Азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау – басты міндеттердің бірі

170

0

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды жүзеге асыру.
Бұл ретте, азаматтармен бірге мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарын қорғау, ал бұзылған жағдайда қалпына келтіру – департаменттің негізгі қызмет бағыттарының бірі.

Мысалы, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімдері негізінде Кодекс талаптарын бұзғаны үшін 2 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 3 мемлекеттік қызметші әр түрлі тәртіптік жазаларға тартылса, 1 тәртіптік істің қаралуы тоқтатылған.

Атап айтсақ, департаменттің қарауына түскен Шиелі ауданының тұрғыны Е.-ның шағымы негізінде Қызылорда облысының білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімі басшысының әрекетіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Өз кезегінде, шағым иесі аудандық білім бөлімі басшысының жеке қабылдауында болған кезде оның дөрекілік танытып, ар-намысына тиетін сөздер айтып, сыпайылық танытпағаны үшін шара көруді сұраған.

Аталған уәждерді нақтылау мақсатында бөлім басшысынан түсініктеме алынып, онда Е.-ның шағымында көрсетілген уәждерімен келіспейтінін көрсеткен.

Дегенмен, Е. ұсынған аудиожазбаны зерделеу барысында аудандық бөлім басшысы тарапынан әдептілік нормаларын сақтамағаны белгілі болды.

ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 6-тармағының 4) тармақшасында мемлекеттік қызметшілерге азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы тиіс делінген талаптар қойылған.

Тексеру нәтижесінде жинақталған дәлелдермен бөлім басшысының мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын бұзылуына жол бергендігі анықталды.

Аталған факті бойынша бөлім басшысына қатысты тәртіптік іс қозғалып, Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралып, кеңес шешімімен оған «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылды.

Шешімді қарау нәтижесімен Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының 2025 жылғы 14 мамырдағы №50-ж/қбұйрығыменаудандық бөлім басшысына «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Сөйтіп, Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен Е.-ның бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, департамент мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне тоқсан сайын талдау жүргізіп келеді. Талдаудың нәтижесімен 4 мемлекеттік қызметшіге қатысты заңсыз қабылданған тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күші жойылып, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Бұдан бөлек, жұмыс уақыты режимінің бұзылуының алдын алуға және оған жол бермеу мақсатында 11 мониторинг жүргізіліп, 11 үстеме жұмыс жасау фактісі анықталды. Департаменттің хаты негізінде 51 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, оларға 117 сағат демалыс сағаттары берілді.

Сондай-ақ, департамент 2024 жылдың қорытындысымен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне сыйақы беруде заңдылықтардың сақталуына талдау жүргізді.

Талдау нәтижесімен 6 мемлекеттік қызметшіге негізсіз сыйақы берілмегендігі, олардың құқықтарының бұзылуына жол берілгендігі анықталды.

Аталған мәселе, Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, қабылданған шешім негізінде 6 мемлекеттік қызметшіге сыйақы төленді.

Департамент алдағы уақытта да өз міндеттеріне сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалардың сақталуын бақылаумен қатар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарының бұзылмауын қадағалайтын болады.

Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Е.Ж.Мендалиев