Көктемнің ең алғашқы шуақты мерекесі – «Алғыс айту күні» аз уақыттың ішінде біздің қоғамда ерекше орын алатын, жылылық пен мейрімділіктің, достық пен бауырмалдықтың мерекесіне айналып үлгерді.
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев осы жылулық пен құрметке толы мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.
Олардың қатарында халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін салалардың үздіксіз жұмыс жасауына зор үлес қосып, тынымсыз еңбек етіп жүрген бейбіт күннің батырлары да бар.
Еңбек адамдарын құрметтеу, олардың жанкешті қызметін насихаттау біздің өңірімізде игі дәстүрге айналған.
Президентіміздің Жарлығымен жаңа Конституцияға арналған Республикалық референдумды 2026 жылғы 15 наурызда өткізу туралы шешім қабылданды.
Елдігіміздің басты нышаны саналатын жаңа құжатта «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындалған. Расында, біздің елімізде адам және оның құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.
Баршаңызға белгілі, қыстың соңғы күндері өңірімізде табиғат тосын мінез көрсетіп, қолайсыз жағдайлардың орын алуына әкеп соқтырды. Ауа райы күрт жылынып, бір күн бойы нөсерлі жаңбыр жауды. Артынша қатты жел тұрып, аяз болды.
Біздің өңірімізде мұндай табиғи құбылыс бұрын-соңды болмағандығын атап өтуіміз қажет. Ауданға қарасты бірқатар елдімекендердегі электр желілеріне, қондырғыларға, ағаштарға толықтай мұз қатып, қалың қар жауып, темір-бетонды бағаналар, талдар құлады. Орын алған апаттық жағдайларды қалпына келтіру мақсатында аймақ басшысының тапсырмасымен жедел штаб құрылып, арнайы комиссия жұмыс жасады. Тұрғындарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде электр энергиясымен қайта қамтамасыз ету жұмыстары 24 сағат үзіліссіз, күшейтілген режимде екі ауысымда жүргізілуде.
Бұл жағдай өңіріміз үшін табиғаттың үлкен сынағы болды. Аймағымызда тұрғындарды тіршілік көзімен (су, электр энергиясы, газ, жылу және т.б.) үздіксіз қамтамасыз ету жұмыстары облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бақылауында.
Табиғаттың тосын мінезінен туындағын қиыншылықты ел болып, бірге еңсерудеміз.
Осындай сын сағатта ерлікке тең еңбек еткен және бірліктің берік үлгісін танытқан 30-ға жуық азаматқа облыс әкімі шексіз ризашылығын білдіріп, арнайы «Алғыс хатын» жолдады.
Қалыптасқан уақытша қолайсыздықтар үшін түсіністікпен қараған барша жерлестерімізге, күндіз-түні өз қызметтерін асқан жауапкершілікпен орындаған коммуналдық сала қызметкерлеріне үлкен алғысымызды жеткіземіз! Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!






