Бағдарлама берекесі

6

0

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының орындалуы, Мемлекет басшысының ел аумағына 2 млрд түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы мәселелер талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов селекторлық режим арқылы қатысты.

Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде.

Бюджет қаражатына, сонымен қатар кәсіпкерлердің демеушілігі есе­бінен орталық алаңдар, демалыс, ойын және спорт алаңдары жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жөн­делуде. Демеушілікпен Қы­зылорда қала­сының орталық алаңы жаңар­тылып, пайдалануға берілді. Қалалық мәдени-демалыс паркі, Қорқыт ата ме­мориалды аллеясы қайта жаңғыртылды.

Қазіргі уақытта Президент саябағы жөн­деуден өтуде. Жоба аясында спорт және ойын алаңдары, санитарлық модульдер, экобокстар мен фан­доматтар орнатылатын болады.

Саябақ аумағында жылдың 4 мез­гілінде үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен ботаникалық білім беру орталығы салынуда. Одан бөлек, құны 9 млрд теңгеге Сырдария өзені үстінен Президент саябағын қаламен байла­ныстыратын жаяу жүргіншілер көпірі салынуда.

Бұл жұмыстар барлық ауданда жалғасын тауып, жаңа демалыс орын­дары, аллеялар салынып, көшелерді абат­тандыру, жарық­тандыру жұмыс­тары жүргізілуде.

Өңірде бірыңғай дизайн-код ен­гізіліп, барлық елді мекендегі ғи­мараттар мен қоғамдық кеңістіктер архитектуралық талаптарға сәйкес­тен­дірілді. Қызылордада 60 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылып, 20 үйдің ауласы абаттандырылды. Биыл тағы 20 үйді жаңартуға 1 млрд теңге бөлінді.

Ауылдық аймақтарда қолайлы орта қалыптастыру, тұрғындарды тазалық шара­ларына ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» кон­курсы өткізіледі. Бұл маңызды жобаға кейінгі екі жылда 1 млрд 500 млн теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Биыл 564 млн теңгеге 19 техника берілді.