Ауылымды сағындым

2939

0

Ауылда туып, ауылда өстік. Сондықтан болар, қаланың қарбаласынан гөрі ауылдың бір сарынды баяу тірлігі жанымызға жақын.

Ала жаздайғы аптап ыстығы, шалғайыңнан жұлқылап, шашыңды ұйпа-тұйпа қылатын «шатақ» желінің өзі қандай керемет?! Бәлкім, күлерсіз, көшеден көлік жүріп өткенде бұрқ ете қалатын шаңның иісі де біз үшін бөлек. Әсіресе, күнде кешқұрым әр үйдің ауласында көңірсіп, ашқылтым иісі мұрынды жаратын «түтіндікті» айтсаңшы…


…Кешкі қарбалас тірлік. Әне, қора жақтан бұзаудың мөңірегені, оған жауап қатып, ала сиырдың еміренгені естіледі. Өрістен оралған қой-ешкілер де төлдерімен жамырасып мәре-сәре. Есік алдында екі ошақта от жағулы. Бірінде тамақ, екіншісінде сүт пісіріліп жатыр. Оған қоса сексеуілдің шоғы салынған самаурын да әндете ызылдап, екі иінінен дем алып қайнап тұр. Кешқұрым әр үйдің есігінің алдында осындай көрініс.


Әне, көрші апай шоққа піскен нанын тападан алып жатыр. Ал мына жақтағы жеңгей қарашүйдің түндігін жауып, ауладағы «түтіндігін» тұтатты. Өйткені кешкілік шыбын-шіркей шығады. Содан қорғанудың амалы осы. Анау жас келіншек аппақ шаңнан көзі ғана жылтырап, құмшауытта ойнап жүрген баласын жетектеп келеді. Көшенің арғы бетінде тұратын атай да өрістен кешіккен сиырларын қарайлап жүр. Иә, күнде осылай, көршілер бір-бірін көріп отырады. Өйткені үй-үйдің арасын аласа шарбақ қана бөліп тұр. Қойы қоралас, ыдыс-аяғы аралас. Көңілдері көл-көсір, кең пейіл жандар…


Ауылдағы көп үйде құлып жоқ, ара-тұра алысқа жол жүретін болса, әзер дегенде табылады, әйтеуір. Ондайда үйіне, қорадағы малына қарауды да көршілер бір-біріне тапсырады. Оны айтасыз-ау, «жазатайым керек боп қалар» деп үйдің кілтін де табыстап кететінін қайтерсіз?.. Иә, сосын әке-шешесі той-томалаққа кеткенде, көршілердің балалары бір-бірінің үйінде қона жатады. Бәлкім, содан болар, туысыңдай бауыр басып қалатыны…


Күн бата егіс басынан оралған көліктер ауыл ішін әп-сәтте азан-қазан ғып жібереді. Таңмен таласа егіс басына кетіп, қас қарайғанда қайтқан еңбек адамдарының қабағынан еш кірбің байқалмайды. Қайта, бір-бірін қалжыңмен қағытып, кеу-кеулесіп, көңілді оралады. Сол көліктерді күтіп тұрған кішкентайлар бірі әкесінің, енді бірі көкесінің алдынан жүгіре шығады. Өйткені олар сырттағы бақшалығынан балаларға қауын-қарбызын, қорадағы қозы-лаққа бір бау майса шөбін ала келеді. Ал әлгінде ошақтағы піскен ас, бұрқылдап қайнап тұрған самаурындар тек осы кезде ғана есіктен енеді. Өйткені, ауылдың тәртібінде, ешбір отбасы әкелері келмей асқа отырмайды.

Шіркін, ауыл дастарханы бөлек қой, таба нанын, сары майын, құрт-ірімішігін айтсаңшы! Осы күні жарнамасы жер жаратын шытырлақ қағаздағы тәттілердің бәрі бұл тағамдардың тамшысына да татымайды.


Иә, мен өскен ауылдың тіршілік тынысы осындай болатын. Сағым қуған сол күндер сағындырады. «Сағым қуған» деген сөздің түп-төркінін де осы күні түсінгендейміз. Расында, беймәлім болашағыңнан бақыт күтіп талпыну, арман-қиялыңнан ақиқат іздеп шарқ ұру, шынында сағым қуғаның емес пе?..


Ауылға бардым. Арада жиырма жылдан астам уақыт жылжып өткен. Көшеде баяғыдай асыр салып жүрген көп бала көзге шалына қоймады. Көршілер де бұрынғыдай бір-бірін күнде көрмейтін сияқты. Алыстан сәлемдеседі. Баяғы аласа шарбақтар алынып, оның орнына биік-биік дарбазалар орналасқан. Есік алдындағы ошақта көңірсіген от та көрінбейді, ара-тұра болмаса… Әне бір жас келіншек нан мен сүтін дүкеннен сатып алып келеді…


«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген. Әрине, бұл өмірдің ағымы, уақыттың талабы. Жаңа дәуір жаңалығы – тұрмыстық техникалардың қолжетімділігі ауыл тірлігінің де арнасын бұрып жіберген секілді. Жаңалық деген жақсы ғой, әйтсе де мен баяғы ауылымды сағындым…

Ғазиза ӘБІЛДА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<