Жалағаш ауданы, Аққұм ауылы туралы сөз қозғағанда осы ауылдың тумасы, Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің есімі қатар айтылады. Өйткені өңірдің ауыл шаруашылығы саласының өркендеуі жолында ащы терін төгіп, адал еңбегімен абыройға бөленген А.Бисенов сынды абыз азаматтың өнегелі ісі бүгінгі таңда заманның жаңа талаптарымен ұштасып, жүйелі жалғасын тапқан.
Қазақта атакәсіп дейтін ұғым бар. Астарына үңілсек, атадан балаға жалғасқан адал еңбектің үлгісін көреміз. Айталық, бірі тың дала төсіне дән егіп, диқандықты кәсіп етсе, енді бірі ала таяқты қолына алып, төрт түлік өсіріп, тіршілік тінін табады. Негізінде, ауыл өмірінің арнасы осы екі кәсіптен бастау алған. Оған тұрғылықты халық та дағдыланған. Оның үстіне, уақыт ағымына сай ауыл шаруашылығына жаңа технология дендей еніп, жұмыстың тиімділігі артып, табыс көлемі де ұлғая түскен.
Бұл сөзіміздің бұлтартпас дәлелі – Аққұм ауылының тіршілік тынысына жаңаша серпін әкелген «Бақдәулет» шаруа қожалығы жылдан жылға жұмысын жолға қойып, егін және мал шаруашылығында дәстүрлі еңбектің ізін қалыптастырды. Бес жыл көлемінде еңбек етіп келе жатқан бұл шаруашылық Жер-Ананың жомарттығы мен жұмысшылардың еселі еңбегінің арқасында биылғы дала жұмыстарын да жоспарға сай орындады. Егін маусымында азды-көпті қиындықтар орын алғанымен, бірлескен істің барысында жылды жемісті қорытындылап, берекелі белестен көрінді. Желтоқсан айының соңғы күндерінің бірінде жылды қорытындылаған шаруа қожалығы еңбек озаттарына сый-құрмет көрсетті.
Адал еңбегімен абырой биігінен көрінген шаруашылық жұмысшыларын аудан әкімі Асылбек Шәменов құттықтап, марапаттады. Сонымен қатар, заман талабына сай жаңа технологияны игеріп, табыс көлемін арттырып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысқан шаруа қожалығына алғысын білдірді. Осы орайда еңбек озаттарына сый-сыяпат берілді.
Сыйлықтың ең бағалысы – автокөлік. Бұл сыйлықты «Үздік күрішші» жүлдесі бойынша үш азамат иеленді. Айталық, шаруашылықтың тәжірибелі күрішшісі Әбдікәрім Қарабаев биылғы жылы күріш егу жоспары бойынша 63,5 гектарға күріш егіп, 67 центнерден өнім алған. Ал Нұраддин Әмитов 60 гектардан 63 центнерден өнім алған болса, Ербол Киікбаев 57 гектардан 59 центнерден өнім жинаған.
Жиында аталған «Бақдәулет» шаруа қожалығының төрағасы Серік Шуақбаев ауыл тұрғындарын еңбек мерекесімен құттықтап, ала жаздайғы тынымсыз шаруаның нәтижесімен қол жеткен табысты қуанышпен атап өтті.
– Шаруашылық бойынша көктемде 1253 гектар жерге Сыр маржаны егілген болса, оның әр гектарынан орташа 50 центнерден өнім алынды. Бұл – адал еңбектің айқын көрінісі. Сондықтан қарқынды еңбек еткен жұмысшыларды әркез қолдауға дайынбыз – дейді С.Шуақбаев. Айтса айтқандай, бір топ еңбек озаттары қаржылай сыйлық иеленді.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қосым Жүсіпбеков шаруашылық ұжымының ауыл тұрғындарына, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға жасап жатқан қайырымдылық көмектеріне ризашылығын білдіріп, батасын берді.
«Бақдәулет» шаруашылығының бас директоры Мұрат Бисеновтің айтуынша, алғаш жұмысты бастаған уақытта егілген күріштің әр гектарынан 30 центнерден өнім алынса, бүгінде жаңа техникаларды пайдаланудың нәтижесінде әр гектардан орташа 50 центнерге жеткен. Шаруашылықтың ісі ілгері басқан сайын ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге көңіл бөліне бастады. Айталық, ауылда осы шаруашылықтың қаражатымен салынған 50 орындық қоғамдық монша қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, азық-түлік дүкені, дәріхана салынып, пайдалануға берілгелі тұр. Алдағы уақытта шаруашылық еңбекшілеріне арнап 100 орындық асхана салу жоспарда бар.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, егін және мал шаруашылығын қатар қолға алып, шағын кәсіпті дөңгелентіп отырған шаруашылықтың алға қойған мақсаты да ауқымды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<