Байыптылық бағытымызды бекіте түседі немесе келелі мәселелерге кесімді жауап

712

0

Облыс әкімдігінің 400-100.kz сайты мен Telegram каналына, жәшіктерге барлығы 186 сұрақ келіп түсті. Атап айтқанда, жәшіктер арқылы – 7 (3,8%), сайт арқылы – 17 (9,1%), call орталығы арқылы – 43 (23,1%), Telegram каналы арқылы – 119 (64%). Солардың бірқатарына облыс әкімі дәйекті түрде жауап берді.

Ләззат Есханова,

Қармақшы ауданы:

– Қармақшылық балалар басқа аудандардағы лагерьлерге барып демалады. Осы орайда құрылысы 4 жылдан бері созылып келе жатқан біздегі лагерь қашан салынып бітеді және пайдалануға беріледі?

Жауап:

– Облыс бойынша Арал ауданында «Қамбаш», Жаңа­қорғанда «Талдысу» сияқ­ты тынығу орындары бар. Қармақшыдағы лагерьдің құры­лысынан хабардармын. Өткен жылы барып көрдім. 2015 жылы құжаты жасалған. Бірақ жұмыс 2017 жылдан бері жалғасып келеді. Бүгінде оның жобасын оңтайландыруды тапсырдық. Соған байланыс­ты биыл тиісті қаржы бөлу арқылы құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сол кезде жергілікті ғана емес, басқа аудандардан да балалар келіп, жазғы демалысты тиімді өткізеді.

Мұратбек Рыспанбетов,

«Аққозы» шаруа қожа­лығының төрағасы, Жаңа­қорған ауданы:

– Шаруашылықтарға жыл­да субсидия беріледі, оны алып та жүрміз. Өткен жылы мал азығы шығынын төмендету мақсатында субсидиялау жұмысы жүргізілді. Алайда, мемлекеттік қолдау қаржысының аздығына бай­ланысты кейбір шаруа­шылықтар одан қағылдық. Осы мәселенің шешілуіне ықпал етсеңіз.

Жауап:

– Былтыр жел­тоқ­санда 70-ке жуық шаруашылық егелері осы мәселемен маған жүгінді. Соған байланысты бірқатар шара қабылдадық. Біріншіден, субсидиямен қамту ауқымын кеңейту үшін мөлшерін төмендеттік. Нәтижесінде мемлекет қолдауына қол жеткізгендер қатары екі есе артты. Әйтсе де, оған ілінбей қалғандар бар, ұзын саны 300-ге жуық. Биыл ережеге осындай шаруа қожалықтарының субсидия алуына мүмкіндік беретін өзгеріс енгізілді. Ережені бекіту үшін Ауыл шаруашылығы министр­лігімен келісім керек. Нау­рыз айында субсидия алуы тиіс шаруашылық егелеріне 376 млн теңге қаржы бөлу көзделіп отыр.

Байыптылық бағытымызды бекіте түседі немесе келелі мәселелерге кесімді жауап

Жарылқасын Камалов,

Сырдария ауданы, Жеті­көл ауылы:

– Су тапшылығына байланысты өткен жылы егін жинауға кейбір шаруа­шылық­тардың шамасы жетпеді. Ауыл үстінен өтіп жатқан «Баянторг» және «Жыңғылдыкөл» каналдары көп жылдан бері тазартылмаған. Жауапты ма­мандар бұдан хабардар. Осы мәселенің шешілуіне көмек­тесуді сұраймыз. Бұл – жал­ғыз Жетікөл емес, Айдарлы, Амангелді ауылдарының ди­қан­дарына ортақ проблема.

Жауап:

– Биыл 11 ақпанда Премьер-Министр Асқар Мамин Қызылорда облысының даму мәселелеріне арнал­ған кеңес өткізді. Онда ­көр­шілес мемлекеттермен транс­ше­каралық өзеннің ең төменгі ағысында орналас­қан Қызылорда облысына осы мәселе бойынша көмек­тесу жөнінде келісім жа­сауды ұсындым. Су қорын сақ­тауды қойма салу ар­қылы қарастырып отырмыз. Сарапшы мамандар оның қоршаған ортаға залал келтірмеуін назарға алды. Биыл «Қараөзек» су қоймасы салынады. Бұл күріш шаруашылығын дамытуға ден қойған Сырдария, Қармақшы, Жалағаш аудандары үшін үлкен көмек болар еді. Алдағы уақытта осындай 6 су қоймасын салу межеленген.

Өткен жылы Сырдария ауданының Айдарлы ауылында бірнеше канал жөнделді. Биыл тағы Нағи Ілиясов, Қал­жан ахун ауылдарындағы каналдарды тазартуға қаржы қаралды. Сәкен Сейфуллин, Бесарық, Жетікөл ауылдарында насос қондырғылары орнатылады.

Ранайкүл Наштаева,

Арал ауданы:

– Алдыңызға тоғыз жол­дың торабында орналас­қан Сексеуіл кентін­дегі 12 мың халықтың өтінішін арқалай келдім. Ол – осында табиғи отынның тартылуына тікелей басшылық жасасаңыз деген тілек.

Жауап:

– Алдымен мынаны айтайын. Сексеуілде көптен шешімін таппай жүрген мектеп мәселесіне нүкте қойылды. Өздеріңіз білетіндей, балалар темір­жолдың арғы бетіндегі білім ошағына қатынауға мәжбүр еді. Бүгінде мектеп дайын. Санитар мамандар рұқсат етсе, келесі тоқсанда кезекші сыныптар ашылады. Сонымен қатар, кентте 40 орындық аурухана салынып жатыр. Мердігер мекеме құрылысшыларының қимылы баяу. Бірақ емдеу мекемесін биыл қалайда іске қосуға күш саламыз.

Бұған дейін үш аудан орталығы газға қосылмаған болса, соның бірі – Терең­өзекке жуырда жетті. Жалағаш пен Жосалы кезекте тұр. Былтыр Қазалы ауданының Ғани Мұратбаев, Шиелі ауда­нының Байсын, Арал ауданының Жақсықылыш ­ауылдарына «көгілдір отын» тартылды. Кенттер мен ауылдық жерлерді газдандыру жұмысы жалғасады. Осы жылы Сексеуілде авто­маттандырылған газ тарату станциясын салу құ­жаты әзірленеді. Нысан құры­­лысына келесі жылы кірісеміз. 2023 жылға қарай ішкі жүйелер жүргізіледі.

Шаһмардан Нығметов,

Шиелі ауданы:

– Елімізде жастарды қол­дауға жіті көңіл бөлініп, осы бағытта ауқымды шаралар атқарылып келеді. Соның бір дәлелі – облыс, аудан орталықтарында жастар­дың басын біріктіретін орын­дардың пайдалануға бе­ріл­уі. Осы ретте шиелілік жастардың «бізде де осындай ғимарат болса» деген тілегі бар.

Жауап:

– Қызылорда қала­сында, Сырдария өзенінің сол жағалауында облыстық жас­тар ресурстық орталығы ашылды. Аудандарға сапар барысында да осындай игі істерге куә болып жүрміз. Былтыр желтоқсанда Шиеліге барғанымда «РУ-6» компаниясына қарасты бұрынғы ғимараттардың бірін қайта жаңғыртып, оны жастарға ұсыну туралы айтылды. Қажетті қаржы көзі де бар. Жобаны жүзеге асырып, биыл сіздерді қуантпақпыз.

Ізімқұл Бөрібай,

Қазалы ауданы, Кәукей ауылы:

– Көрші Бозкөл ауылынан келетін электр желісі көлдің ұлтанында тұр. Ауа райы қолайсыз күндері одан ақау шықса, ауылда бір-екі күн бойы жарық болмайды. Сол себепті бағаналарды көшіріп, желісін басқа бағытқа ауыс­тыру керек деп есептейміз.

Жауап:

– Ауыл ақсақалда­ры­ның өтінішіне сәйкес, «Қызыл­орда электр тарату торап­тары» компаниясының жар­­ғылық қорын ұлғайту есе­бінен электр желісін «Тас­арық» елді мекенінен тікелей жеткізуді тапсырдым. Мәселе қыркүйек айына дейін шешіледі.

Тоқтаржан Жамалов,

Жалағаш ауданы:

– Әлемді шарпыған коронавируспен күресте ақхалат­тылардың алдыңғы шепте жүргені белгілі. Қатерлі індетке өзім шалдыққанда да олардың көмегі тиді.

Жалағаш кентінде ауру­хананың болмауы кешеге дейін көп қиындық ту­ғызды. Өзіңіздің тікелей ара­ласуыңызбен өткен жылы құ­ры­лысы аяқталып, халық иігілігіне берілді. Жергілікті тұрғындар атынан алғыс білдіремін, жұмысыңызға сәт­тілік тілеймін.

Жауап:

– Ел-жұрт аман болсын, қарттар сау жүрсін, қатарларыңыз сиремесін. Барлық ауданда заман талабына сай аурухана бар екенін баяндамада атап өттім. Жалағаштағы аурухана құрылысы жоспар бойынша биыл аяқталуы керек еді. Пандемияға байланысты Үкімет қолдауымен одан бұрын бітірдік. Ендігі мәселе – мамандардың соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен жұмыс істей білуі. Одан кейінгі кезекте ауылдық амбулаториялар салу қажеттілігі туындайды. Биылдан бастап 62 ауылда осындай амбулатория салу жоспарланған.

Нәзипа Боранбаева,

Қызылорда қаласы:

– Былтыр облыс орталы­ғын­дағы канализа­циялық насос станциялары күрделі жөндеуден өтті. Алайда Титов қыстағындағы лас суды тазарту станциясынан жағымсыз иістің шығуы әлі тоқтаған жоқ. Осы иістен қашан арыламыз?

Жауап:

– Қызылордадағы биоло­гия­­лық тазарту станциясы әбден ескірген. Бір тәулікте 7 мың текше метр суды тазалау қуаттылығы толық жүзеге аспай тұр. Біз республикалық деңгейде станцияны модернизациядан өткізуді ұсындық. Бірақ ұсыныстың қолдау таппауына байланысты Еуропалық қайта құру және даму банкі есебінен жұмыс жүргізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бүгінде банкпен әріптестік орнаттық.

Байыптылық бағытымызды бекіте түседі немесе келелі мәселелерге кесімді жауап

Модератор:

– Облыс әкімдігінің 400-100.kz сайты мен Тelegram каналына және жәшіктерге келіп түскен сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылым мәселесіне қатысты. Енді соның бірқатарына тоқ­талсақ. Мысалы, қаладағы «Сабалақ» саяжайының тұр­ғындары – ауызсу, жол, «Бәйтерек» шағын ауда­ны­ның тұрғындары жол, көпір, маршрут мәселелерінің қа­шан шешілетінін білгісі келеді екен.

Жауап:

– «Сабалақ» сая­жайының тұрғындары бұл мәселені Қызылорда қала­сының әкімі Нұрлыбек Нәлі­баевпен кездесуде көтерді. Былтыр онда электр желісін жүргізу бойынша трансформаторлар орнатылды. Кварталішілік жұмыс жүр­гізілді. Бұл бағыттағы шаралар жалғасады. Су мәселесі де күрделі екенін білемін. Оған қатысты жоспарлы жұмыс күн жылығанда басталады. Мемлекеттік бағдарламада саяжай – жаз мезгіліндегі демалыс орны екені көрсетілген. Тұрақты қоныс саналмайды. Бірақ көпшіліктің сол жерді паналап отырғанын ескеріп, қордаланған мәселені шешуді назардан шығарғанымыз жоқ.

Байыптылық бағытымызды бекіте түседі немесе келелі мәселелерге кесімді жауап

Модератор:

– Қала тұрғыны ­Наталья Денисова шыны зауыты құрылысының тұралағанына алаңдаулы. Қашан пайда­ла­нуға берілетінін білгісі келеді.

Жауап:

– Бұл мәселеге қанық­пын. Индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­нистрін, басқа да әріп­тес­терді, инвесторларды ша­­­қырып, ке­ліс­сөздер жүр­гіздік. Бүгінде шыны зауыты құрылысының 70 проценті тәмам. Біз өз тарапымыздан инфрақұрылым тарту шараларын атқардық. Енді балқыту ваннасы мен күйдіру пешін орнату қалып тұр. Бұл жұмыс биыл басталады деп есептеймін. Наурыз айында осы істің жайын білетін 100-ге жуық маман келуі тиіс. Жыл соңына дейін зауытты іске қосуға біз де мүдделіміз. Өйткені тым ұзап кетті. Біріншіден, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, екіншіден, сұранысты өтеуге мүмкіндік береді.

Жадыра Оразымбетова, қала тұрғыны:

– Сіз өткен жылдың қара­ша айында газдың тарифі тө­мендейді деп едіңіз. Әлі өз­геріссіз. Газдың бағасы қашан төмендейді?

Жауап: – Газдың бағасы үш компо­нент­тен тұрады. Олар – көтерме, тасы­малдау және жеткізу бағасы. Табиғи монополияларды реттеу комитеті өткен жылы осы мә­селені тексеріп, бақылау жа­сағанда тасымалдау ба­ғасы 34 процентке көтеріңкі деп тапқан. Осы орайда жұмыстар жүр­гізіп, газ бағасын төмендету ту­ралы ұсыныс берген. Ал, жалпы көтерме, тасымалдау, жеткізу ба­ғасын қосқанда қазір газ 20 903 теңгеден 17 350 теңгеге дейін түсуі керек. Бұл 17 процентке төмендейді деген сөз. Ал, енді білесіздер, «ҚазТрансГаз» АҚ әлі де бұл шешіммен келіспей жатыр. Сот процестері жүргізілуде. Бірақ бірнеше кезеңнен өттік, енді бір-екі кезең қалып отыр. Мәселе шешіледі деп ойлаймын. Өткен айларға да осы бойынша қайта есептеу жүргізіледі деп сенеміз. Мұнан өзге 1 қаңтардан бастап жылудың бағасы 5,6 процентке төмендеп отыр. Үш энергия ком­паниясы 1,9-3,1 процентке дейін электр энергиясының тарифтерін тө­мендетті. Сондықтан халыққа мұның өзі үлкен көмек деп ой­лаймын. Осы бағыттағы басты міндетіміз – баға­ның барынша шарықтап кетпеуін бақылау.

Ибрагим Жұмыртаев,

Жала­ғаш ауданы, Аққұм ауылының тұрғыны:

– Бау-бақшамен айналыса­тындар көктемгі уақытта қа­ра­жаттан қина­лады. Әзірге біз­де жаңа технология жоқ. Там­шы­латып суару, культивация дегенді білмейміз. Неғұрлым көп егілсе, соғұрлым өткізу оңай. Гекта­рына 200 мың шығындап, 40 тоннаға дейін өнім алуға болады. Егер осы салаға арнайылап мерзімдік ақша бөлінсе, егін егетіндер қа­тары кө­бейер еді.

Жауап:

– Егіс бойынша қа­зіргі кезде әр­та­раптандыру – дақылдардың бас­қа түрін, жеміс-жидек, көкөніс егу мәселесін көтеріп жүрміз. Сон­дықтан кәсіпкерлердің мұндай бас­та­масы қолдау табады. Көп жағ­дайда білетініміз, елде жүзеге асып жатқан бағдарламалар тура­лы, жал­пы неден бастау керек, қай жерге бару керек екенін кей кәсіпкерлер біле бермейді. Осы орайда проблемалар бар секілді.

Қазір кәсіпкерлер кеңе­сімен бір­ге орынбасарым арнайы осы мәселе бойынша тығыз жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, аграр­лық несие корпорациясы, ауыл­ша­­р­уашы­лық қаржылай қолдау қоры бар. Үкіметке шығып, Қызыл­ор­да өңір­лік инвестициялық ор­та­лығы­ның жұ­мысын 2025 жыл­ға дейін жал­ғастыру туралы ше­шім қабылдадық. Сондықтан осы институттар арқылы қолдау көр­сетіледі және екінші дең­гейлі банктер де жеңілдетіп, 25-тен 50 процентке дейін ке­пілге қоятын заттар, субсидия мә­селесін қарап, көмек көрсетіп жатыр.

Ауыл шаруашылығы бас­қармасының бас­шысы Шахмар­дан Қойшыбаевқа кә­сіп­керлік басшылығымен бірге тығыз жұ­мыс істеп, мәселені шешудің қандай көздері барын түсіндіріп, көрсетуді тапсырамын.

Насырбек Мырзабеков,

Шиелі кентінің тұрғыны,

«Мөлдір және Ком­пания» серіктестігінің дирек­торы:

– 2016 жылы Сыр өңірін­де кен­желеп қалған құс шаруа­шылығына 165 миллион теңге инвестиция салып, құс ферма­сын аштым. Бүгінде аудан хал­қын күнделікті табиғи таза жұ­мыртқамен қамтамасыз етіп отырмын. Келешек тағы да ұл­ғайту жөнінде үлкен жос­па­­ры­мыз бар. Бұл тарапта жұ­мыстар жасалып жа­тыр. Ендігі мәселе – құс азығына қажетті азық-түлікті сырт өңірлерден та­сымалдауымыз. Бұл өз кезегінде жұмыртқаның өзіндік бағасына үлкен әсерін тигізуде.

Сізден сұрайтыным, егер маған Шиелі ауданы көлемінен 200 гектар суармалы жер телімі беріліп, мен азық-түлікті өзім жа­сайтын болсам, жұмыртқаның өзін­дік бағасының 15-20 процентке тө­мендеуіне әсер етер еді. Маған аудан көлемінен 200 гектар су­ар­малы жер телімін алуға ықпал ет­сеңіз. Екінші сұрағыма келсек, ауылдық жерлердегі кә­сіпкерлердің кәсіппен айна­лысуы үшін банктерден несие алу өте қиын. Екінші деңгейлі банктер кепіл үшін қыш кір­піштен салынған ғима­рат­тар­ды талап етеді.

Өздеріңізге бел­гілі, ауылдық жерлерде ғи­ма­раттардың 90 проценті қам­кесек, каркас сын­ды құрылыс мате­риалдарынан са­­лын­ған. Осы­ған байланысты ауыл­­дық жер­дегі кәсіпкерлердің ғи­ма­рат­тарын құ­рылыс түрлеріне қа­ра­мастан банктер кепілдікке алса деген кә­сіпкерлер атынан өтінішім бар.

Жауап:

– Біз Шиелідегі құс ферма­сының жұмысымен та­ныс­пыз. Ферманы ке­ңейту жос­па­рыңызды, әрине, қуана қол­даймыз. Құс азы­ғын өсіру үшін сұраған 200 гектар жер телімін тез арада рәсімдеу үшін біріншіден сіздің жобаңыз индустриялық-инно­вациялық да­му басқармасы арқылы картаға енгізілу керек. Сондықтан өңір­лік картаға кіргізу жөнінде Ринат Сұлтангереевке тап­сырма бе­рейін. Сіздер қарап, құ­жаттарымен картаға енгізілсе, сәй­кесінше, жер де беруге бола­ды.

Екінші сұрағыңызға келсек, кез келген банк қаражатты бе­ріп, қолға ұстата салмайды, кепіл болуы керек. Бірақ мен көп­теген екінші деңгейлі банк бас­шыларымен сөйлестім. Halyk Bank, Сбербанк және басқа да банктермен. Олар дағдарыс ке­зеңін ескеріп, жаңа бағ­дар­ламалар ұсынып жатыр. Оның ішінде кепілдіктің сомасын 85 процентке дейін азайту, егер бизнес жақсы жолға қойылған болса, 50 процентке дейін ке­пілдіктің бағасын төмен түсіру деген бағдарламалар бар. Сон­дықтан бұл бағдарламалар жө­нінде сізге толық кеңес берсін.

Тамара Ақмағанбетова:

– Мен І топ мүгедегі, осал топтанмын. Менің айтайын деге­нім, біз жыл сайын мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың жеке көмек­шілеріне ақы төлеуі ту­ралы мә­селені көтеріп келеміз. Әр айдың аяғында есеп беріп, та­бельге қол қойып, сол табельдің аясында көмекшілеріміздің ақ­шасы төле­нетін еді. Ал, биыл әлеуметтік қызмет көрсету пор­талы арқылы көмекшілеріміз әр екі күн сайын есеп беріп тұруы керек. Біз мұндай есеп беруге түбегейлі қарсымыз. Бұл менің өмірім ғой. Неге біреу менің өміріме қол сұғуы керек? Көмекшіммен ке­лісім-шартқа қол қойдық. Де­мек, мен көмекшіме сенемін.

Сон­дықтан ол мені қайда, қай жерге апарды деген есепті пор­талға неліктен жиі беруіміз ке­рек? Портал арқылы бүкіл жұрт менің қайда барғанымды біліп отырады. Айына бір рет есеп бере аламыз. Ал әр екі күн сайын есеп беру деген қиындық туғызады. Қалада ыңғайлы бо­лар, ал ауылда интернеттің мүм­кіндігі жетпей жа­тады…

Жауап:

– Бұл сұрақ мүмкіндігі шек­теулі азаматтар, қоғамдық ұйым­дар тара­пынан былтыр да көп қойылды. Осы­ған байла­нысты министрлікке шық­тық. Ра­сында да, құжатты екі күн сайын толтыру ережеде болған. Бақы­лау күшті болуы үшін солай жа­саса керек. Бірақ қаңтардан бастап, өзгеріс енгізіліп, айына бір рет тапсырылатын болды. Қазір кейбір азаматтардың пор­талмен жұ­мыс істеуді жөнді біл­меуінен қиын­дықтар туындап жатыр. Сондықтан түсіндірме жұ­мыстары әлеуметтік бөлім ар­қылы жүргізілуде. Одан басқа, төсек тартып жатқан І топ мү­гедектері бар. Жағдайы ауыр деп айтуға болады. Айта кетейін, мұндай азаматтарға  жәрдемақы беру туралы заң жобасы қаралып жатыр. Өзгеріске келсек, көмек­шінің есебін енді екі күн сайын толтырмайсыздар, бірақ әлі де портал бойынша бірге жұмыс істеу, құжаттар дұрыс бо­луы, бақылау да керек.

Жұмақожа Жансейітов,

Шаған ауылының тұрғыны, қоғамдық кеңес мүшесі:

– Соңғы уақытта кейбір шар­уа­шы­лықтарда, соның ішін­де Шаған ауылында құрылтай­шы­лардың, ди­ректорлардың іс-әре­кетіне халық наразылық білдіріп, әлеуметтік желілерге салып, дау-дамай туын­дауда. Осыған байланысты облыс әкім­дігі қандай шаралар атқарып жатқаны жөнінде айтып өтсеңіз…

Жауап:

– Мұндай пробле­малар бар. Сыр­дария ауданын­дағы Шаған ауы­лы, Асқар Тоқ­мағанбетов ауылы, Қар­­мақ­шы ауданындағы ІІІ Ин­тер­­национал ауыл­ында осын­дай келіс­­пеу­шіліктер орын алуда. Дау туын­даған ауылдарда болып жатқан жи­на­лыстарға облыс, ау­дан әкім­дік­тері және басқа да құзырлы ор­гандар қатысуда. Про­кура­тура­дан, басқа да құқық қорғау орган­дарынан түсіндірме бері­ліп жатыр. Қол­даныстағы заң­намаға сәйкес құрыл­тайшы­лар немесе директорларды ау­ыс­тыру, девидент беру, үле­сін бөліп шығару, жарғылық капи­талдарының көлемін ауыстыру мәселесі жиналысқа қатысатын, шаруашылыққа қатысты аза­мат­тардың құзырына жатады.

Көп жағдайда мемлекет мұндайға кі­рісіп, ай­налыспауы керек. Бірақ біз оған қарамай, әрине, заңдық тұрғыда түсініктемелер жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселелер ушы­ғатын болса, ең соңғы шешетін инстанция – сот. Сондықтан ке­ліспейтін болсаңыздар, сотқа жү­гіну керек. Қазір егін егу уақы­ты жақындап келеді. Соған дейін барлық мәселелерді өз іштеріңізде шешіп алуларыңыз керек. Кеше ғана әкімдікке Шаған ауылынан 30-ға тарта адам кел­ді, мән-жайды түсіндірдік.

Әр тарап өзінікін дұрыс санай­ды. Сондықтан бұл жерде мем­лекет, әкімдік бір жақты ғана қол­дамаймыз, ол құжат ретінде, сот арқылы өздеріңіздің тапсырған құжаттарыңызбен қаралатын бо­ла­ды. Соған байланысты шешім қабыл­данады. Бұл жағдайларды барынша бақылаймыз. Келіспеу­шілік болмаса дейміз, себебі егін егуге, жұмыс жүргізуге, жинауға да кедергі келтіріп жатқан оқи­ғалар бар.

Байыптылық бағытымызды бекіте түседі немесе келелі мәселелерге кесімді жауап

Модератор:

Call орталыққа хабар­ласқан тұрғындар легі то­лас­тар емес. Телеграмм-бот мес­сенд­жеріне түскен бір-екі сауалды оқып бергім келіп тұр. Сұрақты жолдаушы – Ақзира Жақсылық. «Жаз бойы дарияда су болған жоқ. Қыс ерте түсіп, күннің күрт суытуымен дария арнасы сол аз мөлшердегі су  деңгейімен қатып қалды. Қазіргі кезде, білуімізше, жоғарғы жақ­тан мол су келе бастады. Бұл жағдай өзен бойында орналасқан елді мекендерге су басу қаупін туғызуы мүмкін. Осы бағытта қандай шаралар атқа­рылуда?»

Жауап:

– Сырдария өзенінің жағдайы біз үшін өте өзекті. Өткен жылғы жел­тоқсан айынан бастап, облы­сымызға 500 текше метр су келе бастады. Қазір жақсы өтіп жатыр. Соңғы бір-екі күнде ақпаратты күн­делікті алып отыр­мыз, 400 текше метр су келуде. Аса қауіп жоқ. Бірақ, соңғы жылдармен салыстырғанда биыл Түркістан шекарасынан бастап Аралға де­йін мұз әлі сіресіп тұр деп айтуға болады. Биыл кейбір жер­лерде мұздың қалыңдығы 70-80 сантиметрге дейін жетті. Қамсыз отыруымызға болмайды. Бұл жөнінде жиналыс өткізіп, құзырлы органдарға тапсырдым. Кей жерлерде кедергі бар, қи­ындық туындауы мүмкін деген жерлерге кезекшілік қойылуда. Барлық материалдық қор жасақ­талып, қызметкерлер осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Есенгүл Серікова,

қала тұр­ғыны: 

– Соңғы уақытта азық-түлік тауар­лары нарығында баға ай­­тарлықтай өсті. Халықтың қазіргі азық-түлік себетіне жұм­саған шығыстары та­быс­тары­ның басым бөлігін алып отыр. Әсі­ресе, бұл халықтың әлеу­меттік осал топтарына қиын тиюде. Коронавирус індетінің тара­луы жағ­дайында біршама өнім ба­ғасы жоға­рылады. Мұның себебі неде?

Жауап:

– Бұл мәселе біздің об­лыста ғана емес, республика бо­йынша өте өзекті. Кейбір өнім­дер бағасының ерекше өсуі бай­қалады. Бағаның негізсіз өсуі­не жол бермеу үшін облыста бірқатар іс-шара қабылданды. Мыса­лы, облыстық бюджеттен тұрақ­тан­дыру қорына 1,2 млрд теңге қаржы бө­лініп, әлеуметтік азық-түлік алдық. Облыс бойынша 30-дан астам әлеу­меттік дүкен жұмыс істеуде. 29 әлеуметтік дүкен мен 1 әлеуметтік маркет бар. Сонымен қатар, үлкен сауда орталықтарындағы кәсіп­кер­лер­ге займ беріп, аса қажет деген азық-түліктің бағасын төмендетіп сатуға ұсыныс жасадық. Үлкен маркеттерде әлеуметтік арнайы бұрыштар орналастырылған. Со­нымен қатар, 8 мың тоннадан астам қор бар. Оның ішінде об­лыстық тұрақтандыру қорында 2,3 мың тонна өнім сақталған. Оны әлеуметтік дүкендерге жеткізіп тұрамыз. Қазір бағасы көтерілген үш азық-түлік өнімін атауға бо­лады. Өсімдік майы 600 теңгеге дейін өсіп кетті. Оны әлеуметтік дүкендерге 515 теңгеден, қант­ты 215-220 теңгеден жібе­руді қарастырып отырмыз. Мүмкін­дігінше мұның бәрі бақылауда. Нарық жағдайында оны қатты ұстап тұра алмаймыз. Бірақ рес­публика бойынша Үкіметтің қа­таң бақылауында. Біз кәсіпкер­лермен, базар иелерімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз.

Жақсылық Мұстафа,

қала тұрғыны:

– Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» басталып, мен екі жобаға жұмысшы ретінде уақытша болса да қабылданып, отбасымды асырап жүр­дім. Би­ыл осы бағдарлама жалғасын таба ма және қандай бағытта жүргізіледі?

Жауап:

– «Жұмыспен қамту­дың жол картасы» өте жақсы бағдарлама болды. 2008 жылғы дағдарыс кезінде де осындай бағдарлама қабылданған. Ол кезде мен Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрі едім. Республика бойынша жақсы көмек көрсетілді. Былтыр да облысқа 40 млрд қаржы беріліп, 290 жоба жүзеге асырылды. 10 мыңнан астам жұ­мыс орны құ­рылды. Орташа айлық табыс 88 мың теңгені құ­рады. Бұл – жақсы кіріс. Маусым бойынша 6-7 ай жұмыс істегендер болды. Биыл бізге лимит белгі­ленді, 12 млрд-ға жуық, оның ішінде 93 проценті осындай ин­вестициялық жобалар болады. Қалғаны кәсіпкерлерге несие ретінде беріледі. Сон­дық­тан жұ­мыс істеймін деуші­лерді осы жобаларға қатысуға ша­қырамын. Былтыр бұл жобаларға жұмысшы таба алмай қалған кездер де болды. Сондықтан үйге табыс әкелетін болса, осы жобаларға қатысуға шақырамын.

Айткүл Шалғынбаева,

облыс­тық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Гүлшара Наушақызы, сіз­дің облыс тізгінін қолға алған уақытыңыз күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Әлемді әбігер­ге салған пандемия, карантиндік шек­теулер экономикаға салмақ түсіргені рас. Десе де, өткен жылдың қорытындысы көңіл көншітеді. Сан салада серпін, даму байқалады. Алдағы уақытта да осы қарқын жалғасады деп білеміз. Себебі, күн тәртібінде маңызды мә­селе көп. Соның қатарында су тапшы­лығы, Арал, трансшекаралық су про­б­ле­­малары алдыңғы орында. Дү­­ние­­жүзілік Банк САРАТС-2 жо­басы бойынша өткізілген тал­қы­лаулар мен кеңес­тердің не­гізінде жобаны «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» деп атауды ұсынды, яғни жобаға өзгертулер енгі­зіліп, Арал өңі­рінің әлеуметтік-эконо­мика­лық жағдайын жақсартуға бағыт­­тал­ған компоненттер қосыл­мақ. 15 жылға жуық уақыт ара­лы­ғында оның 2 деңгейлік нұсқасы талқылануда.

Мем­ле­кет­аралық су шаруашылығын үйлес­тіру комиссиясының ғы­лы­ми-ақпараттық орталығы Қа­зақ филиалының директоры, мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев және көптеген қоғам белсенділері бірінші нұсқаның экономикалық аспекті жағынан тиім­ділігін ай­тады. Жалпы, маңызды жо­ба – САРАТС-2 қашан жүзе­ге асады?

Сонымен қатар елі­міз­де Экологиялық кодекс қабыл­данды, суды пайдалану бағдар­ламасы қабылданғалы жатыр. Осыған орай ортақ судың үс­тінде отырған мемлекеттермен интеграцияны күшейту қолға алынса деген және өңірдегі су мәселелері бойынша тұрақты комиссия құрылса деген ұсыныс бар.

Жауап:

– Бұл – өзекті мәсе­лелердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның баста­масымен жү­­зе­­ге асқан «ғасыр жоба­сы­ның» келесі сатысы кіші теңіз­ді ке­меріне келтіреді деп күтілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы осы проблемаға ерекше назар ауда­рып ке­леді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев аймаққа сапары барысында Арал ау­данына барып, «Көкарал» бөге­тімен танысты. Жобаның ІІ кезе­ңін іске асыру мәселесі тал­қы­ланды. Сапар барысында Мағзұм Мырзағалиев бөгеттің жұмысына қатысты бірқатар тапсырма берді. Бұл жобаның ма­ңыздылығы «Көкарал»  бө­гетіне келетін суды жинақтау болып табылады. Сондай-ақ, екінші ке­зеңде су көлемі көбейіп, сәй­кесінше балық шаруашылығы да дамитын болады. Бұған дейін де аталған мәселе жан-жақты талқыланды, қоғамдық тыңдау да ұйымдастырылды, маман­дар­дың пікіріне құлақ астық. Екі­жақты пікір бар.

Барлық ұсыныс ескеріледі, баланс болуы, ең бастысы – Аралға су жетуі ма­ңызды. Бүгінде Дүниежүзілік Банк жобаның техника-экономи­калық негіздемесін әзір­леуге 1,5 млн доллар грант бөлді. Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мемле­кет­тік ор­гандармен бірлесіп, техника-экономикалық не­гізде­ме­нің жобасын әзірлеуде. Ко­мис­сия құру бойынша оның құ­зырын кеңейту немесе жаңа кеңес құруға қатысты ұсыныс қаралады, ал интеграцияны кү­шейтуге қатысты мә­селелерді министрлік тиісті деңгейде бақы­лауға алған. Мақсат-мүдде ортақ болғандықтан, маңызды пікірлер міндетті түрде ескерілетінін жет­кіземін.

Болат Нұрхожаев,

облыстық қоғам­дық кеңес мүшесі,

өңір­лік кәсіпкерлер палатасы жанын­дағы кәсіпкерлер құқы­ғын қор­ғау кеңесінің төрағасы:

– Былтыр біз Қамбаш көл­дері жүйесінен айырылып қала жаздадық. 1975 жылы да­рия­ны бөгеп, шлюзбен реттеп оты­ратын «Бұрмақұлақ» су жүйесі қолға алынды. Осы жобаны қазір са­лынғалы жатқан су қой­ма­ла­рымен бірге бастау маңызды дер едім. Себебі, ертең салынатын су қоймаларына су жиналған тұста Қамбаштың құрғап қалу қаупі жоқ емес. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік саласына қатысты ұсынысымды да жолдасам. Үлкен инвестициялық жобалар респуб­лика деңгейінде бекітіледі. Бі­рақ, кә­сіпкерлер мемлекеттен қаржыланды­рылатын жобалар жайын толық түсіне бермейтінін байқап жүрміз. Бұл ретте кеңес мүшелері, ірі кәсіпкерлер қауы­мы ақпараттық бағыттағы жұ­мыс­тарды кү­шейтуге атсалысса, осы жобалардың өміршеңдігін бірлесе талқылыса деген ұсы­нысымыз бар.

Жауап:

– Қамбаш көліне қатысты мәселемен таныспын. Өткен жылы жағалау 200 метр­ге дейін төмендеген. Осыған бай­ла­нысты тиісті зерттеу жұмыстары жүр­гізілді, көлдің деңгейін ұс­тап тұруға мүм­кіндік беретін жобаны жа­сақтау жоспарда. Се­бебі, Қамбаш көлі – ту­ризм­­нің төрі, оның әлеуетін артты­руға бірлесе атсалысу қажет. Екінші ұсы­нысыңызды тарқатсам. Кәсіпкерлікке қатысты ақпарат аз, бұл ретте тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар жүк­телген. Өңір тұрғындарының көбі мұнай саласында қызмет етсе, енді бірі ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Дегенмен, кәсіпкерлікпен айналысудың маңызы айтар­лықтай. Ол үшін ынтаны арттыру керек, екі қолға бір күрек іздеген, кәсіп бастап, нәсібімді айырсам деген жанға қолдау таныту бірінші орында. Бұл бағытта биыл 500-ге дейін жоба жүзеге асатынын алға тартамын, өткен жылы 200 жоба жүзеге асса, біз оған шамамен 80 адамды ғана тарта алдық. Ұмтылыс, ізденіс, бастауыш кәсіпкерлерге қолдау керек.

Талғат Телеубаев,

облыстық қоғам­дық кеңес мүшесі:

– Азық-түлік дүкендеріне бар­сақ, сөреде көбіне солтүс­тіктен келген қа­ра картоптар сатылымда. Бұл ретте сапаны көтеру, қадағалауды күшейту қа­жет секілді. Сонымен қатар қазір аг­роөнеркәсіп саласында күріш дақылына бөлінетін суб­сидия жеткілікті деңгейде. Бірақ, осы тұста біздің өңірде кластер деген түсінік қалыс қалып жат­қандай көрінеді. Мәселен, күріш сабағынан бірнеше өнім алуға болады емес пе?!

Жауап:

– Пандемия кезінде өңірде картоп жеткіліксіз болды, өнім солтүстіктен арнайы жүк көліктерімен жеткізілді. Сон­да аталған мәселе күн тәртібіне шыққан болатын. Былтыр өңірде 62 мың тонна картоп егіліпті. Алдағы уақытта да егіншілер өсімге жұмыс істейді. Екінші мәселе бойынша корей елінің тәжірибесін айтсам. Онда күріш­тен сапалы қағаз да, крахмал да, жем азығы, өзге де өнім түрлері дайындалады. Бізде де күріш егумен айналасатын кәсіпкерлер жеткілікті. Макарон шығарған аза­маттар бар. Тың тәжірибелер ескерілетін күн алыс емес деген ойдамын.

Сайлаубай Жұбатырұлы,

эко­лог жазушы:

– Гүлшара Наушақызы, бір жылға жуық уақыт көлемінде өңірде ауқымды істер атқарыл­ды. Жер қойнауындағы қазба байлық сарқылған тұста әрта­раптандандыру шаралары кө­ңілге се­нім ұялатады. Мәселелер бар, бірақ олар кезең-кезеңімен шешілуде. Об­лыста жіпке тізер жетістік аз емес, ол «Сыр – Алаштың анасы» деген сөздің бекер айтылмағанын айғақтап отыр. Алда да қасиетті Сыр бойында жемісті бастамалар жүзеге асады, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы одан әрі арта түседі деген сенім мол.

Жауап:

– Сайлаубай Жұбатыр­ұлы сеніміңізге алғыс білдіремін. Жа­сыратыны жоқ, өңір экономи­касының негізгі проблемасы кен орындарының сарқылуы бо­лып отыр. Өткен жылы мұнай өндіру көлемі 17,3 процентке (960 мың тоннаға) азайса, биыл 10,5  процентке қысқарады деп болжануда. Ал, өңірде уран өн­діру кө­ле­мінің 20 процентке  тө­мендеуі өнер­кәсіптік өнім өн­діру мен қайта өңдеу көрсет­кішіне теріс әсер етті. Осының салдарынан құрамында уран бар шикі­затты қайта өңдеу кө­лемі 28%-ке қыс­қарған. Мұнай мен уран өндірісінің тө­мендеу сал­дарын азайту үшін облыста кешенді шаралар қабылдануда. Прези­дент Қызылорда облысы­ның экономи­калық күрделі жағ­дайын ескеріп, Үкіметке қолдау көрсетуді тапсырды. Осыған орай біз өз тарапымыздан респуб­ликалық бюджеттен қаржылық қолдауды қажет ететін 110 жо­баны ұсынып отырмыз.

Сұрақ-жауапты қағазға

түсіргендер

Назерке САНИЯЗОВА,

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Бағдат ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<