Аудан әкімі кент тұрғындарымен кездесті

369

0

Фото: Шиелі ауданы

Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатов Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Шиелі кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді.


Кездесуге аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев, кент тұрғындары, мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.


Жиын барысында тұрғындар кент көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көзбен көріп, көңілдерінен шығып жатқандығын жеткізді. Расында, 2023 жылдан бастап Шиелі кентінің ішкі жолдары жаңартылып, ажары кіргендігі белгілі. Әсіресе күре жолдар саналатын негізгі көшелер күрделі жөндеуден өткізілді.


Ал, биылғы жылы жобалық құны 1,9 млрд теңге болатын аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент» 8 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 416 млн теңге, республикалық бюджеттен 50,0 млн теңге бөлініп, ал Тәуелсіздік көшесін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 346,3 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.


Сондай-ақ, Шиелі кентіндегі Дәулеткерей және М.Шоқай көшелерін күрделі жөндеуге 296,2 млн теңге бөлініп, келісім шарт жасалуда.


Шиелі кентінің электрмер қамту желілерін жаңарту мақсатында 2023 жылы жоба құны 808 млн теңге болатын жоба бастау алған болатын. Былтыр 100 млн. теңге қаражат игеріліп, биыл сол жұмыстар жалғасын тауып тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда аудан орталығын электрмен қамту желілерінің басым көпшілігі жаңаратын болады. Сонымен қатар, кенттің ажарын айшықтап, көркін келісті ету мақсатында түнгі жарық бағаналары орнатылып, аллеялар бой көтеруде, әрі тамшылатып суғары әдісімен гүлдер мен түрлі көшеттер отырғызылуда. Осының барлығына тоқталған аудан басшысы тұрғындарды тазалық сақтауға, аудан орталығын бірге көркейтуге шақырды.


Мұнан соң тұрғындар, тұрмыстық қоқыс қалдықтарын жинау, балалардың қауіпсіздігі үшін жасанды жол кедергілерін, бағдаршамдар орнату сынды мәселелерін айтты. Аудан әкімі әрбір көтерілген мәселе ескерусіз қалмайтындығын, сала мамандарымен бірлесе отырып шешілетіндігін жеткізді.

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<