Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елдің мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, кері байланыс орнатудың маңызы зор. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы тағы бір маңызды міндет – мемлекеттік мекемелерге кіру, мәселелерді шешу жолын жеңілдету. Бұл ретте мемлекеттік мекеме басшыларының қызметтік бөлмелерін бірінші қабатқа көшіру, жергілікті атқарушы органдар қызметіне «Open space» концепциясын енгізу, тұрғындарды «сервистік әкімшілік» форматында ұйымдастырылған бөлмелерде қабылдау қарастырылған.
«Ореn space» –
жүйелі
қызмет көзі
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, өңірде кедергісіз орта қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 60 мемлекеттік мекеме «Ореn space» форматындағы кеңселерде жұмыс істейді, сонымен қатар қазір 10 «сервистік әкімшілік» қызмет көрсетуде. Жаңа форматтағы кеңселер әлеуметтік, құқық қорғау, жастар, кәсіпкерлік салалары мен мемлекеттік қызмет көрсету мекемелерінде ұйымдастырылған. Сондай-ақ, сот төрелігі де өз жұмысын «Ореn space» форматында көрсетуге көшті.
Облыстық, қалалық әкімшілік сот кеңселері бұл жұмыстарды жолға қойды. Әділдікке жүгінушілер қаралып жатқан іс барысы бойынша толық ақпараттарды кеңселерден кедергісіз алуына және кезекші прокурор, адвокаттар мен кәсіби медиаторлардың кеңесіне жүгінуіне мүмкіндік бар. Облыстық сот төрағасы апта сайын ашық кеңестіктегі кеңседе тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдауды жүргізуде. Іс процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуде тұлғалар істерді онлайн көруіне, бақылауына болады. Мәселен, Қазалы, Сырдария ауданының орталықтарында орналасқан мекемелер үйінде жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, аудандық құрылыс бөлімі, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімдері бір ғимаратқа топтастырылып, «Ореn space»-ке көшкен. Ал, қала тұрғындары қабылдауларына бекітілген кестеге сәйкес, жеке мәселелер бойынша алдын ала жазылусыз немесе онлайн жазылу арқылы кіре алады. Облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп, әділдік, парасаттылық, сенім құндылықтарын және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын қалыптастыру, билік органдарының халыққа қызметін ашық кеңістікте ұйымдастыру арқылы кеңінен насихаттау жұмыстарын жылдан жылға күшейтіп келеді.
Артық шығынсыз
қызмет алыңыз
Бүгінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу процесі бұрынғыдан жеңілдетілді. Оның электронды форматқа көшуі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Статистиканы сөйлетсек, облыстағы қызмет беруші мекемелермен былтыр 372 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 6155896 қызмет көрсетілген. Осыған қарап, көрсеткіштің 2019 жылмен салыстырғанда 2454316 қызметке немесе 66,3 процентке артқанын аңғаруға болады.
Ал, электрондық түрде 3748279 қызмет көрсетілген. Жалпы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің, оның ішінде электрондық қызметтердің саны атқарылған жұмыстардың ауқымын байқатып отыр. Азаматтар сұранысының өсуі, сонымен қатар пандемия кезіндегі карантиндік шектеулердің де әсері мемлекеттік қызметтерді ақылы түрде көрсететін орындардың көптеп ашылуына ықпал етті. «Аталған орындарда «электронды үкімет» веб-порталынан тегін алуға болатын қызметтерге делдалдық жасағаны үшін тұрғындардан 500 теңгеден бастап 3000 теңгеге дейін сұралған. Мысалы, кез келген анықтама алу құны – 500 теңге, электронды цифрлық қолтаңба алу, мекенжайға тіркелу – 1000 теңге, балабақшаға тіркеу – 2000 теңге. Бұл қызметтерді артық шығынсыз алуға мүмкіндік бар», – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент мамандары.
Тақырыпты тарқатсақ, біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, тегін қызметті ақылы алады, екіншіден, тұрғындар ЭЦҚ-сын құпия сөздерімен бірге сол қызмет алған орындарға тастап кетеді. Одан кейін сіздің ЭЦҚ қандай мақсатта пайдаланылатыны белгісіз. Бұл мәселе бақылаудан түспеді. Департамент бастамасы негізінде облыс әкімдігінің қолдауымен «Электрондық қызметтерді өздігінен алу орталығы» жұмысын бастап кетті. Орталық осы кезеңге дейін 4500-ге жуық тұрғынға көмекке келген. Аталған орталықта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының мамандары кеңес беріп, сан сауалға жауап беруге дайын. Сондай-ақ, өткен жылы департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша 47 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 222 заң бұзушылық анықталып отыр. Ең көп орын алған факт қатарында стандартта көзделмеген құжаттарды талап ету, қызмет көрсету рәсімдерін, мерзімін бұзу, құжаттар топтамасы толық болмаса да қызмет көрсету бар.
Тұрғындар
мәселесі «Адалдық
алаңында»
шешімін табуда
Жең ұшынан жалғасқан кеселдің ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретіні айтпаса да түсінікті. Онымен қазір әлемдік деңгейде күрес жүруде. Елімізде, оның ішінде өңірде жемқорлықпен күресте қажетті шаралар іске асырылуда. Қоғамдық бақылау жобасы қолға алынған. Соның нәтижесінде «Жасырын сатып алушы» тәсілімен қорғаныс, кеден ісі, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларына бақылау күшейген. Агенттік бастамасына сәйкес, облыс әкімінің қолдауымен «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі де ашылып, тұрмыстық жемқорлықты жою мен оның алдын алу бағытындағы шаралар атқарылуда. Жоба аясында азаматтардың күнделікті тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста болатын 10 салалық бағыт айқындалған. Жобалық кеңсе жетекшісі Жандос Тұсмағамбетовтің айтуынша, жұмыстың негізгі бағыты – қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, сандық технологиялар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу құралдарын енгізу, парасаттылық, адалдық және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаттарын, бизнес-процестерді жетілдіру.
– «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі азаматтармен еркін форматта тілдесіп, мәселесін тыңдауға, конструктивті шешімдердің қабылдануына мүмкіндік берді. Жобаның тағы бір мақсаты – ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету. Өткен жылы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және аудан әкімдері «Antikor.live» жобасына қатысып, тікелей эфирде әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына ашық жауап берді. Ашық бюджеттердің интерактивті картасында облыс бойынша 698 мемлекеттік мекеме 802,3 млрд теңгені құрайтын бюджеттерін жариялаған болатын. Қоғам өкілдерінің қатысуымен 2 баға өсіру фактісі анықталып, қалпына келтірілді. Биыл әр мекеменің кіреберісіне QR код көрсетілген ақпаратты орналастыру жоспарлануда. Бұл сол мекемеге келген әр азаматқа QR кодты сканерлеу арқылы ашық бюджеттердің интерактивті картасында жарияланған бюджетпен тікелей танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпкерлер палатасымен де әріптестік байланыс бар. Ендігі кезекте халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ISO 37001 стандартын өңіріміздің мекемелерінде тарату жұмыстары қарқын алады, – деді Ж.Тұсмағамбетов.
Бұған қоса «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы арнайы мониторингтік топтармен бірлескен істерге серпін беруде. Тұрмыстық жемқорлықты жою мақсатында 2019 жылы әр ауданда жобаны жүзеге асыруға жауапты қызметкерлер бекітілген, ал өткен жылы әр ауылдық округте адалдық елшілері сайланған. Биыл оларды әр елді мекенде қамту жоспарланып отыр. Ол үшін ардагерлер кеңесі, еңбек ардагерлері, еріктілер тартылады, яғни жоба шеңберінде облыстағы барлық 146 елді мекен қамтылады. Аталған шаралар жемқорлыққа төзбеушілікті күшейтуге, оның жолын кесуге үлес қосары анық.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<