, не болып кетті өзі? Басы айналды, көзінің алдында бірдеңелер қарауытты. Ал Серёжка алдында кетіп бара жатыр, мойнында сөмкесі. «Оның ақшасын тартып алу керек» деген ой келді басына. Бірақ үйіне барғасын айтып қояды, сосын Степанды түрмеге жабады. Тағы басы айналды, тағы көзінің алды қарауытты…


– Серёжка, қайда асығып бара жатырсың, сайтан алғыр?


Серёжка тоқтаған кезде күліп қарап тұрған Степанды көрді.


– Бері келші!


Серёжка жақындап келгені сол еді, басына тиген соққыдан ұшып түсті.


– Стёпа, саған не болды? – деді Серёжка жан даусы шығып.


Бірақ бұл сөздер Степанның құла­ғына жеткен жоқ. Тек Сережканың алқы­мынан алды да қылғындыра бастады. Се­рёжканың тыпырлаған денесі сәлден соң тым-тырс қалды. Степан оның мойнындағы сөмкесін жұлып алды да жүгіре жөнелді. Соңынан Серёжка қуып келе жатқандай көрінді. Тіпті «Степан, сен не істеп жатырсың?» деген сөздері де құлағынан кетпеді. Жарты шақырымдай жүгіргесін әбден сілесі қатты. Мүмкін, мұны біреу көріп қалған шығар, оның үстіне Серёжка жолдың үстінде жатыр. Біреу үстінен шығып қалса, ізін суытпай мұны тауып алады. Степанның есіне өлген адамды байлап тастамаса, өлік өзін өлтірген адамның соңынан қалмайды екен деген сөзі түсті. Жан-жағына алақ-жұлақ қарады, содан кейін жаңағы жерге қайтып келіп, Серёжканы таяу тұрған қайыңға сүйреп апарды, сосын оған өзінің белбеуімен байлап тастады. Осыдан кейін басқа жолмен өзінің деревнясына қарай жүріп кетті.


Серёжканың мүрдесін бір жетіден кейін тапты, бұл кезде мүрде бұзыла бастаған еді. Степан бұл әңгімені естіген кезде сыр берген жоқ. Серёжкамен бірге болғанын, Пеньковкада бірге түне­гендерін айтқан жоқ. Тергеуші келіп, іздеу салғанмен, ештеңе өнбеді. Ал Степан күнұзақ үнсіз, ойға батып, түнеріп жүретін болды. Ақыры шыдамады, төртінші күн дегенде тергеушіге өз аяғымен келді.


– Серёжканы өлтірген мен едім, жоғары мәртебелім!


– Неге өлтірдің?


– Аштықтан. Мені сайтан азғырды.
Көзіне жас ала отырып, Степан оған болған оқиғаны бастан-аяқ түгел айтып берді. Бұл әңгімені айтып отырған кезде тыңдап отырған куәгерлер де көздеріне жас алды. Степан жақсы адам болатын. Ешкімге жаманшылық ойламайтын…

Бақтияр МЫРЗАШ.
Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<