Бағасы – 150 теңге. Қызылордада шұлық шығарыла бастады

309

0

Бағасы - 150 теңге. Қызылордада шұлық шығарыла бастады Бүгінгі кейіпкеріміз Қызылордада шұлық өндіріп, нарыққа шығара бастаған кәсіпкер-келіншек Айгүл Мұханбетжанова. Алғашынды бұл жаңалықты естігенде таңырқап қарсы алдық. Кейін көруге асықтық.

4 баланың анасы Айгүлдің негізгі мамандығы экономист-бухгалтер. Осы уақытқа дейін балық сатып, отбасылық «Арзан балық» дүкенін де қалыптастырып үлгерген. Алғашында жолдасы: «Шұлық шығарып сатуды қолға алайық. Халық шұлықсыз жүрмейді. Бұл да табыс әкелетін кәсіп түрі», – дегенде тың идеяға күмәнмен қарап, бастап кетуге қорыққан. Кейіннен ақылдаса келе, ашуға бел буады.

Кәсіпкер шұлық өндіруді бастамас бұрын жерін заңдастыруды қолға алған. Осы жерде оған Кәсіпкерлер палатасының мамандары көмекке келеді.

«Палата мамандары 1200 шаршы метр жер телімінің нысаналы мақсатын  ғимаратқа қызмет көрсету үшін деп өзгерту үшін тиісті құжаттардың барлығын «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен» бірге дайындап шықты.Нысаналы мақсатты өзгерту барысында жердің жалпы бағалық құны 1 млн. 476 мың теңгені құрады. Дәл сол сәтте бірден төлеп тастауға қаржым болмады. Бұл жерде де Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері жердің кадастрлық құнын келісім шартқа отыру кезінде бастапқы 5% – 73 800 теңге төлеуге, қалған 1 млн. 402 мың теңгені 3 айға бөліп,  467 мың 400 теңгеден бөліп төлеуге болатынын айтты, жолын көрсетті», – дейді Айгүл Мұханбетжанова.

Кәсіпкер келіншек өндірісті ашуға қажетті қаржы – 25 млн.теңгені «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында «Халық банкінен» алады. Ал қажетті құралдарды Қытайдан, шикізатты Өзбекстаннан алдырады.

«Жұмысқа бірден 5 адамды алдым да оқытуды бастап кеттік. Алғашынды біздің қызметкерлерімізді қытайлықтар оқытты. Алайда мамандарымыз тіл білмегендіктен, үйрену оңай болмады. Содан кейін көрші Шымкент қаласындағы әріптестерімізге жіберіп, әрқайсысын жеке-жеке оқытып алдық. Өзім осы мекеменің басшысы екенмін деп кабинетте отырғаным жоқ. Сол жұмысшылармен бірге тауарды әзірлеп, сатудамын. Кәсіпте нәтижеге қол жеткізгің келсе, басы-қасында өзің жүруің керек. Адам жұмсағаннан тірлік бітпейді», – дейді кәсіпкер.

Цехта күніне 350-400 дана шұлық шығарылады. Бағасы да көңілге қонымды, қалтаға жеңіл – 150 теңгеден. Өзіміздің жергілікті шұлықты алғысы келген азаматтар Қызылорда қаласы, Бегім ана №14 Д мекен-жайына баруларына болады немесе 8 701 460 34 30 байланыс телефонына хабарласып, тапсырыс бере алады.

Ал Айгүл Мұханбетжанова алдағы уақытта күнделікті жұмысқа қолданатын қолғаптар мен қаптар, сондай-ақ қыз-келіншектерге арналған колготки де шығармақ. Ендеше отандық өнімнің үлесін арттырып жүрген кәсіпкерімізге сәттілік тілейміз. Жаңа өнімдерін таныстыратын күнге де жетейік.      

Қызылорда облысы 

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<