Атом апаты ұмытылмайды

642

0

 Атом апаты ұмытылмайды Сәуірдің 26-сы адамзат тари­хындағы ең ірі техногендік апат – Чернобыль атом электр стан­сасында жарылыс болған күн. Апат­тан Белоруссияның Гомель мен Могилев, Украинаның Киев пен Житомир және Ресей­дің Брянск облыстарының тұр­ғын­дары Хиросима мен Нага­саки қалаларына тасталған атом бомбасына тең келетін радио­ак­тивті сәулеге шалдықты. АЭС-тің айналасындағы 30 шақырымда ор­наласқан халық басқа жерге көшірілді.

Апаттың зардабын жоюға КСРО-ның барлық рес­пуб­ли­каларынан еріктілер, әскерилер жіберілді. Атом зардаптарын жоюға 600 мыңға жуық адам қатысты. Солардың бірі Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Айт­жан Оразбақовтың ай­туынша, Чернобыльге біз­дің облыстан 800-ден ас­там адам барған. Бүгінде атом зардаптарын жоюға қатыс­қан­дардың саны 300-ге жетпейді.

БҰҰ-ның 1995 жылы жасаған есебі бойынша, Чернобыль атом электр стансасындағы апаттан 9 мил­лион адам зардап шекті. Оның 4 мил­лионы 14 жасқа дейінгі балалар.

Кеңес Одағы тараған соң Украина билігі АЭС-ті толы­ғымен жабу туралы келісімге келді. 2012 жылдан станцияның үстіне саркофаг салу басталды. Соңғы мәліметтерге қарағанда қазір мұнда заң тұрғысынан рұқ­сат етілмесе де, 150-дей адам тұрады. Ғалымдар «ауада радиация байқалмайды, бірақ топырақ цезийден тазарған жоқ» дейді. Сондықтан онда өсірілген ештеңені пайдалануға болмайды.

Бүгінде Чернобыльге экс­кур­сияға тапсырыс беру арқылы баруға болады. Припять қала­сында жұмыс істейтін ресми тур­агенттік қысқа және ұзақмерзімді экскурсиялар мен авиа­турлар ұйымдастырады. Бас­тысы – турагенттік қауіп­сіз­дікке кепілдік береді. Украина.ру kiev.vgorode.ua сай­тына сілтеме жасай оты­рып, турдың бағасы адам басына 29 доллардан, ал апат құрбандарын еске алу күнінде 150 долларға өсіп кететінін жаз­ған. Ұйымдастырушылар құ­пия ны­сан­дарды аралатып, ер­­кін ай­налымға шықпаған ақ­па­рат­тар­­ды ұсынумен қы­зықтырып отыр. Егер қосымша ақша төлесе, ниет білдірушілерге АЭС-тің іш­ін аралатады. Бірақ фото мен бей­­нетаспаға түсіруге тыйым са­лынған.

М.МЕРЕЙ. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<