Балалардың жол қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс

94

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балалардың жол қауіпсіздігі бойынша шұғыл жиналыс өткізді. Оған құқық қорғау органдарының, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы жеке бала­бақшаның тасымал көлігінің жол-көлік оқиғасына ұшырауы жауапты сала басшыларының жұ­мысты дұрыс үйлестірмеуінен болғанын қатаң сынға алып, тиісті шара қабылдауды тапсырды.

– Бұған дейін жеке және мем­лекеттік балабақшалардағы, мек­­­теп­­­тердегі тасымал мәсе­лесі, ба­лалардың жол қауіп­сіз­­дігі  бойынша қала және ау­­­дан әкімдеріне, полиция депар­та­­ментіне, білім басқармасына бір­неше рет тапсырма берген бола­тынмын.

Дегенмен, жұмыс әлі күнге дейін өз деңгейінде дұрыс ұйым­дастырылмады.

Жеке балабақшалардың тасы­мал көліктерінде орын алып жатқан заңбұзушылықтар полиция органдары тарапынан бақылаудың жоқтығын көрсетеді.

Қызылорда қаласы мен барлық ауданда ашылған Жедел басқару орталықтарының, әсіресе патрульдік полицияның жұмысын күшейту қажет. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайды қатаң бақылауда ұстаңыздар!

Өңіріміздегі барлық білім беру ұйымындағы тасымал мәселесін шұғыл түрде жан-жақты тексеріп, талаптарға сай келмейтіндерді анық­тап, тиісті шаралар қабыл­даңыздар.

Жол қауіпсіздігін, оның ішінде білім беру ұйымдары аума­­ғындағы қауіпсіздікті қатаң бақы­лауға алып, тұрақты түрде рейд ұйым­дастырыңыздар, – деді Н.Нәлібаев.

Жиналыста облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов баяндама жасады.

ІІМ бекіткен бұйрыққа сәйкес, балалар тасымалымен айналасатын көліктер екі есікті, ұстау құрылғысы және «Балалар тасымалы» деген жазуы бар, сары түсті жарқылдауық маякпен жабдықталған болуы тиіс.

Осы бұйрықтың орындалуын тексеру барысында 29 заңды тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 474-бабымен әкімшілік хаттама рәсімделіп, 75 көлік айып алаңына қойылса, 58 көліктің мемлекеттік белгісі тәркіленді.

Жыл басынан тасымалдау ережесін бұзған жүргізушілерге қатысты 800-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Рейд жыл аяғына дейін жалғасады.

Сондай-ақ жиналыста білім, мәдениет, спорт басқармаларына, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне балалардың қауіп­сіздігін тек білім беру ұйым­дарында ғана емес, спорттық, мәдени-көпшілік шараларға қа­тыс­қан кезде де қатаң бақылауға алу міндеттелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі