Қазақтың жаны – қолөнер

427

0

Қазақтың жаны – қолөнер Біраздан бері үзілген тінді қайта жалғағандаймыз. Өткен жылдан бастап ауылдарды аралап, оның тыныс-тірші­лі­гімен танысудамыз. Оған себеп – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласы. Өткенді тірілтіп, өш­кенді жандыру бізге парыз. Осы тұрғыда өңірдің бірқатар елді мекенін араладық. Соның бірі – Жосалы кентінен 140 шақырым қашықтықта жатқан Т.Көмекбаев ауылы. 

Түтіні түзу ұшқан ауылда қаза­қылықтың қаймағы бұ­зыл­маған. Олай дейтініміз – мұнда ұлттық дәстүрді сақ­тап, қазақтың қолөнерімен  айна­лы­сатындар  же­терлік. Соның бірі – Шамшырақ Жантуарова. Өзінің айтуынша, ол инені қолына  бес жасынан бастап ұстапты. Бала кезден-ақ ана­сына қолғабыс етіп, тігін­шілікке төселіпті. Бүгінде бес баланың анасы ауылдың сый­лысы, кәсібін дөңгеленткен жан.

– Іс тігуге, тоқымаға өте құ­мар­мын. «Қолөнер – қа­зақ­тың жа­ны» деген рас. Жалпы отба­­сы­мызбен ұлттық өнердің жана­шырымыз, – дейді ол.

Шебер өткен жылдың ая­ғына таман «Бизнес Бастау» бағ­дар­ламасымен 600 мың теңге кө­лемінде қаржылай несиеге қол жеткізіп, оған үш түрлі тігін машинасын сатып алған. Кәсібін осылайша ке­ңей­туді мақсат еткен шебер құжат жинау кезінде көмек берген ауылдық округ мамандарына дән риза. Бұрын ескі машинамен әуреленетін болса, енді қазір су жаңа жабдығы жұмыс са­пасын арттырып, қолайына жарап тұр.

Бір айта кетерлігі, Шам­шырақ Жантуарова ауыл мек­тебінде еден жуушы болып  еңбек етеді. Кәсіп – оған қосымша табыс көзі. Себебі, көпбалалы отбасына қаражат қа­шан да артықтық етпейді.

– Қолөнер кәсіпте – табыс, өмірде – өнеге, отбасында – тәр­бие. Шын сөзім. Қазір кей адам­ның әлеуметтік жағдайы неге тө­мен? Неге жұмыссыз? Өйткені – қолы бос, жұмысты өзінен емес, көктен іздейді. Жұмыс – адамның алақанында. Ақша – маңдай те­ріңде. Ата-анасы қимылдаса, бала да соған қарап қарекет қылады, – дейді шебер.

Түйін:

Шебер қолды Шамшы­рақтың тігін бөлмесі ұлттық киім-кешек пен басқа да бұйымға толы. Оған сұраныс та, тапсырыс та көп екенін айтады көпбалалы ана. Осылайша шебердің қолынан шыққан талай дүние көптің қажетіне жарап тұр.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,

журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<