Қазақ «Бала – бауыр етің» деп бекер айтпаған. Отбасын құрғаннан кейін әрбір жас балалы болуды армандайды. Өкініштісі, соңғы кездері бұл бақыт барлығына бірдей бұйырмай жүр. Сондықтан тиісті орындардан бала асырап алуға бекінеді. Оның өзіндік тәртібі бар. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» қауымдастығының ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Бала асырап алу тәртібі, талаптары және құқықтық рәсімдері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған мемлекеттік қызметшілер, ҮЕҰ, барлық санаттағы әлеуметтік топтар, бала асырап алуға ниетті үміткерлер, патронат ата-аналар, психолог, заңгер және дәрігер мамандар қатысты.
Жиында қалалық білім бөлімінің бөлім басшысы Гүлмира Ақжігіт бала асырап алудың тәртібі мен құқықтары жайлы кеңінен айтып берді. Алдымен бала асырап алуға тілек білдірген жазбаша өтініш керек екен. Сол өтініш арқылы қажетті құжаттар тізімін жинақтайды. Құжаттар тапсырылғаннан кейін білім бөлімінің маманы бала асырап алуға ниетті жанның үйіне барып, зерттеу жүргізеді. Одан әрі бала мен ата-аналар екі апта араласып, сот шешімі шыққаннан кейін баланы отбасына ала алады. Жалпы, ата-аналар асырап алатын балалары туралы мәліметті республикалық деректер базасынан қарайды.
Қызылорда АХАТ бөлімінің бас маманы Әсия Жортбасова атқаратын негізгі қызметтеріне тоқталды. Ал, облыстық мамандандырылған «Сәби үйінің» заңгері Күләш Шонаева орталыққа қабылдаудың тәртібі туралы айтты. «Сәби үйі» 60 төсекке арналған. Бас тарту арызы мен тастанды балалар туралы мәлімет 3 күн ішінде республикалық деректер қорына жүктеледі. Маманның айтуынша, 2016-2017 жылдармен салыстырғанда, қазіргі таңда бала асырап алу азайған. Мәселен, жыл басынан бері екі бала асырап алынса, біреуі қамқоршылыққа, 1 бала патронаттыққа және 1 бала интернат үйіне орналастырылған. Қазіргі таңда 50 бала «Сәби үйінде» тәрбиеленіп жатыр.
Одан соң «Жанұя» бала асырап алуға қолдау көрсету орталығының маманы Фарида Рахметова атқаратын қызметтері жайында әңгімеледі. Осыдан 2 жыл бұрын жұмысын бастаған орталық бала асырап аламын деген әрбір ата-анаға қолдау білдіріп, арнайы оқытады. Орталықтың психолог маманы Зарина Бейсекованың айтуынша, орталықта бала асырап алудың негізгі қағидаттары, педагогикалық-психологиялық және әлеуметтік тұрғыда бейімдеу сабақтары жүргізіледі. Бұл жерде баланың эмоционалдық көңіл-күйі, қарым-қатынасы, ата-анамен үйлесімділігі мен байланысы кеңінен талқыланады. Бұған дейін мамандар қызметіне 50 ата-ана жүгініп, дәріс алса, қазіргі кезде 20-дан астам отбасы өздерін бала асырап алуға жан-жақты дайындап жатыр.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан ерлі-зайыптылар өздерінің ой-пікірімен бөлісті. Отасқандарына 10 жылдан асқан олар жақында бала асырап алыпты. Бірақ отағасының айтуынша, баланы балабақшаға, емхана мен тіркеуге қою үшін қиындықтар кездескен. Осы ретте арнайы мамандар кеңес беріп, алдағы іс-әрекеті туралы түсіндірме жұмыстарын жасады.
Шара соңында қатысушылар сауалдарын қойып, пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<