Биыл Қазақстанда Ми-8/17 тікұшақтары құрастырыла бастайды. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«№405 Алматы авиажөндеу зауыты базасында Ми-8/17 тікұшақтарын құрастыруды ұйымдастыру бойынша уағдаластықтар жасалды. Биыл біз құрастырудың бірінші кезеңіне кірісуге тиіспіз. Атап айтқанда, бұлар өте сенімді тікұшақтар. Техника түрлі салаларда өзін жақсы көрсете алды. Сондықтан жақсы сұранысқа ие болып отыр», – деп тоқталды министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылы іске қосылған авиация техникасын құрастыру, жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі Авиациялық-техникалық орталық базасында 10 майдан ұшақтарына және 4 әскери-көлік авиациясы ұшақтарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың 30 пайыз көлемін тікелей орталық орындайды. «Бұл шаралар авиация техникасын жөндеу және техникалық қызмет көрсету процестерін локализациялау есебінен қазақстандық қамтуды одан әрі ұлғайтуға, сондай-ақ жыл сайын шетелге жіберілетін қаражаттың елеулі бөлігін Қазақстанда қалдыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, жұмыс орындарын құруға, отандық авиация өнеркәсібін дамытуға жол ашылады», – деп атап өтті Атамқұлов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бейбіт Атамқұлов Астанадағы Еврокоптер орталығында Ресей, Украина, Моңғолия және Орталық Азия елдерінен тікұшақтар жөндеуден өтіп жатқанын атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<