«Жақсының жақсылығын айт» деген. Нұршайық Қуанышбаев – Арал ауданына қарасты Құмбазар елді мекенінің өміріне серпін әкелген жас кәсіпкер. Оның негізгі мамандығы мұғалім, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп көрмесе де ізденгіштігі мен еңбекқорлығының арқасында табысты еңбек етуге болатынын дәлелдеп отыр.
Жоспары мығым жас жігіт 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 5 жыл мерзімге 8,6 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жеке кәсіпкер атанды. Бағдарлама аясында иеленген қаражатқа тіркемесімен трактор, пресс-подборщик және жатка сатып алып, шаруашылыққа қажетті техникалық құралдарды жасақтады. Өткен жылдың көктемінде алғаш шөп шабу науқанын бастаған Нұршайық бұл кәсіпке бірінші рет кіріскеніне қарамастан маусымның алғашқы жылында 10 000 дана пресс шөп дайындады. Бұл ауыл шаруашылығы саласына жаңа келген адам үшін үлкен жетістік, жақсы көрсеткіш еді.
Биыл бұл межеден асып, 12 000 дана пресс шөп басып шығарды. Бұл кәсібінің дұрыс жолға қойылғанын және ауыл азаматтары тарапынан сенім артқанының арқасында деп ойлайды жас кәсіпкер.
Нұршайық ауыл тұрғындарының бөліске түскен жерінің шөбін орып, елге қолжетімді әрі тиімді бағамен ұсынып келеді. Осы арқылы кәсіп иесі тұрғындардың шығынын азайтуға үлес қосып отыр. Сондай-ақ ол ауылдың бір тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, еңбек нарығына да оң әсер етуде.
Мұғалім бола жүріп, ауыл шаруашылығынан кәсіп бастау – үлкен батылдық. Нұршайық Қуанышбаевтың бұл еңбегі – мемлекеттік қолдаудың игілігін тиімді пайдалану үлгісі әрі ауылдағы жастарға жігер беретін бастама. Алдағы уақытта кәсібін дамытып, ауылдың өркендеуіне одан әрі үлес қосады деген сенімдеміз.
Төребек ТӨРЕМҰРАТОВ.
Арал ауданы
Құмбазар елді мекенінің тұрғыны





