Менің қолыма қалам алуыма жуырда бір республикалық басылымда жарияланған мақала себепші болды. Онда «ауылдың келешегі жоқ» дегендей пікір айтылған. Сол үшін ауыл туралы жазуға мәжбүр болдым.
Бізді 1974 жылы Иіркөл (тоған шаруашылығы) елді мекеніне көшіріп әкелді. Тоған шаруашылығын қолдан тұрғызып, балық өсіре бастадық. Қаланы, дүкендерді тірі балықпен қамтамасыз еттік. Сол уақытта балық маманы (рыбовод) болып істедім. Арал теңізінен балықшылар көшіріп әкеліп, қысы-жазы қаланың әр дүкеніне балық жібердік. Өзіміз қолдан балық өсірдік. Ауыл көркейді, онжылдық мектеп болды. Жұмыс көзі жетерлік еді, мал ұстадық, бақша ектік, халық тұрмысы жақсарды. Кейін ауыл тұрғындары қалаға көше бастады. Жастарға жұмыс болмауынан қазір онда 20 шақты үй тұрады. Кәсібі – мал бағады. Қасында «Абзал и К» компаниясы күріш, жоңышқа егеді, сонда жұмыс істейді.
Менің бір балам сол ауылда тұрады, мал бағады. Айтайын дегенім, ауылдың келешегі жоқ деген дұрыс емес. Бір мысал келтірейін. Келінім, 5 баланың анасы Аягөз Ақжолова қалада Өндірбаев көшесі №26 үйде тұрады. Әр аптаның жұма күні ауылға барып, сиыр сауып келеді. Сол сауған сүтін көршілерге өткізеді. Мамыр айының аяғында балалары оқудан босаған соң, ауылға көшіп барады. Онда үйіміз бар. Сонда қыркүйекке дейін отырып, күніне 40-50 сиыр сауады. Сүтті айран, ірімшік, құрт, сүзбеге айналдырып, өзі тұратын көшеге әкеледі. Көшеміздің тұрғындары өте риза. Қолдың сүті. Бағасы да қонымды.
Айтайын дегенім, ауыл адамдары бар тапқанын қалаға әкеледі. Ауылсыз қала өспейді. Мен сол жердің үлкенімін. 1938 жылы туғанмын. Онда 4 ардагер тұрамыз. Қаладан небәрі 30 шақырым. Соңғы жылдары жолымызды асфальттап берген. «Ауылдың келешегі жоқ» дегенді айтқан адам ауылға барып көрді ме екен?
Темірбек ИХЛАСОВ,
еңбек ардагері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<