Балалардың құқықтарын қорғауды күшейту және балалардың өміріндегі қиын кезеңдерге тап болған ата-аналарға көмек көрсету бүгінгі ең өзекті тақырып.
Елімізде балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында түрлі жобалар жүзеге асуда. Аталған жобалардың барлығы балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жыл басында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң да бала қауіпсіздігін күшейтіп, қоғамдағы баланы қорғауға арналған іс-шараларды арттырады деп сенеміз.
Бала өмірінің қауіпсіздігі әркез ата-ана мен мұғалімнің, тіпті қоғамның әрбір мүшесінің ойында тұруы керек. «Менің балам емес қой» деп көшедегі қауіп төнген баланы қараусыз қалдыруға болмайды. Балалар күнделікті жүретін жол қиындықтарын білуі тиіс. Сол үшін ата – анасы баласына жол – жөнекей кездесетін қиындықтарға, жол белгілеріне көңіл бөліп, үйреткені дұрыс. Жол көлікпен қатынасатын балаға ата – анасы жол қиылыстарынан өтуді, көлік толық тоқтағанда түсіп, мінуіне болатынын, өз аялдамасын дұрыс білуін, бөтен көлікке отырмауын ескеріп отырғаны жөн.
Жалпы ата – ана баласының қайда және кіммен ойнап жүргенін білуі керек. Ауладан шықпай, таныс ортада ойнағанын қатал ескертуі және қадағалауы тиіс.
Ата – ана балаға артық ақша бермеуі керек. Үшкір заттар мен газды балондар алып жүрмеуін қадағалауы қажет.
Көбінесе ата – ана жұмыста болып, бала үйде жалғыз қалады. Балаға техника қауіпсіздік ережелерін және мынаны ескертіп отыруы керек: үйде жалғыз қалғанда электр жүйесіне жақындамау, газ плитасына тиіспеу, терезені ашпау, бөтен кісіге есік ашпау, т. с. с. Ата – анасының әрбір ескертуін ұмытпай, ереже талабын бұлжытпай орындаған балалар түрлі сәтсіздіктен аулақ болады.
Балаларға қатысты жасалған зорлық — зомбылық, қатыгездікті кешіруге болмайды. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелерінде қоғам болып, белсенді бірлескен жұмыс қажет. Тек сонда ғана барлық зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады. Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық.
Жазира ИБРАЕВА,
№124 орта мектептің педагог-психологі, Жалағаш ауданы, Есет батыр ауылы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<