Студенттік өмір – ұмытылмас шақ, қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін кезең екеніне қосыламын. Менің де «Сары қыз» деп еркелететін ауыл-аймақтан алыс кетіп, студент атанған күнім кеше ғана еді…
Үлкен орта, жаңа достар, оқытушы-профессорлар. Бар уайымым тобыммен тіл табысу, барлығына үлгіру, үлгілі студент болу болды. Бірінші күні-ақ адасып, «Перваш, балмұздақтар» дегенді естідік. Уақыт өте ортаға ойысып, қалыпты өмірге қалыптаса бастадық. Сессия уақыты жақындағанда кітапханада күніңді өткізу, топтастармен бірге қызу дайындық жүргізудің де қызығы бөлек болды. Белсенді студент болуға ұмтылдық, қоғамдық шараларда да даралануға тырыстық. Өкініштісі, биылғы жылдың өмірімізге түбегейлі өзгеріс енгізгені болды.
Алғаш рет онлайн оқытудың не екенін түсініп, сабылдық, азанда ерте тұрып баруға ерінетін университетімізге деген сағыныш басталды. Смартфонның арғы жағынан ғана тілдескен бізге ауыр тиді. Бірақ бас амандығымыз үшін осыған мәжбүрміз. Бұл күннің артта қалары, біздің тәтті студенттік шақты университетте өткізудің мүмкіндігі қайта келері анық.
Гүлжайна ЖҰМАХАН,
Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жанындағы «Тіл – майдан» Жас журналистер клубының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<