Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялағалы бір жылдан астам уақыт өтті. Ол адамзат өмірін түбегейлі өзгертіп, басқаны айтпағанда, экономикаға зіл батпан салмақ түсірді. Бірақ әлемді әбігерге салған індет кезінде де ісінде іркіліс болмаған сала ретінде ауыл шаруашылығын ауыз толтырып айтар едік.
Елде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеу қойылған тұста отандық диқандар 20 млн тоннадан астам сапалы астық жинады. Өйткені дала еңбеккерлері техниканы ерте бастан майлап, тұқым мен тыңайтқышты сайлап қойған еді. Бұл көктемгі егін және егін жинау жұмысын сапалы жүргізуге мүмкіндік берді. Бұрын-соңды болмаған пандемия жағдайында сырбойылық шаруалар да сыр берген жоқ. Оның үстіне, су тапшылығы бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Соған қарамастан, 89,5 мың гектар жерге егілген күріштің әр гектарынан 61,8 центнерден өнім алды. Ел қамбасын 551,3 мың тоннаға толтырып, рекордтық көрсеткішті тағы жаңартты.
Кезекті күріш егу науқанын жергілікті диқандар бүгін-ертең бастайды. Оның көлемін 84,4 мың гектарға қысқартуға тура келді. Өйткені мамандар биыл да су аз болатынын айтып отыр. 18 сәуірдегі мәліметке сүйенсек, Сырдария өзенінің ағысын реттейтін «Нарын-Сырдария» бассейндік су қоймаларына 18,6 млрд текше метр су жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,1 млрд текше метрге кем.
Күріштік көлемінің кемітілген орнына суды аз керек ететін дақылдар еккен ыңғайлы. Бір жағынан мұны егіс алаңын әртараптандыру туралы Елбасы тапсырмасының жалғасы десек, артық емес. Осы орайда импорттық өнімді алмастыратын, жоғары тиімділікке ие майлы, мал азығы түріндегі, бақшалық дақылдарға баса назар аударылып келеді.
– Биыл соя дақылын – 98, қант құмайын – 40, жеміс-жидек пен жүзімді 66 гектарға егу жоспарланды. Бұған дейінгі барлық жеміс-жидек көлемі – 446,7 гектар. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолдануға көбірек көңіл бөліп отырмыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Аграрлық саланың ел басына түскен қиындықты еңсеруіне мемлекет қолдауы зор ықпал етті. Президент тапсырмасына сәйкес қазақстандық фермерлер былтыр дизель отынын жеңілдетілген бағамен алды. Ақпан-қараша айлары аралығында көктемгі егін және күзгі жиын-терім үшін 792 мың тонна дизель отыны жұмсалды. Энергетика министрлігімен келісім бойынша қамбаға түскен астықты кептіруге 47 мың тонна дизель отыны қосымша жеткізілді. Қолдау шаралары алажаздай атыз жағалап, тер төккен ағайынның астықты жауын-шашынға қалдырмай жинап алуына жәрдемдесті.
– Биыл 12,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның 7,7 мың тоннасы мұнай өңдеу зауытынан тиеліп, литрі 164 теңгеден шаруашылықтарға таратылуда. Мемлекет қолдауының арқасында машина-трактор паркі тұрақты жаңару үстінде. Шаруашылық құрылымдары биыл «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы жоспарлы 115 техниканың күні бүгінге дейін 17-сін лизинг арқылы алды, – дейді басқарма басшысы.
Меже бойынша көктемгі дала және егін егу жұмысына 13,3 млрд теңге керек. Бүгінде соның 10 млрд теңгеден астамы қолда. Онда «Аграрлық несие корпорациясы», «Агрохолдинг Қызылорда» ұйымдарының, шаруашылықтар мен инвесторлардың үлесі бар.
Иә, карантиндік шектеу күшейтілген уақытта елдер мен өңірлер арасында барыс-келіс тыйылып, қозғалыстың баяулауы асыраушы сала қызметіне әсер етпей қоймады. Дегенмен, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңыздылығы бірінші орынға шығып, бертін келе жағдай реттелді. Ал ауыл шаруашылығы ақсаса, халықтың тұрмысы тұралайтыны анық.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





