Аудан әкімі Қамыстыбас ауылдық округінде болды

924

0

Жұмыс сапарымен Қамыстыбас ауылдық округінде болған аудан әкімі С.Сермағамбетов құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардағы жұмыс барысын көріп, Аққұмшық жағажайындағы кәсіпкерлермен кездесті.

Ауылдық округке жасаған сапарын аудан басшысы жеке кәсіпкер Жанболат Үмбетовтің полистиролбетон өндірісімен танысудан бастады. Өткен жылдан бері аталған кәсіп түрімен айналысып келе жатқан ауыл тұрғыны жұмыс процесін таныстырып өтті. Ол осы жоба аясында 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шығарылған өнімге сұраныс жоғары болғандықтан, кәсібін кеңейтуге ниетті екендігін де жеткізді. Барлық жұмыс барысымен танысып шыққан соң аудан әкімі өндірісін ұлғайту үшін қолдау көрсетілетіндігін айтып, кәсібіне табыс тіледі.

Одан соң «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Қазіргі таңда нысанның ішкі жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс басында болып, жағдайды көрген соң жауапты мамандарға жұмыстарды жеделдетіп жүргізу қажеттігін айтып, сапалы әрі уақытылы аяқталуы үшін қадағалауды тапсырды.

Қамбаш көлінің жағасында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел құтқару жасағы бөлімшесіне арналған ғимарат салынуда. Аудан басшысы модульді станцияның құрылыс жұмыстарын көріп, мердігер мекеме өкілімен жүздесті. Арнайы ғимараттың электр қуаты мен ауыз суы және жылытылуын қамтамасыз ету жолдарын қарастыруды жауапты орынбасарына жүктеді.

Мұнан кейін Аққұмшық жағажайындағы кәсіпкерлермен кездесіп, алдағы жұмыстар жөнінде пікірлесті. Аудан басшысы қазіргі уақытта көл жағасында сақтық шаралары мен тазалық мәселесіне баса мән беру керегін айтты.

Сонымен бірге аудандағы оң өзгерістерге тоқталып, Сырдария өзені бойынан «Аспай» су ағытқысының іске қосылып, Бұрмақұлақ арнасының бөгелуінің нәтижесінде жағадан алыстап кеткен Қамбаш көлінің қайта толғанын және еш алаңдамай жағажайда қызмет көрсету түрлерін өрістете беру керектігін түсіндірді. Мұнымен қоса өңірдегі туризм саласын дамыту үшін бірден бір тиімді орын саналатындығын айта келе демалушыларға жағдай жасау үшін қызмет сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде көл жағасындағы кәсіпкерлер де бірлескен түрде тиісті шараларды қабылдап, өз қызметтерін жалғастыра беретіндіктерін жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<