Осыдан біршама уақыт бұрын Шиелі ауданы Бидайкөл ауылдық округінің тұрғындары «аудан орталығымен қатынасымыз қиындады» деп, «Астана» телеарнасына шағымданған болатын. «Шиелі кентіне қатынауымызға екі ортадағы ескі көпірдің апатты деп танылып, бұзылуы кедергі болып отыр» дейді олар. Ауыл тұрғындарының тең жартысы аудан орталығына жұмысқа қатынайды. Сондай-ақ, азық-түлікті де сол жақтан тасымалдайтын болғандықтан жаяу жүргіншілер мен көлік қатынасы үшін «уақытша өткел салынса» деген өтініш айтқан болатын. Бұл мәселені «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы дереу қолға алды.
Аудандық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері көпір құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысына талдау жасады. Бұзылған көпір – Бидайкөл, Ақтам, Қарғалы елдімекендерінің 5 мыңға жуық тұрғынын аудан орталығымен байланыстырады. Бұрынғы көпір сонау 1960 жылдары салынған, бүгінде жарамсыз күйде. Тәуелсіз сарапшылар жүк көтергіштік қабілеті төмендеп, жарықтар пайда болған көпірге «апаттық жағдайда тұр» деген қорытынды берген соң жаңа көпір құрылысының жұмысы қолға алынды. Құрылыс биылғы тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Партия өкілдері ауыл тұрғындарының талап-тілектеріне сәйкес, уақытша өткел салу мәселесін тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен бас мердігер «Стандарт Ойл» КЗО» ЖШС өкілдерімен кездесіп, мәселені шешу жолдарын қарастырды. Бүгін ауыл тұрғындарының мәселесі оң шешімін тауып, уақытша өткел халық игілігіне берілді.
Енді жаңа көпір құрылысының сапалы және уақытылы халық игілігіне берілуі де партия назарында болады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<