Мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдық, Ілияс Қабыловтың 115 жылдық, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың 90 жылдық мерейтойларына орай Жалағаш кентінде «Тағзым» алаңы ашылды.
«Тағзым» алаңының ашылуында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, ҚР Парламенті сенатының депутаты М.Бақтиярұлы, сөз сөйлеп, аудан тұрғындары мен мерейтой қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіз қазақ елінің тарихында өзіндік ойып алар орны, бай шежіресі бар Жалағаш ауданында «Алтын дән» мерекесімен қатар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдық, Ілияс Қабыловтың 115 жылдық, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың 90 жылдық мерейтойларын атап өтуде. «Тағзым» аллеясын салу, осы елдің гүлденуіне, ынтымақ, бірлікті сақтауда, еңбектің даңқын асыруда, Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге жұмыс жасаған халық мақтан тұтар белгілі азаматтардың есімін үлгі ету, ұрпақ бойына ұлағатты жолды паш ету мақсат болғаны айқын. Міне, сол мақсат бүгін өз көрінісін тапқандай болып тұр – деді облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті сенатының депутаты М.Бақтиярұлы да айтулы мерейтойда ауданнан шыққан даңқты тұлғаларға құрмет көрсету – «Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Тағзым» алаңына ауданнан шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың, қызыл империяның қыспағына шыдамай қылыш көтерген Қарақұм қөтерілісі құрбандарына арналған ескерткіш, ғасыр апаты болып тарихта таңбаланған Семей, Чернобыль зардабынан көз жұмған азаматтар мен Ауған соғысында мерт болған жауынгерлерге арналған ескерткіш-бюсттері қойылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<