Атакәсіптен неге алшақтаймыз?

1853

0

Мал шаруашылығымен айналысып жүрген таныс жігіттің қала маңынан бордақылау алаңын тұрғызғанын білемін. Ала жаздай 150 бас ірі қараға есептелген қора салды. Күзде малшы отбасы іздеп, әупірімдеп көрші ауданнан әкелген. Елден келген тай-жабағысы аралас 100-ден астам малдың жайын білетін адам керек екені белгілі. Оның өзі бордақыға тұрған мал болса, күнделікті жем-шөбін айырмайтын, жылқы жайын білетін малшы ұстау әлгінің арманы болған.

Қош, солай табылған малшы жігіт отбасымен көшіп келді. Жап-жаңа 4 бөлмелі баспанаға жайғасты. Құла түз емес, қала маңы, жан-жағында ел бар. Оның үстіне бордақыға қарайтын жігіттің отбасының жағдайы түгел жасалды. Үйге интернет пен цифрлы теледидар кіргізілді. Газ бен суын тартып, айлық азық-түлігін алып беріп жүрді.

Ендігісі тиянақты тірлік. Қорада қамаулы жылқыға жем-шөбін салып, құбырдан келіп тұрған суды науаға сарылдатып құю – малшы жігіттің жұмысы. Мұнда күнұзақ жылқыны өрістету жоқ. Оның үстіне қала маңында қандай жайылым болсын. Жалақысы 100 мыңнан жоғары еді. Бастапқы үш айдан астам уақытта бордақыға қойылған ірі қараның бабына қарап жүрді. Неге екені белгісіз, аяқ асты жылқышы жігіт «өзге жұмыс табамын» деген сылтау­мен бір күнде еліне кері қайтыпты. Мал иесі маған қоңыраулатады сол күні.

– Ел арасына шығып жүрсің ғой, малшы керек, айта жүрерсің, – дейді ғой баяғы. Малшысының бұл әрекетінен хабарсыз мен кері сұрақ қойдым.

– Ау, өткендегі жігітің тым жақсы еді ғой. Отбасымен көшіп кеп орныққаны қайда?!

– Ай, бұл қазақты құртатын бос әңгіме. Ағайындары айтады дейді «мал соңында жүрсің салпылдап, азып-тозып». Мен аздырып-тоздыратындай жағдай жасамадым. Өзің білесің ғой, басында жылы үй, азық-түлігі молынан, жалақысы уақытылы. Сірә, ол жігіт жалған намыстың жетегінде кетті-ау…

Иә, бір заманда төрт түлікті төбесіне көтеретін жұрт, бүгінде оны бағудан түңіліп жүр. Неге?!

Жарнамасы

жақсы болғанмен…

Дұрыс дейік, бірақ, барлық шаруа қожалық, жоғарыда ай­тып кеткендей, жағдай жасай бермейді. Мал иелері бақ­ташының басына «бақ қон­дырамын» деп уәде еткенмен, көп жағдайда ол іске ас­пай қалып жатады. Интернетте жарнамасы тым тәуір, «малшы отбасы керек» деген іздеушілерден көз сүрінеді. Былай қарасақ, айлығы да жоғары, тұрмыстық жағдайы да жақсы қаралған. Ал шын мәнісінде осыған келіскен кейбір қойшы не жылқышы болсын, бұдан опық жеп жатады.

– Рас, мал бағуға намыс­та­натын-ды біздің жігіттер. Оның үстіне жұрттың сөзі бар. Пә­ленше пәленшеге жалданып, мал соңында жүр дейді. Кейбір ағайын сенің адалдап ақы тап­қаныңды да осылай сөз қылады. Бұл – бір.

Екіншіден, кейбір қожайын­дар алдайды, кейде ауырып өл­ген малды сенің мойныңа іле салады. Түсінеміз, «мал ашуы – жан ашуы» шығар. Бі­рақ, белгісіз себеппен ажалы келген түлікке малшының не кінәсі бар? Жағдай жасаймын деп жарытымсыз айлық беретін шаруашылық иелері де жоқ емес. Әйтпесе «бәрі жақ­­сы болады» деп ақысына ке­ліскенмен, жоқ жерден сылтау тауып, жалақыңа келгенде тайғанақтайтын мал иелері жетерлік, – дейді аты-жөнін айт­пауды өтінген жергілікті малшы жігіт.

Намыс демекші, сондай «жұрт­тың пікірімен» өмір сүре­тіндердің арқасында өз малын өзі игеріп жүргендер де бар.

– Жағдай жасалғанның өзін­де мал бағуға келмейтіндер бар. Мысалы, біз қой бағатын шо­пан іздеумен шаршадық. Жер­гілікті жерден болса деймін. Жер жағдайын, жайылым-өріс­­ті біледі деген сенім ғой. Ау­ылдағы бірнеше жас отба­сыларға айтып көрдім. Тіпті, «өз малыңды да қосып, сонда бақшы» деп те айттық талай жігітке. Көнбейді, одан сыртқа кетіп, құрылыс істегенді тәуір көреді. Қазір мал шаруашылығына мем­лекет жақсы көмектесіп жатыр. Тиімді бағдарламалар бар. Көп жастарға соны түсіндіріп келемін, – дейді Қазалы ау­данының тұрғыны Шархан Тілеуназаров.

Бізге вахталық

әдіс керек

Отбасылық қой шаруа­шы­­лығын дамытып жүрген шие­лілік Нұрболат Сәдуақас­ұлы­ның ойын­ша, бізге вахталық әдіс керек сияқты.

– Алыс қыстау, жарық, байланыс жоқ. Жолдың қиындығы тағы бар.  Қойшы отбасылы болса, оның балаларына мектеп, балабақша керек екені тағы анық. Вахталық тәсіл енгізу керек. Шопандарға, жалпы мал бақтырам десек, сол тиімді.

Көп жігіттер айлап, жылдап иен далада екі жүз мыңдап ақша тапқанша, үйге кіріп-шығатын жақын жерден қарауыл болсам деп ойлайды. Солай уақыт өткізеді. Мал иесі жағдай жасап, мен айтқан вахталық әдіспен жұмыс жүргізсе, онда мал басына қауіп аз. Бақташы да шаршамайды, тіпті оған көмекші қосып берсе де, артықтық етпес, – дейді ол.

Нұрболаттың айтуынша, күні бойы мал соңында жүру бір адамды қажытып жібереді. Оның денсаулығы болмай, ау­руы мүмкін ғой. Оның да ағайыны, араласатын дос-жа­раны, қатысатын той мен өлім-жітімі болатыны тағы анық дүние.

– Мен үш шопан ұстап отырмын өзім. Айлығы да солай күндеріне, яғни әрқайсысының он күніне ақы төленеді. Бір адам өзінің он күндік міндеті біткен соң, келесі шопанға малды өткізіп, үйінің өзге де тіршілігін істеуге уақыт табады. Ал былай отбасымен малшы әкеліп, жыл бойы қыс тоңдырып, жаз күн астында қаңтартып қой бақтыру тым қиын, – дейді Нұрболат Сәдуақасұлы.

Нұрболат айтқан пікірді көп­шіліктен де естіп жүрміз. Малды игеруге бір адам аздық етеді. Тұяқты мал ауырмай тұрмайды, шығын болып тұра­тыны да анық. Жыл сайын түрлі ауруға дәрі ектіруің тағы бар. Осындай қиындықтан соң мал иесі мен бақташы арасында түсінбестік туындайды да, арты жанжалға ұласып жататыны да бар.

Малшы мәртебесін

айтқанда…

Қой демекші, қолда бар де­ректерді айтсақ. Бүгінде Қа­­зақстанда 18 млн аса қой бар. Оның ішінде асылтұ­қым­ды қой 3 млн-нан асады. Осы тү­ліктің 60 проценті жеке ша­руа­шылықтарда. Қой санын арттыруда бұрынғы маман­дар жоқ, сондай-ақ ауыл айна­ла­сын­дағы жайылымдық жер на­шар. Тағы бір мәлімет, біз­де аумағы 60 млн гектарды құрайтын шалғайдағы жайылымдар пайдаға аспай, тектен-тек жатыр.

Екінші мәселе, қой өнімін тұтынушы азық-түлік пен то­қыма өңдеу жұмыстары мүлде жоқ десе де болады. Шикізат күйінде сырт елге тасылып кететіні рас.

Айта кету керек, Қазақстан­да 1993 жылы 33,4 млн бас қой болған. Ал 1994-2020 жылдар аралығында Қазақстан мен Ресейде қой екі еседен астам аза­йыпты.

Мамандардың пікірінше, қа­зіргі қойшыларға қатысты же­ңілдіктерді қайта қалпына келтіру үшін бір кездегі Қа­зақ КСР үкіметінің 1991 жылғы қаулысын негізге алу керек. Тіпті, жеке қожалықтардағы шо­пан-малшыларға осы заң­­­дылықты жарату керек сияқ­­ты. Оған жеңіл­дікпен зей­нет де­­малысына ер азамат­тарды 55, әй­елдерді 50 жас­та шы­ғару құқығы берілу керек. Жа­йылымдық учаскеде қо­салқы жайлары бар қызметтік баспананы тегін беріп, жанар-жағармай, коммуналдық қызметтер мен электр қуатының төлемдерінен босатқан жөн. Балаларын 17 жасқа дейін мектеп жанындағы интернаттарға орналастыру да бұл тізімге кіреді. Жыл са­йын шипажай, демалыс орындары мен басқа да сауықтыру мекемелеріне жолдамамен бі­рінші кезекте баруы керек. Кө­лік, арнаулы жыртқыштарға қар­сы қару, азық-түлік қоры, т.б қажеттілермен уақытылы қам­тылса, малшы мәртебесі өсер еді.

Облыс бойынша статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, биыл 1 қарашаға дейін 348,2 мың бас МІҚ, 762,2 мың бас қой мен ешкі, 153,9 мың бас жылқы және 53,1 мың бас түйе тіркелген. Мал басында былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда өсім жоқ емес, бар.

Тағы бір дерек, мал шаруа­шылығымен айналысатын 3500 ша­руашылық құрылымы бар. Осы­ның ішінде ірі қара өсіріп отырған 1600 шаруа қожалығы бар екен.  Қой шаруа­шылығын дамытушылар да аз емес, 1400 шаруашылық осы жұмыстың басы-қасында. Жер жағдайына байланысты түйе өсіріп отырған 150 және жылқы санын арттырып жүрген 350 қожалық бар бізде.

Көріп отырғаныңыздай, Сыр бойындағы атакәсіпті ардақтап, төрт түлікті түлетушілердің қа­тары көбейген. Мемлекеттік бағ­дарламалар арқасында кәсі­бін ке­ңейтіп отырған азаматтар да же­терлік. Үкімет қолдауымен ин­вес­тициялық жобаларды же­­­ңіл­детілген несиелендіру бо­­­йынша осы саланың өсу ди­на­­­микасы қалыптасып, мал ба­сы мен өндірілген өнім жыл­­ма-жыл ұлғайып келеді. Мы­салы, өткен жылы облыста ауыл шаруашылығы саласында 128 млрд теңгеден астам өнім өндірілсе, соның 45 млрд тең­гесі мал шаруашылығының үле­сінде.

Айналып келгенде, еңбек осы түліктердің жағдайына қа­райтын адамдыкі болса керек. Қыс суығы мен жаз аптабын жан-тәнімен сезініп, мал мехнатын тартып жүрген шо­пан болсын, сиыршы болсын, жылқышы болсын, оларға қол­дау жан-жақты керек. Халық бекер айтпайды. «Балықшы да­уылда, егінші жауында, ал малшы өлгенде тынады».

Малды айтасың,

пышақ қайрай

ала ма?!

Бүгінгі кейбір оқығандар­дың пікірінше, қазіргі қазақтың мал бағудан қыры кеткен. Мал бақпақ түгілі атқа отыратын қазақты да сирек көресіз. Ата дәстүрден қол үзіп қалған соң, оның себебін алыс­тан іздеудің де қажеті жоқ шығар. Айтылған пікірді мойындамасқа лажың жоқ. Мұндайда біз өзіміз кө­ріп жүрген кемшілікті тізбектей­тініміз бар.

Мал бағады дейтін қазақ іздейміз. Бірақ, тағы бір айт­пасқа болмайтын нәрсе бар. Қой бауыздағанды көрсе, қал­тырайтын ұл көп. Шапшыған қаннан шошып сырт айналатындарды көріп те жүрміз. Қа­зақтың бұрын басында бол­маған жағдай. Сойған малды аяп, тізесі дірілдеген жігітті көр­генде қойды емес, ана соқ­талдай азаматты аяйсың.

Рас-ау, Құрбан айттың ке­зінде өз қойын өзі соя алмай, қасапшы жағалап кететіндер де көп бізде. Кейбірі қойды қалай жығуды не ұстауды білмейді. Елеусіз нәрсе болуы мүмкін. Бірақ атакәсіптен тым алшақтап кеткенбіз.

Ал біз бұл тақырып жөнінде, яғни мал шаруашылығы бағы­тында әлі де іздене беретін боламыз…

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<