Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылында еңбек етудің, мал бағып, егін егудің жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Қазір де көктемгі дала жұмыстарына әзірлік жүріп жатыр. Адам баласының еңбектен бақыт табатынын үлгісімен көрсеткен аға ұрпақ өнегесі ақжарлықтардың бүгінгі буынына да дарыған. Иә, қос аяқтан айырылса да, ел үшін еңбек етуден қашпаған Еңбек ері Қасымтай Ізтілеуов осы Ақжардың төл перзенті. Батырға құрмет ретінде «Ораз Ахун LTD» серіктестігі кеңсесінің алдына оның шынжыртабан тракторын қойған.
– Мына шынжыртабанның тарихы қандай? Ерекшелігі неде? – дедім қызығушылығымды жасыра алмай.
– Бұл трактор біз ес білгелі бар. Менің жасым 40-тан асты. Ауылға маңдай терін төккен Социалистік Еңбек ері Қасымтай Ізтілеуов атаңдыкі бұл. Осы трактордың тізгінінде елге қызмет еткен. Ауылдың ажарын ашып тұр емес пе?! – деп сұраулы жүзбен қарады ауыл тұрғыны.
Еңбек еріне деген риясыз көңіл, ыстық ілтипат екені көрініп тұр. Батырдың бюсті трактордың қапталына орнығыпты. Құдды Қасымтай Ізтілеуов шынжыртабанға қарай келе жатқандай…
Өткен жылы бұл шаруашылықтың 3 қызметкері бір-бір көлікке ие болды. «Алтын күз» мерекесінде қамбасы дәнге толған серіктестіктің мұнан өзге де марапаттаулары болды. Жалпы сомасы 40 млн теңгені мекеме марапатқа жұмсаған. 100 шақты қызметкері бар шаруашылықтың шамасын көрдіңіз бе?
– Бұл шаруашылық бұған дейін қиындықты өткерді. Елдің ықыласы мен пейілінің оң болғаны ғой. Дереу гүлдендіріп ала кеттік. Қазір «Абзал және К» толық серіктестігі инвесторлық етуде. Аяғынан енді тұрып жатыр. Десе де, көп шаруашылықтан алда екені даусыз. Былтыр аудан бойынша 3-орын алдық. Әдепкіде небәрі 3 техника гаражда қаңтарылып жататын. Онымен не істейсің? Қазір 13 техника бар. Екі жыл ішінде небір қуатты тракторларға қол жеткіздік. Міне, нәтиже деген осы, – деді серіктестік директоры Жомарт Жалғасбаев.
Бұл күнде шаруашылық ауыл тұрғындарына жағдай жасай бастады. Әрбір үйге 100 қамыс престен тегін үлестіреді. Ал жоңышқаның әр данасын 200-250 теңгеден сатады. Бұл – әжептәуір жеңілдік. Ардагерлерге, асыраушысынан айырылған және тұрмысы төмен отбасыларына көмектің түр-түрін көрсетіп келеді. Мешіттің отын-суы, көмірі – барлығы шаруашылықтың мойнында. Бақша егетін тұрғындарға жер дайындап, суын апарып береді. Тек егініңді ек те, өніміңді жина.
– Былтыр 1050 гектар жерден 6320 тонна өнім алдық. Бұл әр гектарына 60,2 центнерден келеді. Инвестор «Абзал және К» компаниясымен бірге бір-бірімізге тиімді жағдайда тонның ішкі бауындай біте қайнасып, жұмыс істеп келеміз. Ана жылы ауылдың 60 жылдығын атап өткенде бәйгеге бір автокөлік тіктік. Оның өзі шаруашылықтың бір септігі. Су тапшылығына байланысты күріш алқабының көлемін арттыра алмай отырмыз. Бірақ бұрынғы межеден түспейміз. Науқанға толықтай дайынбыз. Өткен күнге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп, – дейді Ж.Жалғасбаев.
Қазір ауылдан ертеректе қоныс аударғандар қайта келуге ынталы. Жастарды қазақтың қарашаңырағы – ауылға тұрақтандырудағы жұмыстары да жанданып келеді. Елдегі механизаторлардың 90 проценті – жастар. Көңілге қуаныш ұялататыны – осы. Ауылдың бойына қан жүгіріп, тіршілігі түзеліп жатқанын көру кімге де болса бақыт емес пе?!
Науқан кезінде техникалардың кідіріссіз жұмыс істеуі – бас инженердің мойнындағы жүк. Талай жыл осында табан аудармай еңбек еткен Сәдуақас Өмірқұлов ауылдағы атқарылып жатқан сан алуан істің тағы бірін баян етті.
– Көптен бері дән себілмей жабайыланып кеткен жерлерді тазартып, қалпына келтіріп жатырмыз. Осындай 80 гектар жерді дайындадық. Әлі талай жер бар. Біртіндеп іске асыра береміз. Бүгінге дейін 22 гектар көлемді канал тазалап шықтық. Еткен еңбек еш кетіп жатқан жоқ. Елдің батасымен көгерудеміз. Бұйыртса, орталық моншаның құрылысын бастау жоспарда тұр. Одан бөлек, қойма, кең көлемді машина ауласын салу ойда бар, – дейді С.Өмірқұлов.
Серіктестік биыл күріштен басқа 100 гектар жерге бидай, 59 гектарға мақсары, тағы 159 гектарға жаңадан жоңышқа екпек. Күріштің жаңа сорттарын да қолға алмақшы.
– Былтыр 92 адам жұмыс істеген. Биыл осында еңбек етуге ынталылар көп. Қоңырау шалып, ниетін білдіретіндер жеткілікті. Шамасы, биыл 100-ден астам адаммен жұмыс бастайтын сияқтымыз, – деген Ж.Жалғасбаев айтып ауыз жиғанша, есіктен жас шамасы 17-18-дердегі бозбала кіріп келді.
Амандық-саулықтан соң осында жұмыс істеуге келгенін, мамандығы автомеханик екенін айтты. Ал серіктестік директоры арызын жазып қалдыруын сұрады.
– Есімің кім балам?
– Науан.
– Науан, енді сен осы ағаларыңның шәкіртісің. Үйренетінің көп. Еңбектен, талмай-тынбай тер төк. Ынталы азаматтың ырысы мол болады, – деді шаруашылық басшысы.
Туған жеріне туын тігетін жастар Ақжарда жетерлік. Соның бірінің жұмысқа қабылданғанының куәсі болдық.
Ажары кірген Ақжардың айы оңынан туған екен ғой…
Дәулет ҚЫРДАН,
Қармақшы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<