ХХ ғасырда қаржы әлемі Швейцария мен Лондонда жұмыс істеп бастаған. Әрі қарай биржа нарығы Нью-Йорк пен Сан-Францискода қызатын. Содан кейін қаражаттар Еуропада қайта жанданатын. Қазіргі уақытта қаржы орталықтары тек батыста ғана емес, шығыс әлемінде де дамып келеді.
Бірақ ондағы халықаралық экономика аясындағы қаржы орталықтарының құрылуы, олардың даму барысы индивидуал әрі түрлі деңгейде. Соның ішінде потенциалы мықтылардың бірі – оңтүстік-шығыс Азияның қаржылық державасына айналған Сингапур қаржы орталығы. Небір сүрлеуден өткен қаржы орталықтарының тәжірибесі Астана Халықаралық Қаржы Орталығына біршама үстемдік берер сөзсіз. Алайда ескерілуі тиіс мәселе көп. Елбасының “Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам” бағдарламасындағы 24-қадамға сәйкес Елбасы Астана қаласында AIFC Халықаралық Арбитраждық Орталығын құру жоспарланған. Бұл қадамның негізгі діңгегі ретінде Дубай тәжірибесі алынған. Алайда халықаралық деңгейдегі қаржы орталығы үшін Азия контингентінің тәжірибесі де артық болмайды. Сингапур Азиядағы бизнес әлемінің мұқтаждығын түсініп, қатарының алды болып бос тұрған орынды тез басты. Бұл мемлекет ең бірінші заң үстемдігін орнатты. Нәтижесінде сингапурлық биржада барлығы заңға қатаң бағынады. Егер әлдекім акциялық аласапыран ұйымдастырып, спекуляцияға бой ұрса, ол бұл елден кетуге мәжбүр болады. Соның арқасында Сингапур бүгінде Азиядағы қаржылық «Швейцарияға» айналды. Тиісінше, ол жақта қаржы айналымы өте белсенді жүріп жатыр.
Қаржы орталығы ретінде Астананың әлемдегі потенциалы қандай? Біріншіден, Еуразияның кіндігіндегі Астана қаласына көршілес елдерде бәсекелес болатындай орталық жоқ. Екіншіден, Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының қазіргі заманда жаңаша дамып жатқан және тек жүктің ғана емес, сондай-ақ капиталдың алапат ағыны жүретін Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкеніне назар аудартады. Үшіншіден, бүкіл Орталық Азияда Астанадан басқа бір де бір бас қала не ірі шаһар «халықаралық қаржы орталығына» айналуға ұмтылып отырған жоқ. Тіпті Қазақстанмен қатар, жаһандық осындай орталық құру бойынша мақсат-амбициясын жер жүзіне жариялаған Мәскеу бүгінде халықаралық санкциялар салдарынан ол райынан қайтуға мәжбүр. Демек, Астана өз артықшылығын ұтымды пайдаланса, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде үстемдік етуі әбден мүмкін. Үстемдік позициясының тек жылдар бойы қалыптасатын репутацияға телінетінін ескерсек, стратегиялық жоспарды пайымды, жан-жақты жасау талабы туады. Айта кету керек, астаналық қаржылық орталықтың бұған дейінгі дүниежүзіндегі насихаты да жақсы жүргізілді. Мысалы EXPO – 2017 халықаралық көрмесіне 112 мемлекет пен 12 халықаралық ұйым қатысты. Солардың барлығы көрме аяқталған соң, оның орнында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) құрылатынынан хабардар болды. Өткен жылы қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдарына арналған баспасөз конференциясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қаржы институттары, ислам банктері осында жұмыс істеуге келіскенін мәлімдеді. – Тек Ұлы Жібек жолының ғана емес, сондай-ақ бүкіл аймақтың қаржы ағыны осында болады. Бұл біздің барлығымыз үшін инновация, жаңашылдық болады! – деп атап өтті Елбасы.
Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Мемлекет басшысы АХҚО-ны Еуразия мен Орталық Азияға «бас қақпа» ретінде айқындағанын айтты. Оған қоса, оны Еуразия өңіріндегі ірі қаржы хабына айналдыру көзделіп отырған көрінеді. АХҚО қызметі аясында 6 басым бағытты дамыту жоспарланып отыр. Олардың ішіндегі ең негізгісі – капитал нарықтарын өркендету. – Қазақстандық қаржы секторы, негізінен, банк институттарының және азаматтармен өзара іс-қимылдың басқа да дәстүрлі құралдарының жұмысына шоғырландырылған. Біз болсақ, «банктік емес қаржылық қауымдастықты» құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз және бұл мәселеде капитал нарықтары Қазақстанның қаржы секторындағы жағдайды елеулі түрде жақсартады, сондай-ақ біздің өңірде қор нарықтарын дамыту үшін аймақтық алаңды түзеді, – дейді орталық басқарушысы. Оның пайымы бойынша, елордамыздағы қаржы орталығының 2 және 3 басымдықтары бір-бірімен тығыз байланысты: бұлар – “жекеменшік және мемлекеттік активтерді, қорларды басқару және жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару”. 4-бағыт – «исламдық қаржыландыру». Қайрат Келімбетов биылғы жылы ислам ынтымақтастығының бірқатар ірі саммиттері әлемде және Қазақстанда өткенін айтып өтті. Оның ойынша, исламдық қаржыландыру бағытында Қазақстанның Орталық Азияда да, жалпы Еуразия өңірінде де көшбасшы ел болуға мүмкіндігі бар. АХҚО қызметінің 5-үлкен бағыты – “жаңа қаржы технологияларын қамту”. – Мемлекет басшысы жақында Қазақстан экономикасын цифрландыру мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізгені мәлім. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы Үкімет жұмысындағы аса маңызды әрі басымдықты бағыттардың бірі болып табылады. Бұдан бөлек, Елбасы АХҚО басшылығына орталықты «жаңа қаржы технологияларын дамыту бойынша жетекші сараптама орталығына айналдыру» туралы тапсырма берді. Бұл бағытта біз барлық жетекші әлемдік ойыншылармен тығыз байланыстамыз, – дейді Қайрат Келімбетов. 6-бағыт ретінде ол «жасыл қаржыландыру» құралдарын енгізу мен дамытуды атады. Осыған орай күні кешегі «Астана EXPO – 2017» жоғары технологиялық алаңы енді жасыл технологиялар саласында зерттеулер жүргізу үшін инфрақұрылымды, ал АХҚО – оның қаржылық құрамдас бөлігін ұсынуы тиіс. Бұл бағыттардың тиісті құрылымдарсыз жүзеге асуы қиын. Әр салаға жеке жауап беретін тұлғалар мен ұйымдар болғаны жөн. Осы мақсатта, АХҚО аумағында ұйым қызметін реттеумен айналысатын бірнеше мамандандырылған орталық құрылмақ. Тиісті институттарды құру шетелдік инвестицияларды тарту үшін аса маңызды болмақ. Осындай маңызды институттардың бірі – біздің орталықтың қаржы ұйымдарының қызметін реттеумен айналысатын Қаржы қызметтерін реттеу комитеті болады. Сондай-ақ жыл соңына дейін Халықаралық арбитраждық орталық пен тәуелсіз қаржылық сот құрылады. Жалпы, мемлекет басшысы Қазақстанда ағылшынның коммерциялық құқығының жүйесін енгізу бойынша теңдесі жоқ саяси шешім қабылдады. Барлық әлемдік қаржы орталықтарының 90 пайызы ағылшындық жалпы құқық жүйесінде жұмыс істейді. Инвесторлар да АҚШ-та, Англияда, Аустралияда және Ұлыбритания империясының құрамына кірген мемлекеттердің барлығында қолданылатын британдық құқықты өздері үшін барынша түсінікті әрі қолайлы көреді. Қазақстандағы сот жүйесінде Еуропада пайдаланылатын «континенталдық құқық» жүретіні мәлім. Қаржы орталығы аясында британдық құқықтың қолданылуы осыған қайшы келмеуі үшін биыл конституциялық реформа аясында Ата заңға тиісті түзету енгізілді. Бұған қоса, Қайрат Келімбетовтың мәлімдеуінше, биылғы жыл соңына дейін АХҚО-ның жаңа биржасы іске қосылады. Ол жетекші биржалық алаңдардың тәжірибесіне негізделген өзін-өзі реттеу шараларына сәйкес жұмыс істемек. – АХҚО-ның технологиялық саладағы стратегиялық серіктесі NASDAQ биржасы болады, ол капиталдануы бойынша әлемде үшінші орынды алады және қазақстандық биржа үшін сенімді тұғырнама-платформаға айналады. Сонымен қатар біздің нарығымызға қаражат тарту үшін тағы бір стратегиялық серіктеспен – Шанхай қор биржасымен келісімге қол қойылды, – деді Қайрат Келімбетов. Оның негізінде шетел инвесторларына қолдау көрсететін мамандандырылған халықаралық виза орталығы құрылмақ. Оның жұмысшы атауы «АХҚО-ның Экспат орталығы» деп белгіленіпті. Себебі, заңнама бойынша «Астана» қаржы орталығы үшін шетелдік мамандарға жеңілдетілген визалық және еңбек режимі енгізілген. Ал «Экспат орталығы» АХҚО-ның шетелдік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері үшін Қазақстанға кірудің қолайлы шарттарын жасады, сондай-ақ оларды егер қаласа, олардың Қазақстан азаматтығын алуына жағдай жасалады. -Тіркелу, салық салу және басқа да мәселелер осында шешіледі деп күтілуде. Бұл Дубай мен Сингапур қаржы орталықтарының тәжірибесі көрінеді. «Халықаралық қоғамдастыққа интеграциялану және шетелдік инвесторлар үшін бизнес жүргізуді жеңілдету мақсатында» біздің қаржы орталығының да ресми тілі ағылшын тілі болмақ. “Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам” бағдарламасындағы 72-қадамға сәйкес, қаржы орталығы аумағында ресми тіл ретінде ағылшын тілін енгізу керек және орталықтың дербес заңдылықтары ағылшын тілінде жасалынуы, қолданылуы тиіс. Астана Халықаралық Қаржы Орталығының басшысы мәлімдегендей 2018 жыл орталықтың Road Show-ына арналады. Бұл өте ауқымды жұмыс: ол АХҚО-ға және Астанада ЕХРО – 2017 өткізу кезінде құрылған алаңға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту орталығына айналуға мүмкіндік береді. Түсіндіре кетсек, орталық Road Show-ы – әлемнің басты қалаларында серіктес болуға ықтимал инвесторлармен және аналитиктермен кездесулер серияларын өткізуді қарастырады. Әрине, бұрынғыларын айтпағанның өзінде, бертінде құрылған, бірақ берік орнығып үлгерген Дубай, Сингапур секілді аса танымал қаржы орталығына айналу үшін Астанаға олардан да тартымды шарттар ұсынуға тура келеді. АХҚО шетелдік инвесторларды қалай тартуға ниетті? Ол жаһандық нарықтарға не ұсына алады? Бұл сұраққа жауап берген Қайрат Келімбетов орталықтың шетелдік инвесторларды жеңілдіктер мен қолайлы жағдайлар жасаумен тартуды көздеп отырғанын айтты. – Астана Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ өңірлерінде, сонымен қатар «Бір белдеу – бір жол» бастамасы бойынша ынтымақтастық бағытында қаржылық және технологиялық хаб рөлін атқара алады. АХҚО аясында инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер Дубай және Абу-Даби тәжірибелерінен алынды. Бізде де корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы бойынша 50 жылға жеңілдіктер болады. Бұл жеңілдіктер дүниежүзіндегі өзге қаржы орталықтарымен бірдей, – дейді орталық басшысы. Оның айтуынша, «инвестицияларды қорғауға және инвестициялық дауларды шешу институттарына қолжетімділікке» ерекше назар аударылатын болады. Бұдан өзге инвесторларға қолайлы визалық қолдау көрсетілмек. Атап айтқанда, қаржы орталығының қатысушыларына және олардың отбасы мүшелеріне қай елден келгеніне қарамастан, 5 жылдық виза ұсынылады. – Инфрақұрылымды, цифрлық экономиканы, дәстүрлі бәсекеге қабілетті кластерлерді дамыту бойынша Қазақстанның жоспарлары да инвесторлардың қызығушылығын тудырады деп ойлаймыз. 2025 жылға дейін 40 миллиард долларға дейін инвестициялар тартылады деп күтудеміз, – деді АХҚО басқарушысы.
Орталықтың цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаева АХҚО-ның қазақстандық қаржы жүйесінде цифрлық технологияларды дамытуға көп көмегін тигізетініне сенімді. Оның тұжырымдауынша, қаржылық технологияларды ілгерілету және оларға дамуға мүмкіндік беретін экожүйені құру АХҚО-ны дамытуға бағытталған бес стратегиялық бағыттың біріне жауап береді. – Қаржылық технологиялар дегенде, көбінесе, дәстүрлі түрде банктер мен өзге де қаржы мекемелері үстемдік ететін салаларда өз қызметін бастайтын стартаптар көзге елестейді. Қазіргі таңда қаржы саласына арналған технологиялық шешімдер нарығы өте қарқынды даму сатысында тұр. Ірі консалтингтік компаниялардың бағалауынша, бүгінде FinTech-индустрияға құйылып жатқан жаһандық инвестициялар көлемі жылына шамамен 25 миллиард долларға жетеді, – дейді ол. Соңғы жылда қаржылық технологиялар компанияларының саны 8 мыңға дейін, ал криптовалюталар саны 800 түрге дейін артты. Бұл ретте іске қосылған криптобиржалардың саны 110-нан асады. Бұл қарқынды өсім екпінді өзгерістердің ұстынына айналады. Осыған байланысты АХҚО да жаңа қаржылық-технологиялық шешімдерді ілгерілетуді және оларды дамытуға мүмкіндік беретін қолайлы экожүйені құруды нысанаға алып отыр. Қазақстанда қаржылық технологияларды дамыту бағытында АХҚО-да негізгі 3 міндет анықталды: бұлар – «криптовалюталар нарығын реттеу», «қаржы технологиялары саласында жаңа технологияларды дамыту, тестілеуден өткізу және қолдау үшін қажетті реттеу «жәшігін» түзу» және «Қазақстанда қаржылық технологиялар стартаптарын қолдауға жағдай жасау». Әсел Жиенбаева АХҚО-ның «бүкіл әлемнен инновациялық шешімдерді, жаңа идеяларды жинақтайтын жалғыз орынға» және «қаржылық технологияларды дамыту тұрғысынан жаһандық компаниялардың өзара іс-қимыл платформасына айналатынын» атап өтті. FinTech бойынша жаңа идеяларды ынталандыру және инновациялық шешімдерді әзірлеу үшін АХҚО базасында бейінді стартаптар үшін акселерациялық бағдарламасы бар хабты іске қосу жоспарланып отырған көрінеді. АХҚО-ның «FinTech орталығы» 7 технологиялық бағытты – «жаңа буындағы төлем жүйесі», «онлайн несиелендіру» (Р2Р платформалары), «блокчейн және криптовалюта», «қауіпсіздік пен биометрлік сәйкестендіру», «робо-эдвайзинг», «қаржылық қолжетімділікті арттыру» және «жасанды интеллект» бағыттарын зерттеп, елімізде өркендетуге бағдарлануда. Айта кетер жайт, АХҚО-ның қаржылық технологиялар хабының қатысушылары 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркеліп, реттеу «жәшігінің» – арнайы реттеу режимінің (Fintech Regulatory Sandbox) қатысушысына айналды. Бұл режим қаржылық технологиялар компанияларына және өзге де қаржы институттарына өздерінің инновациялық өнімдері мен шешімдерін жұмыс істеп тұрған қаржы саласында сынақтан өткізіп көруге мүмкіндік береді екен. Бұған Ресейдің, Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Таиландтың, Гонконгтың, Қытай мен Бельгияның компаниялары ынта-ықылас білдіріп отырған көрінеді. «Қатарға кейін қосылған ойыншының» нарық бәсекелестігінде артықшылығы болады дейді сарапшылар. Себебі жаңа орталықтар өздеріне дейінгі тәжірибелерді зерттеп барып ашылады. Мұның барлығы, әлбетте, тек теориялық болжамдар және әр уақытта іске аса бермейді. Сондықтан Астана Халықаралық Қаржы Орталығы үшін алғашқы қадамдарды нық басу аса маңызды.
Дереккөз: massaget.kz
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<