Ата кәсіпті ардақтаған аға

1268

0

Фото: Автордан

Ол – қазақы атакәсіптен қол үзбеген адам. Дұрысы, көшпелі елдің ұрпағы екенін бүкіл жан-дүниесімен ұғыныпты. Соның ішінде жылқыға құмар. Қаланың қақ ортасында тұрса да, бірнеше қылқұйрықты қорасына ұстағанын білеміз. Түрлі асыл тұқымды биелерден басқа, бәйге аттарын да жаратып жүрген Дәулет ағаның атбегілік қасиеті де жоқ емес. Өйткені, талай дүбірге қосқан тұлпары жүлдесіз қалмады. Осы жайттарды ойлай келе оның не себепті ветеринария саласын таңдап, мал дәрігері болғаны енді түсінікті болғандай.

Мен онымен журналистік тақырыппен жолыққанмын. Таныстық солай басталды. Жазатын дүние – жылқы мен оның сүті, яғни қымыз жайлы болғандықтан тілдестік. Сонда көп дүние айтқан. Нағыз өз ісінің маманы екенін көрсете білген. Ал былайғы жұрт ветеринария ғылымдарының кандидаты Дәулет Ибрагимовтың 10 жылдан астам уақыт бие байлап, саумал ішіп жүргенін біле бермейді. Әрі қымызды өзі баптайтын көрінеді.

«Қымыз дайындауға бап керек, әрине. Киікоты деген шөп бар. Таулы өлкеде кездеседі. Сол шөпті Қазығұрт жақтан алдырып, үйренгенім бойынша үлкен қымыз құятын ыдысты ыстадым. Бұрынғылар пайдаланған ағаш күбі не саба жоқ.  Киікотымен ыстамас бұрын әлгі ыдысымның ішін қойдың құйрық майымен сылап дайындағанмын. Осылайша көргеніміз бен естігенімізді қатар алып, қолдан келгенше қымыз баптап жүрмін. Әзірге қымызың жаман деген ешкім жоқ. Жалпы да өте жақсы біледі. Мен бір-ақ мысал айтайын. Анам ішкі құрылысы ауырып, нақтысы өті толып, мазасы қашып жүрген уақыт. Ұдайы қалта-қалта дәрі алдыртып, қыруар қаржыға емдетіп жүрдік. Мен саумал ішуге кеңес беріп, біртіндеп іше бастады. Төртінші күн дегенде запыран құсты. Содан бері тамақ алысы жақсарып кетті. Екінші мысал, көрші кәріс ұлтынан жасы үлкен апа бар еді. Ол ішек рагіне шалдыққан. Тіпті, Кореяға барып емделіп, пышаққа да түсіп келді. Дәрісін қабылдап жүріп, саумалды да іше бастады. Енді бір кезекте қайта тексерілуге барады. Сөйтсе, кәріс дәрігерлер сұраған көрінеді. «Не істедің?», «Қандай ем қолдандың?» дегендей ғой. Бұл кісі саумалды айтқан. Сөйтсе, олар саумалдан айырылмауға кеңес беріпті», деп ақтарыла әңгімесін айтқан сонда ағамыз.

Көрші Түркістан облысында туып, қалған ғұмыры мен қызметін Сыр еліне арнаған Дәулет аға әу баста еңбек жолын жылқышы көмекшісі болып бастаған. Гәп қайда жатыр десеңізші?! Расымен мектептің жоғары сыныбында оқитын ұлдың талай тұлпарды тақымдайтыны да осы кез.

«Әкем Өмірзақ пен анам Жансая өмір бойы медицина саласында тер төкті. Өзім де осы дүрмектен ажырамадым. Жоғары оқу орнына түспес бұрын 1991 жылы мектеп бітіргенге дейін де, кейін де Қызылордадағы Сырдария ауданы, Аманкелді ауылында жылқы бақтым. Бір жылдан соң Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтының ветеринариялық медицина факультетінен түсіп, 1997 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің «Ветеринария дәрігері» мамандығы бойынша бітірдік. Ауылға оралып, 3 жыл мал дәрігері болып қызмет істедім», деп аз-кем өмір жолынан әңгіме шерткені бар.

Кейіпкеріміз содан бері өз саласынан қол үзбеді. 2000-2003 жылдары Сырдария аудандық мемлекеттік ветеринариялық инспекторы, 2003-2005 жылдары Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы болды. 2005-2006 жылдары Сырдария ауданының Бас мемлекеттік ветеринария инспекторы болып жұмыс істесе, 2006-2010 жылдары Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімі бастығы қызметін абыроймен атқарды. Осы аралықта «Жылқы сақауы» ауруын диагностикумдармен анықтау тақырыбында ғылыми жұмыс жүргізіп, 2010 жылы Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының Ғылыми кеңесінде ветеринария ғылымдары бойынша диссертация қорғады. Ғылыми жұмыс барысында 17 ғылыми еңбек жарық көріп, оның ішінде 2 инновациялық патент иегері атанды.

«Біздің облыстағы жайылым жер мен төрт түліктің бағылуы өзге өңірлердей емес. Жалпы Сырдағы малшы ағайынның бейнеті көп. Жайылым аз, мал аурулары да жиі кездесіп тұрады. Бірақ жүйелі жұмыс пен төрт түлік өсірген тұрғындардың маңдай тері мен табандылығы арқасында жыл сайын мал басында өсім көбейген. Өзім азды-көпті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында жұмыс істегенімде мал санын, соның ішінде асыл тұқымды түлікті көбейтуге ынталы шаруашылықтар көп болды. Ата кәсіптен ажырамай, оны жандыруға құштар жұрттың көбейгені еліміз үшін де аса маңызды емес пе?» дейді тағы бір сөзінде ғалым ағамыз.

2015-2020 жыллдары Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты Қызылорда облысы ғылыми-зерттеу ветеринария стансасы филиалының меңгерушісі болған Дәулет Ибрагимов ветеринар мамандарға деген мемлекет қолдауы жыл сайын артып келе жатқанын айтып отыр. Ал бүгінде Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты «Оңтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу станциясы» филиалында аға ғылыми қызметкер болып істейтін оның ата-бабадан мирас болған кәнігі кәсіп – төрт түліктің жай-күйіне деген жауапкершілікті арқалап алғаны да 30 жылға жуық уақытқа таяпты.

«Бала күнімізден басталған ата кәсіпке деген арманымыз орындалып, сол саланың жүгін тартып келеміз. Жоғары оқу орнын бітіргелі басқа мамандыққа ауысу немесе өзге жұмыс көзіне деген қызығушылығым болмапты. Сол мал шаруашылығы, сол жылқыға деген атам қазақтан қалған ынтызарлықпен келеміз. Жалпы Қазақстандағы экономиканың басты тірегі – ауыл шаруашылығы екенін ұмытпауымыз керек. Өріске малды толтырып, өнімін алсақ, құнарлы жерді көбейтіп, егін ексек, ел жағдайы да жыл сайын жақсара беретіні айдан анық. Өз басым малды құр өсіріп қоймай, оған қатысты бар жағдайды білетін, ауру-дертін тез арада анықтап, ем-домын істейтін жас жігіттер көбейсе екен деген тілегім де жоқ емес», деп сөзін түйіндеді Дәулет Ибрагимов.

Елуді еңсерген ағаның бүгінде 30-ға жуық ғылыми еңбек пен мақалалардың авторы екенін де еске саламыз. Ғылым мен шаруашылықты ұштастырған оның ақыл-кеңесі үшін кейінгі жас мамандардың жиі жағалайтынын ескерсек, ғалым һәм ветеринар кейіпкеріміздің әлі де елге сіңірер еңбегі көп деп білеміз.

Ержан ҚОЖАС,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<