Жалпы балалардың терезеден құлауы көп жағдайларда ата-ананың жауапсыздығынан немесе қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарауынан болып жатады. Әлі оң-солын танып үлгермеген балаға ата-аналар жауапкершілікпен қарап, абай болу керек. Мысалы, осы күні кішкентай бүлдіршіндердің терезеден құлап кету жағдайлары жиі орын алып жатады. Сол себепті әрбір ата-ана балаларының қауіпсіздігіне барынша көңіл бөлуі керек. Екі жасқа дейінгі баланың бойы терезеге жетпесе, үш жастағы баланың терезеге көтеріліп көшеде болып жатқан жағдайды қызықтауға шамасы келеді. Қазіргі жаз мезгіліндегі терезелердің көбі шыбын-шіркейден қорғайтын тор перделермен жабдықталған. Бұл шыбын-шіркейден қорғағанымен, баланы құлап кетуден сақтай алмайды. Осындай себеппен, 2018 жылы Қызылорда облысында 1-10 жас аралығындағы 4 бала терезеден құлап, ауруханаға жатқызылған. Ал, 2019 жылдың маусым айында 2 жасар бала абайсызда төртінші қабаттан терезеден құлап, көз жұмды. Ата-ана үшін үлкен қайғы – баласын жоғалту. Сондықтан әрбір адам шыбын-шіркейден қорғайтын тор пердені қолданбау жағын қарастырып, мүмкіндік болса, терезенің жоғары, баланың қолы жетпейтін бөлігіне шынжыр ілгек орнату керек. Терезенің тұтқасын мүлде алып тастау керек немесе кілтпен ашылатын тұтқа орнату қажет. Қауіпсіздік пен сырт¬қы көркемдікке арналған ар¬наулы құлып-қоршау қолдану сынды сақтық шаралары да бала¬ларыңызды оқыс жағдайдан құт¬қаратыны анық.
Жалпы, кішкентай балалар тып-тыныш бола қалса, бірдеңені бүлдіруде деген сөз. Баланың психологиясы сондай. Сондықтан да ата-аналар жайбарақат отырмай, олардың не істеп жатқанын әр мезет сайын қадағалау керек.
Қызылорда облысы ТЖД
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<