Байлық ниетке бітеді

978

0

Негізінде, бақ та, байлық та ниетке бітеді. Байлық екі түрлі болады, қайырлы және қайырсыз. Өмірде естіп те, көріп те жүрген жүздеген мысалдан кейін осындай ой түюге мәжбүр болады екенсің.

Бір қайыршы базардың алдына келіп қайыр сұрап отырады екен. Сондағы қыстың суығы, жаздың ыстығында кешке дейін отырғандағы табатыны тура бір күлше нан мен бір құты суға ғана жететін болыпты. Бір күні қайыршы таңертең базардың алдына келіп: «Жаратқан ием, маған күнделікті тауып жүрген бір күлше нан мен бір құты суды осыншалық азапқа түспей, жан қинамай келіп тұруын нәсіп етші» деп дұға жасап болып базардың ішінде келе жатса,екі жігіт қан-жоса болып төбелесіп жатыр екен дейді. арашалайтын тірі жан көрінбейді. «Ау-ау, жігіттер, бұларың не, қойыңдар» деп араша түсе берген қайыршыға да бір таяқ тиіп, бұл да жанжал шығарғандардың қатарына қосылып, тәртіп сақшылары алып кетіп, жаза кесіп, алты айға қамап тастапты. Сонда Құдайдың құдіретімен күнделікті тар терезеден күзетші бір күлше нан мен бір құты суды жеткізіпті де тұрыпты. Сол түрмеде жатқан күндердің бірінде қайыршы түс көреді. Түсінде баяғы базардың алдына келіп «бір күлше нан мен бір құты суды жан қинамай келтіріп тұршы» деп дұға жасап жатқан жерін көріп жатып, шошып оянып: «Жаратушы ием, қайырымен келтіріп тұршы, қайырымен» деген екен.

Байлық туралы мысалдың ең мықтысын Құраннан оқыдым. Құранда екі Харунның есімдері аталады. Бірі Мұса ғ.с. пайғамбарға Жаратушы Алланың аянымен берілген Тауратты ұстанып, ел-халықты ізгілікке шақыруға жәрдемші болған туған інісі Харун да, екіншісі қисапсыз зор байлыққа ие болған замандасы Харун. Біздің қазақтың қайырсыз байларды мысал қылғанда айтып отыратын Қарынбайы осы екен. Бай Харунның байлығында есеп болмаған. Оған мына аяттар мысал. «Харун да Мұса жұртының адамы еді. Оған қазына-байлықты үйіп-төгіп бергеніміз сонша, алтын-күміс сақтаған қоймаларының кілтін бірнеше адам әзер көтеріп жүретін. Ел-халықтың алдына Харун бар салтанатымен шығушы еді». (76-аят. «Қасәс» сүресі.) «Мен бұл байлыққа өзімнің күшіммен, ептілігіммен жеттім деді Харун». «Сол Харунды, оның бар байлығын да бір-ақ сәтте жерге жұтқыздық. Оған арашашы табылмады». (81-аят. «Қасәс» сүресі.)

Бұған мына аятты да қоса кетпесем, Жаратушының пенделеріне байлық туралы не айтқысы келетіні түгелденбеген болар еді деп ойладым. «Біз көп шаһарларды қираттық. Олардың бәрінде дәулетке мас халық тұрды. Сол қалалардың тұрғындары байлыққа мастанып шектен шықпайынша, біз олардың мекендерін талқандаған жоқпыз». (59-аят. «Қасәс» сүресі.)

Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.-ның хадисі бар екен. «Үш еврей, яғни иуда дінінің өкілдері замандас өмір сүріпті. Олардың бірі таз, бірі алапес, енді бірі зағип соқыр болыпты. Алла тағала сынау үшін оларға періште жібереді. Періште алапеске адам бейнесінде келіп «Қандай арманың бар?» дейді. «Шіркін-ай, денем мынау кеселден тазарып, жұрт жиіркеніп қарамайтын болса ғой» дейді. Періште оған қолын тигізгені сол еді, денесі тазарып шыға келді. «Қандай мүлкің болғанын қалайсың?» дейді періште сосын. «Түйесі көп бай болсам» дейді ол. Сол-ақ екен, оған боталы түйе тарту етілді. «Малың көбейіп, саған Алланың жақсылығы болсын» деді періште. Сөйтіп тазға келді. «Қандай мұқтаждығың бар?» деді оған да. «Басымда әдемі шашым болса, жұрт маған жиіркеніп қарамайтын болса» деді. Періште оның басына қолын тигізгені сол екен, ол дертінен айығып, қою шашты жігіт болып шыға келді. «Қандай мүлкің болғанын қалар едің?» деді оған да. «Табын-табын сиырым болса екен» деді ол. «Жаратушы саған бұзаулы сиыр тарту етті, малың көбейіп, саған Алланың жақсылығы болсын» деді періште. Соңынан періште зағип кісіге келіп, қандай арманы барын сұрады. «Алла маған жарық дүниені көретін көз берсе екен» деді зағип жан. Періште оның көзіне қолын тигізгені сол еді, қос жанары шайдай ашылды. «Жаратушыдан байлық сұрамайсың ба?» деді періште. «Уақ мал болса, қанағат етер едім» деді ол. Айтып ауыз жұмғанша оған уақ мал тарту етілді. «Мал-мүлкің көбейіп, саған Алланың жақсылығы болсын» деді періште.

Арада біраз уақыт өткенде олардың малы көбейіп, алапестен айыққан кісіге келе-келе түйе, таздан сауыққан жігітке табын-табын сиыр, қос жанары қалпына келген адамға қора-қора қой бітіп, байып шыға келді. Күндердің күнінде періште алапес науқас кейпінде, Жаратушының жәрдемімен өзі емдеп, байлық сыйлап кеткен бұрынғы алапеске келіп: «Мен бір мүсәпір жолаушы едім, шаршап-шалдығып келем, азығым да таусылды, сапарымды жалғастырайын, ең болмаса лауға бір түйе бере алмайсыз ба?» дейді. «Жоқ, бере алмаймын, бұл жалғыз менікі емес, өзге де мұрагерлер бар, аулақ жүр» дейді бұрынғы алапес. «Мен сені таныдым, ей кәззаб. Бір кездері адамдар жанына жолатпайтын алапес сен емес пе едің, байлықты да саған құдіреті күшті Алла тағала берген» дейді періште оған. «Жоқ, бұл байлықты мен ата жолымен мұраға алғанмын» деді ол. «Егер жалған сөйлеген болсаң, Алла сені бұрынғы қалпыңа қайта келтірсін» деді періште оған. Сосын періште таз кейпінде екінші адамға келді, ол да бірінші адамның айтқанын қайталады. «Ей мұндар, мен сені де таныдым, егер жалған сөйлесең, Алла бұрынғы күйіңе қайта келтірсін» деді оған да. Ең соңынан періште зағип жолаушы түрінде өзі емдеп кеткен бұрынғы зағипқа келіп «Мен бір мүсәпір жолаушы едім. Азығым да таусылды, әуелі Алла, сосын өзіңізге үміт артып келіп тұрмын. Сізді дертіңізден айықтырып, жарық дүние сыйлаған Құдіреттің атымен сұраймын. Маған жол азыққа бір қой беріңіз, сапарымды жалғастырайын» деді. Сонда бұрынғы зағип: «Ей мүсәпір, кезінде мен де сен сияқты зағип болғанмын. Алла маған көз жанарымды қайтарды, маған мына Алла берген дәулеттен қалағаныңша ал, қолыңды қақпаймын, барлық нәрсе Жаратқанның қалауымен болады» деді. Сонда оған періште былай деп жауап қайтарды: «Дәулетің өзіңе қайырымен бұйырсын, бұл сендерге жіберілген сынақ болатын. Алла саған разы болды, ал сенің екі тағдырласың оның қаһарына ұшырады».

Пайғамбарымыз с.ғ.с.-ның бұл хадисінен Құран Кәрімнің мына аяттары туралы түсінік алуға болады. «Адам басына бір қасірет туса бізге жалбарынады да, біздің мейіріміміз түсіп әлдебір игілік берсек, «бұл маған өзімнің ептілігімнен келді» дейді. Олай емес, керісінше ол сынау еді. Бірақ олардың көпшілігінің мұны түсінуге өресі жетпейді». (49-аят. «Зумар» сүресі.) «Мұндай сөзді бұлардан бұрынғылар да айтқан, олар тапқан мал-мүлік те өздеріне опа бермеген». (50-аят. «Зумар» сүресі.)

Адамдар көбіне байлық ақша туралы әңгіме өрбіткенде, оның адамды жолдан тайдыратынын айтып, кінәні жансыз дүниеге жабады да, өздері сүттен ақ, судан таза болып, барлық жамандық адамның өзінен екенін естен шығарады. Мал, байлық дегенің жақсылыққа жұмсасаң сауап, жамандыққа жұмсасаң күнә таптырады, жамандық әкеледі емес пе?! Олай болса кінә байлықта, ақшада да емес, «бір теңгем екеу болса, екі теңгем төртеу болса, тірлік, ақша, байлық» деп, өзге түгілі өзінің рахатына қимай, бәрін ұмытып, өлермендене ілгері ұмтылған пендеде шығар. Мұндайды қазақ «мал табуға ебі көп, адамдыққа себі жоқ» дейді.

 Абайдың алтыншы қара сөзінде: «Ырыс алды – тірлік» дейді. Ол қай тірлік, ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың».

Мансап пен байлыққа алдау-арбау, иненің көзінен өтетін жылпостық, тамыр-таныстық пен сыбайластық арқылы қол жеткізгендер ептілікті бірінші орынға қояды, ал санасында саңылауы бар адамдар үшін қара шыбынның балға батып өлгені де өсиет.

 Әлімжан ҚИЯС,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<