Төрт мезгілдің тосын мінезінен ықпай, ыстық-суығына жығасын жықпай, жал-құмды тістеп өсіп, жан-жағына жұпар шашып тұратын жусандай жанкешті, бүтін ғұмырын кіндігінен байланған туған өлкенің тағдырына түйіндеген тұлғалар аз ба, бұл маңайда?! Арғықазақ пен бергіқазақтың бес астанасы кереге керген Сыр бойының шежіресін шыжымдасақ, ат үстінде тақымы құрғамаған батырлар, кеудесіне жыр қамаған ақындар, шеребемен ширатып сөз бастаған шешендер, «көргені жақсы көш бастаған» көсемдер тағылымы жадыңа жарық құйып, жүрегіңе жылы ағыстай жүгіріп, андағайлап шықпай ма, алдымыздан?! «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы бойынша солардың шынайы бейнесін ақтаңдақтар тозаңынан аршып алып, бүгінгі ұрпаққа үлпәт үлгі, үзілмейтін үрдіс етіп жатырмыз. Аллаға мың да бір шүкір десек те, кешегі кеңес дәуірі туралы тіл қатқанда, аңысын аңдап, ақырын басып, айналаға алақтай қарап, қарадай қуыстанып, әлденеден сақтанып, күмілжи беретініміз неліктен екен? Социалистік қоғамның жепігін желге суырып, қызылын шымшып теріп, тарихтың қырманына құйсақ болды, аттандап шыға келетін жұрт көп бүгінде. Рас, кешегі жүйенің қиянат-қияпатынан сүйегің сыздап, жүрегің мұздап, иегің кемсеңдейді… Алайда сол кезеңдерде туып-өссе де, бабалар рухын бойына сіңіріп, болмысын бұзбай, ұлтқа кіршіксіз қызмет еткен әкелеріміз бен ағаларымызды қалай ұмытамыз?
«Ақ» пен «қызыл» аяусыз жұлқысып, ақырсында кеңес өкіметі біржолата орныққанда, азаттықтың алысқа кеткеніне көзі жеткен Ахмет Байтұрсынов шарасыздықтан: «Ағы» не, «қызылы» не, жігіттер, ебін тауып елге қызмет етейік енді»… деген екен. Алаш ардагерінің аманаты санасына сәуле түсірген қазақтың біртуар азаматтары кеңестік құйтырқы саясаттың қабатында, жан-дүниесінің қалауын жан баласына сездірмей, ұраншылдықтың ұрасына ұрынбай, көзсіздіктің қазығына бұрылмай, жалаң қылыштың жүзімен жалаңаяқ жүгіріп, «ебін тауып елге қызмет етті».
Қырық жылдай Сыр өңірінде басшылық қызмет жасаған, абырой-даңқы ауыздан ауызға озып, аңызға айналған, қиянатқа жасымаған, сияпатқа тасымаған Қонысбек Төрешұлы Қазантаев есімі де ел жадында ерекше сақталды.
Әдетте, Қайраткер хақында ой тербегенде, екіұдай сезім кешесің. Өмірбаяны өңірдің көз алдында тұрған Қонысбек аға жайлы жазу тіпті де қиын. Ол кісі туралы жұрт жатқа біледі – үлкені ұлықтайды, кішісі қастерлейді. Жазу үстелімде жатқан «Мәңгілік ізін қалдырған» керіскедей кітапты төңкеріп оқып тауысқам, тұтамдай артық әңгіме жоқ, бәрі қаз-қалпында, адал қөңілден шыққан аяулы естеліктер…
«Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың қайраткерлігі жайлы қалам тарту – екінің бірі, егіздің сыңары түгілі, мыңның қолынан келе бермейтін, құлашы жетіп, құшағына, уысына сия бермейтін, небір мықтылардың да тәуекелі жетпейтін аса жауапты, қиын, мәртебелі де абыройлы жұмыс. Қай жағынан қарасаң да, терең тұңғиық, өте күрделі, жұмбақ тұлға. Өйткені ол кісінің бойындағы бар жақсы қасиеттері бірді-екілі көрген адамға, қарапайым, қарадүрсін, қаруланбаған көзге сырты жылтырап, менмұндалап, айқайлап көріне бермейді» дейді ұзақ жылдар Қонысбек Қазантаевтың дәргейінде қызмет істеген, ілім-білімі мол аға Сейілбек Шаухаманов. Оған күмәніміз бар ма? Кейін, әкеміз зейнеткерлікке шығып, Қызылорда қаласына көшіп келгенде, үлкендермен ілесіп барып сәлем бергеніміз болмаса, білетін дерегіміз – замандастары мен шәкірттерінің мерзімді баспасөзде жарияланған естеліктері мен ыстық лебіздері ғана. Бірақ сол естеліктерді оқып, келелі басқосуларда қайраткер жайлы әңгімелерді тыңдай отырып, Бауыржандай аңызға айналған осы бір жанның жаныңа соншалықты жақындығын сезінесің. Балаң кезімде әкем Өтетілеу «Сыр бойында болыс көп, ең ірісі – Қонысбек» деп айтып отыратын. Қариялардың аузынан құлағым шалған Алмат, Самұрат, Төребай билер, Ақмырза ахундардың заманында өмір сүрген шұбартөс, шынжырбалақтардың бірі шығар деп тұспалдайтын балаң көңіл. Сегізжылдықты бітіріп, Қармақшы ауданының орталығындағы орта мектепте оқуымды жалғастырғанда, Света Қазантаева деген қызбен бірге дәріс алдық. «Қонысбек Қазантаев менің әкем ғой, дұрысы, марқұм әкемнің туған ағасы, Тереңөзек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы» дегенде, шалқамнан түсе жаздадым. Үшінші рет әкеміздің есімін Алматыда естідім. Жалағаш аудандық газетінің қызметкері, республикаға әжептәуір танылып қалған ақын Мәлік Аяпов ҚазМУ-дың журналистика факультетінде сырттай оқитын. Кезекті сессияға келгенінде сәлем беруге барып, Асқар Кіребайұлы, Бексейіт Шайланов ағамыз бар, шәй ішіп отырғанымызда, бір әңгіменің ұштығын шығарған.
– Қонекеңнің арқасында бір ажалдан қалдым. «Итішпесті» ішіп жүріп көзге түсіп қалсам керек, бастауыш партия ұйымы мәселемді аудандық партия комитетінің бюросына қабырғасынан қойыпты. Бюроның не екенін білеміз ғой, тозақтың қазанында қайнап шығасың. «Қош, партбилет, қош, «Жаңадария» (газет) деп, мойным салбырап мәжіліске кірмеймін бе. Қадалған көздер өңменнен өтеді. Бюро отырысын, әдеттегідей, бірінші хатшының өзі жүргізді. Бастауыш ұйымның қаулысы қатал, партиядан шығарып, жұмыстан босатуға ұсыныс беріпті. Әншейінде бюроның күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты кесіп-пішіп турасын айтатын хатшы қиналып отырған сыңайлы. Ұсыныс оқылып болғанда, талқылауға түсірмей, бірден өзі: «Роман жазатын кезің емес пе, шырағым, ит ішпейтін арақты ішіп, аузыңды былғап, не істеп жүргенің бұл… Енді менің алдыма мұндай мәселемен келуші болма!» – демесі бар ма! Бюро мүшелерінің бәрі үн-түнсіз, аң-таң! Ағаның маңдайынан ескен «алтынкүрек» желі жүрегімнен кіріп, табанымды қыздырғандай. «Рахмет, Қонеке, сеніміңізді ақтаймын» деуге ғана тілім келіп, бұрқ етіп қарашығымды тұтқан көз жасымды көпшілікке көрсетпей, сыртқа ата жөнелдім.
– Сосын не болды? – дейміз бейне бір атақты жапон жазушысының мөлтек әңгімесін тыңдап отырғандай.
– Не болушы еді? Партбилетімнен айырылып қалмағаныма өлердей қуанып, қызметтен босатылғаныма оншалықты өкіне қоймай, өлең жазып жаттым. Біреуінен үзінді оқып берейін.
«Роман жазатындай кезің еді.
Неге жұрт сенен, балам, безінеді?
Не мынау, ит ішпейтін арақ ішіп,
Түріңнен бүлінгенің сезіледі».
Дегені есімде сол бюродағы,
Білмеймін, бюро қалай ұйғарады?
Қонекең «меніңшені» «менше» дейтін,
Менше, жетер жігітке, жиналады».
Шын айтсам, жақсы ісімнен
масқарам көп,
Көбісі мені онша қостаған жоқ.
Қонекең қорғап қалды бір ақынды,
Бюродан шықтым мүлде басқа адам боп.
Жазғаным қоспасы жоқ шындық еді,
Бюрода жылы сөйлеу сұмдық еді.
Азамат болып жүрсем ел қатарлы,
Бір ауыз сөзден болар, кім біледі?!
Өлең бәрімізге сұмдық әсер етті. «Детектив!» «Баллада!» – деп жамырасып жатырмыз. Әдеттегі асығыс мінезіме мініп:
– Мәлік аға, оқиғаның аяғы немен тынды? – демеймін бе.
– Айттым ғой, бір жарым ай үйде өлең жазып жаттым. Бір күні «Қазантаев шақырып жатыр» деген хабар жетті. Жүрегімді қолыма ұстап, хатшының кабинетіне кірдім. Көрнекті киінген Қонекең амандық-саулықтан соң, жұмсақ даусымен:
– Мәлік тіршілігің қалай? – деп сұрады.
– Онша емес…
– Ендігі ой-мақсатың қандай?
– Ешқандай мақсатым жоқ… – деп шынымды айттым. Жазудан басқа қолымнан не келуші еді?
– Онда, былай. Дүйсенбі күні жұмысыңа барып, бұрынғы бөлім меңгерушісі қызметіңе кірісесің, – деді. – Партия ұйымының хатшысы мен редакторыңа айтып қоямын.
Пір тұтып жүруші едім бұрында да,
Сөздері жеткен Мәскеу, Қырымға да.
Құрметті Қонекемді есіме алған,
Бұл менің кіп-кішкентай сырым ғана, – деп аяқтады әңгімесін ақын.
– Бюрода, хатшының өзінен бір жарым айлық ақысыз демалыс алып шыққан екенсіз ғой, – деп күлісіп жатырмыз.
Соңырақ Мәлік Аяпов ағамыз Жалағаш аудандық газетінде басшылық қызмет атқарып, ортасында абыройлы жүрді. Біз сияқты «жаман» інілеріне қамқор болды. Өндіртіп өлең жазды. Тек ертерек өмірден көшкені өкінішті-ақ. Пейіште нұрың шалқығыр ағам-ай, Қайраткердің мөлшерсіз жақсылығының жұқанасын ғана жайып, жанымызға ізгілік нұрын құйғаныңды білсең етті…
Кешегі кеңес дәуірінің «қызығы мен шыжығын» отыздың ортасына жеткенше біз де көргенбіз. Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде қызмет істеген кезімізде «ескілік қалдықтарымен аяусыз күрес» науқанының қаны басына шапшып тұрды. Құдай жоқ, Алла жоқ! Мұхаммед пайғамбарыңыз алыпсатар саудагер екен! «Ораза» денсаулықты бұзады! «Намаз» нәмақұлдың ісі! Құдай-ау, не керек, атеизмнің ақшаңдағына түсіп алып, «дін – апиын» деп аттанға, айқайға басамыз. Ауданымыздағы Жүніс, Смағұл молдалардың шапанын теріс кигізіп, Алладан мың да бір кешірім, газет бетінде «сойып» жатырмыз. Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті халық емшісі Дәмеш апайдың ізіне шырақ ұстап түсіп алған. Редакциямызға алмасу әдісімен облысымыздағы барлық аудандық газеттердің нөмірлері үзбей келіп тұратын. Кім не жазды екен деп парақтаймыз ғой баяғы. Әріптестеріміз «партияның тапсырмасын асыра орындауда». Тек Жалағаш аудандық «Жаңадария» газеті ғана тым-тырыс. Көз алдау үшін бірді-екілі тақырыптық сықақ өлеңдер беріп қояды. Факті жоқ… Қазантаевтай басшысы бар ауданның науқаннан тыс қалғанына таңданамыз. Сыр бойындағы дін-исламының ірі өкілдері Қалжан ахунның салдырған мешіті бар, Мырзабай ахунның қабірі жатқан ауданда қордасыз жер, молдасыз ел бола ма? Неге болмасын, «Аққыр» кеңшарында Бұқарадағы «Көкілташ» медіресесін бітірген, жоғары білімді тарихшы, кезінде аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарған, мектеп директоры, ұжымшар басқармасының төрағасы қызметтерін атқарған, байырғы коммунист Ідіріс Ақмырзаев дейтін молда бар. Аты аймаққа мәлім. Бірақ науқаншылдықтың сойылы сол кісіге қаға да тиген жоқ. Мәнісін бертін келе «Аққыр» кеңшарының партком хатшысы Көптілеу Тоқсановтың естелігінен оқып, білдік.
«Бірде Ідіріс ағаның үстінен аудандық партия комитетіне дінді уағыздап жүр, қайтыс болған кісілерге намаз шығарып, ақша, мал табады деген мазмұнда арыз түседі. Бұл мәселені партия жиналысында қарамас бұрын Қонекеңе кіріп, пікірін білгім келді. Сонда хатшы:
– Ідекең – халық сыйлайтын жақсы ағаның бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері. Қармақшы, Жалағаш ауданы азаматтарының көбі ол кісіден тәлім-тәрбие алған. Сондықтан партия қатарынан шығару маған да оңай болып тұрған жоқ. Бала-шағасы баршылық қой, кеңшардан бір штат бөліп, жұмыс беріңдер. Сосын менен сәлем айт, халық үйде отырса да, беретінін береді, – деді. Не керек, Қонекеңнің айтқаны болды. Партия қатарынан шығарылған жоқ, қайта жағдай жасалынды».
Жалпы, коммунист атауына небір асыл теңеулерді тели беруге болатын шығар. Бірақ ешкім де «иманды» деген сөзді қосақтамайтын. Естігенім де, оқығаным да жоқ. Ал, бірақ біздің Қайраткер «Иманды коммунист» болып шықты!
Қара ормандай құның бар киелі елге,
Қарағайдай інің бар – сүйенерге.
Балға салып сақтайтын басыңды, аға,
Бәзбіреудің алдында ие көрме.
Көргендей бір тәңірдің сүгіретін,
Сіз емес пе – сенетін құдіретім.
Біз емес пе – сүлгі іліп иығына,
Құман ұстап алдыңнан жүгіретін?!
Cұрамай-ақ ешкімнің арғы атасын,
Жолымызды жарыққа жалғатасың.
Балғын кезде қоңдырып бұтағыңа,
Болған кезде биікке самғатасың.
Тіршіліктің тезіне ерік бермей,
Мейіріміңді жүресің төгіп көлдей.
Сәл-сәл ғана жымиған сәтіңіз де,
Самарқанның көк тасын еріткендей,
Парасат пен парыздың үрдісіндей,
Есіміңді ел төбеден жүр түсірмей.
Жаңғырып тұр әр сөзің жадымызда,
Хан салдырған сарайдың кірпішіндей.
Құлақ түрмей жел сөзге алақашпа,
Жеміс төккен ұқсайсыз нар ағашқа.
Қолтаңбаңыз қариды көзімізді,
Тереңөзек, Шиелі, Жалағашта,
Өмір деген – бұрма жол бұрқағы көп,
Бұрқақ жолда дәрпіңіз шырқады кеп.
Төл тарихқа таңбалап қойдық Сізді,
Ұлы дала, ұлан бел ұрпағы деп!
Үлгіңіздің өшпейді бәрі де естен,
Әлдилейді самалдай сәріде ескен.
Арман бар ма, шіркін-ай, мына бізде,
Табиғатын тұлғаның танып өскен!
Ғұмырыңыз өткен жоқ текке, білем,
Жарқырайсыз жұлдыз боп көк төрінен.
Жариямайдай жар салып жүрміз бүгін,
Қонекеңнің шықтық деп мектебінен, – деп, қай кезеңдерде Қайраткердің шалғайына оранып жетілген шәкірттерінен артық тани аламыз ба, Қазантаевтың болмысын? Жоқ, тағы да жоқ! Амалсыз ағалардың, кеңес дәуірінде де, тәуелсіздік тұсында да туған өңірімізге адал қызмет етіп, біздің «пірімізге» айналған көкелеріміздің естеліктеріне назарымызды тігеміз. Кеше ғана тік тұрып, тік жүрген қалпында дүниеден көшкен, аймақтың айбаты, қазақ елінің қатепті қара нарларының бірі, сөйлесе, аузынан алтын төгілген Сейілбек аға Шаухаманұлы айтады:
«Қонекеңнің шынайы, шын, толық бейнесін жасау үшін, кісіні терең түсініп, жан-жақты білу үшін, әділ бағалау үшін, кімге де болса, үлкен дәреже, деңгей, білім, ақыл, парасат, тәжірибе, ұзақ уақыт қажет. Ол үшін Қонекеңмен бірге ұзақ жылдар қызметтес, тұздас, дәмдес, тағдырлас, замандас болу керек.
Шынында да солай. «Сыр бойының Жуковы» атанған, үш мәрте «Ленин», «Қазан Революциясы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, еліміздегі аудандық партия комитеттері хатшыларының арасынан алғаш рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының мүшелігіне, Жоғарғы Кеңестің депутаттығына сайланған Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың портретін жасау темір етікке нәл қаққандай ауыр, қаламыңның ұшынан алтын тамып тұрса да, ақиқатына жете алмайсың. «Ол кісіні жұмыста, тұрмыста, өмірде, жеңісте, қуанышта, қайғыда, ақыл үстінде, ашу үстінде, жылағанда, күлгенде, халықтың алдында, отбасында, қонақта, дастарқанда, туыстарының, жолдастарының, достарының, бақталастарының ортасында көру керек, білу керек» деп толғаған Сейілбек аға бірде Қонекеңнің үш рет Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылып, жолы болмай қалғанын айтқанда:
Жерге бұрып маңдайын, елге бұрып,
Жүйрігім-ай, жүйткіген желге мініп.
Батыраштар бағыңды байлады ма,
Қырық қабат алдыңнан керме құрып, – деген шумақтың тіліме орала кеткені. «Ердің үш кезегін» де тартып алған заман-ай. Бірақ халықтың махаббатынан артық атақ бар ма, сірә. Пәниден озғанына жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, Сыр жұртшылығы, дәп күнде көріп жүргендей, Қонекеңнің еңбек ерліктерін, асыл қасиеттерін, тазалығы мен адалдығын, ел басқару ісіндегі шалымдылығын, тұтас мамандар шоғырын өсіріп шығарғандығын, сол шәкірттерінің жылдар бойы аймағымызға қалтқысыз қызмет етіп, абыройға бөленгендігін жағын сауып, тілге тиек етуде.
Тазалық демекші, Қазантаевтың ең бір жек көретін нәрсесі парақорлық, жосықсыз сияпат, дүниеқоңыздық екен.
«Шіркейлі» кеңшарының бас экономисі Нұрылда деген кісі өз шаруасын білетін, қулық-сұмдығы жоқ, оның үстіне Қонекеңмен сыйластығы бар жан екен. Бір күні ауылының жігіттері келіп: «Қазантаев бір жылдық демалысын алып, курортқа жүрейін деп жатыр. Мына бес мың сомды бәріміздің атымыздан апарып беріңізші, жол-пұл болсын, – дейді. Нұрекең алғашында азар да безер болады, жалынып қоймағасын, ақшаны қалтасына салып, Қонекеңнің кабинетіне кіріп, жігіттердің сәлемін жеткізеді. Хатшы сазарып отырып қалады. Қатты әңгіме айтуға жолдасының көңіліне қарайды, жай айтайын десе – қылығы мынау…
– Рақмет, – дейді ақшаны қайтарып беріп жатып. – Жігіттерге сәлем айт, мына дүниені кеңшардың кассасынан алсаңдар, орнына қойыңдар. Қалталарыңнан шығарсаңдар, әркім өз ақшасына ие болсын.
– Ойпырмай, – дейді сыртқа шыққан Нұрекең. – Бекер-ақ араласқан екенмін. «Кірейін десем – жер қатты, өлейін десем – жан тәтті», есіктен бетіммен жер басып шықтым-ау…
Жаңадан директорлыққа сайланған жас жігіт кезекті демалысқа жиналған Қонекеңе «өзіңізге деген ықыласым еді» деп конверт ұсынады. Хатшы басын шайқап, таңдайын қағып тұрып:
– Қайтсем екен, ә? – дейді тыжырынып. Директордың иманы ұшады. Қазір көпшілікті шақырып алып, масқара қылар деген қауіп те жоқ емес. Сірә, абыржып қалған жігітке мейірімі түссе керек, түсін жылытып: – Мынаның ішінде қанша сом бар? – дейді.
– 400 сом!
– Осынша ақшаны қайдан алып жүрсің?
– Қонеке, жаздырып алған өзімнің екі айлығым, ешкімнің көк тиынына тиген жоқпын…
– Ендеше, рахмет. Өзің жас директорсың, бұл ақша қазір саған керек. Шынымен ағаңа ықыласың ауса, мен қызметтен түскен кезде әкеп берерсің, – деп конвертті өзіне қайтарып беріпті. (Ыбырай Сейпуловтың естелігінен).
Қонысбек Төрешұлының өшпейтін даңққа бөленуінің бір сыры – мамандарды таңдауда қателеспейтін көрегендігі. Бұл ретте ол тістіге тұяқ бермейтін Қамбар Ата сияқты, қаракөктің үйірінен хас тұлпарларды бөліп айырып, баптады, баулыды, «түндіктен ас берді, түтікпен су берді, бәйгеге қосып, бағын ашты, көлденең көк аттыға омыраулатпады: – облыстық білім басқармасына жәй нұсқаушылық орынға кетіп бара жатқан жас мұғалімді жолдан тоқтатып, туып-өскен ауданындағы мектепке директор етіп жіберді. Сырдария ауданы «Қараөзек» кеңшарының директоры креслосына Біржан Көштаев ағамыздың арқасы тиіп үлгермеді, Қонекең қақпайлап әкеп, «Жаңадарияның» (кеңшар директоры) жазығына тұсаулады, ауылда балабақша меңгерушісі қызметіндегі Алмагүл Божанованы қолынан жетектеп, аудандық жастар ұйымы басшылығының тізгінін ұстатты. Кейін Алмагүл апайымыз тәуелсіз еліміздегі алғашқы әкім қыз атанып, Сырдария ауданын басқарды, облыстық мәслихаттың хатшылығына сайланып, қоғам және мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді. Бұл мен білетін деректің мыңнан бірі ғана… Әйтпесе, Қонысбек Қазантаевпен әріптес болған, тәрбиесін көрген ағаларым мен апаларымның есімдерін атауға сараңдық жасап отырғаным жоқ, қайсыбірін айтып тауысайын…
«Қонекеңтануды әрі қарай жалғастыру тарихқа, уақытқа, халыққа, азаматтарға, бәрімізге аманат» деп Сейілбек ағам айтпақшы, ірі мемлекет қайраткерлері Қонысбек Қазантаев, Исатай Әбдікәрімов, Елеу Көшербаев, Тәкей Есетов, Көмекбай Қаракөзов, Ідіріс Қалиев, Сейілбек Шаухаманов, т.б. сияқты әкелеріміз бен ағаларымыздың өмір жолдары, басқару ісіндегі біліктіліктері мен тәлімді тәжірибелері, ұстаздық ұстанымдары, жеке бастарының моральдық-мәдени қасиеттері бүгінгі қоғамға сұранып тұрған ұлттық құндылықтарымыз болса керек. Аманатқа қиянат жүрмейді. «Рухани жаңғыру» жобасы ауқымында Тұлғалар тағылымын жинақтап, көрнекі-ақпараттық-танымдық дүниеге айналдырып, ел арасында кеңінен насихаттап, ұрпаққа ұлағат ету мақсаты алдымызда тұр.
Әңгімемізді Қонысбек Қазантаевтың шәкірті, әріптесі, үлкен шаңырақтың тілеуқоры, мемлекет және қоғам қайраткері Сәмит аға Далдабайұлының естелігінің екі ауыз сөзімен тәмамдасам…
«2000 жылы 1 мамыр мерекесімен құттықтай барып, қасында бір-екі сағат отырып, әңгіме шертіскенбіз. Ертеңіне «Қонекең келіп кетсін дейді», – деп Бағжан апамыз телефон шалды. Бардым. Екеуміз ғана. «Сәмит, ана інілеріңе ағалық жасауға тиістісің… Бір жұмыс бар, ертең Ғанимен бірге Қармақшыға барып қайтсаң, ата-бабаларымыздың жамбасы тиген жер ғой, Қорқыт ата бекеті бетіндегі қорымнан менің орнымды өзің белгілесең». Біз үшін биік те заңғар тұлғаның мынадай сөзінен кейін тілім байланып қалды. Ішім уылжып, көңілім босады. Үндей алмай, Бәкеңнің бөлмесіне қарай шығып, көзімнің жасын сүрттім. Ол кісі де әңгіменің ауанын шамаласа керек, «ағаң жұмысын айтқан шығар» деп кірпігін сулады. Ертеңіне Ғани екеуміз, Жосалыдан Қонекеңнің туған інісі Бектай бар, ағаның мәңгілік қонысының орнын белгіледік. Айту ауыр болғанымен, лаж жоқ, келіп, тапсырманың орындалғанын баяндадық. «Дұрыс болған екен, – деді Қонекең ризашылығын білдіріп. – Бұл жұмыс та бітті…»
…Құдай-ау, ажалды да жұмыс деп түсінетін жандар бар екен-ау, бұл өмірде!
Шаһизада Әбдікәрімов,
Қазақстанның құрметті журналисі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<