«Балаң көп болса, бауырмал болады»

1537

0

(Қаз-қалпында)

Жаңақорғандамыз. Кент ішін шарлап жүріп, несібесін адалынан терген ғажап отбасыға жолықтық. Үй егесі Асылбек 25 жыл жүргізуші болған жергілікті жердің байырғы тұрғыны. Өзі ауылда жоқ болып шықты. Ал отанасы күнделікті тіршілікпен есік алдында жүр. Бізбен сөйлескен сол ғана.

– Қазақ баланы санамайды. Cанын да айтпаған, – дедім амандық сұрасқаннан соң. – Көпбалалы ана екеніңізді естіп, әдейі бұрылдым. Маған қызығы, балаларыңыздың аты болып тұр. Есім қоюда естілік танытқан сіздердің әулет жайлы сырттай естуім бар еді.

– Айтайын, Құдай берген, көз алдымызда тәрбиелеген жеті қыз, алты ұл бар. Көптік ет­песін, Аллам, – деп ашыла сөз бастады Күләш апа. Іштей «он үш баланы дүниеге әкелген қазақ әйелін соңғы рет қашан естіп едім» деп ойланып үлгергенше болмады, аласа бойлы, шағын денелі жаңақорғандық анамыз балаларының атын санамалай жөнелді.

– Үлкенім – Ақнұр, сосын Гүлнұр, Нұргүл, Нұрмахан, Нұрсұлтан, Нұрлан, Нұрболат, ыммм, – деп ернін тістелеп сәл ойланды да, қайта жалғас­тырды. – Нұржамал, Нұрсұлу, Нұржігіт, Нұрғали, Балнұр, Нұрдана.

– Барлығы «нұр» екен, – де­дім мен. Тіпті, бұрыннан біліп тұрсам да, Күләш апа ұл мен қызды санамалағанда таң­да­нысымды жасыра алма­ғанмын.

– Қайныларымның үй шашарлары да осындай ғой, – деді ол бұл аздық етсе, тағы да бар дегендей көзқараспен.

– Рас па?

– Осы үйдегі ағаңнан кейінгі екі ұлдың балаларының атына «нұр» сөзі басы не аяғында тіркескен, – деді аңқылдай күліп.

– Аттарын айтыңызшы…

– Қасымбектің балалары Айнұр, Нұрлыбек, Нұрман, одан кейін кім еді?! Осы жолы балалар есімінен шатаса бастаған Күләш апаға кіші қызы көмектесті.

– Мама, Нұрдәулет, сосын Нұрберген, – деп демеп жіберген сол еді, апамыз әрі қарай іле кетті.

– Әә, иә, одан соң Нұртөре, Нұрайлым, Нұрбибі. Бұл ортаншы қайнымның сегіз баласы. Кіші қайным Асқардан Нұржан, Нұрмұхаммед, Нұрлыбай, Нұрислам.

– 25 «нұр» екен,  – дедім мен іштей есептеп болған соң тапқырлық танытқандай.

– Енемнің қойғаны көбісі. Біз негізі үш келін бір шаңырақ астында 30 жыл тұрғанбыз. Екінші ұл Қасымбектің келіншегі Гүлжауһар келінмен бір күнде келін болып түстік. Шынашақтай кемпір үш келінді 30 жыл қазақи дәстүрмен тәрбиелеген. Сол енемнің айтқаны ғой. Мына балалардың атын «нұр» сөзінен басқаға ауыстырғымыз келеді ғой. Енем марқұм «мен ертең өлем, сол кезде «Лаура-Паура», «Айда-Сайдаңды» қойып аларсыңдар» деп бір-ақ рет кесіп айтты. Сол «нұрдан» алыстамадық, сол нұрға шомылған бақытты әулетпіз, мың шүкір.

– Жергілікті жердің атқамінерлері көмектесіп тұра­тын шығар…

– Шырағым-ай, қол жа­йып баруға жоқпын. Әр бала өз несібесімен туады. Енем 1996 жылы қайтты. Содан кейін де бір шаңырақта үш келін ауызбіршілікпен тұра бердік. 25 бала кешегі күнге дейін, дұрысы 2010 жылға дейін бір дастархан басында тамақ ішіп, бірінің киімін бірі киіп, тату өсті ғой, қарағым. Сенсең айтайын, түске дейін оқитын ұлдың аяқ киімін оған тетелес інісі есік бұрышында күтіп тұратын. Өйткені, түстен кейін сабаққа баруға ағасының аяқ киімі керек. Сол кезде бәріне бірдей киім қайда?! Қазір не керек, бәрі бар. Еңбек ет, ақша тап, дүкенде толып тұр. Менің бір немеремнің өзінде жеті аяқ киім бар екен бүгінде. Шүкір ғой. Қазір бөлек шықтық. Бірақ қара шаңыраққа ұдайы жиналып тұрамыз.

Расымен, құрметті оқырман, отбасы бірлігін бекемдеген әулеттің көпбалалы болғанымен қоймай, қазақы есімді берік ұстануында да үлкен мән бар. Соңғы жылдары тым мәні қашыңқыраған есімдерді естіп жүрміз. Мағынасын да ашып айта алмаймыз. Есім таңдауда өзгелерге еліктеу басым ғой бізде. Мойындау керек.

Айтпақшы, пайғамбар жасынан асқан отағасы Асылбек Исаев ұлдарын еңбекке тәрбиелеп, ұсталықтың қыр-сырын үйреткен. Содан болар, қара еңбектің арқасында бұл отбасының дастарханы адал. Асекең зейнетте болса да, бала күнінен дағды болып қалыптасқан, әртүрлі кептер түрін ұшырып, асылтұқымды қазақы иттің бабын жасауға әуес. Ал балалар тәрбиесінде қалғымай, әйелдің бейнесін бізден алыстатпаған Жүнісова Күләш апаның тілегі біреу-ақ.

– Көрген жерде, ағайын арасында, той-домалақта бір-ақ сөз айтамын. Менің жолымды берсін. Кейбір келіндер мұрнын тыржитады. Іштей жақтырмас. Мен айта берем сонда да. Құдай өзі берді ме, өлтірмейді. Несібесін қоса береді. Туыңдар деймін. Балаң көп болса, бауырмал болады, бір-бірін көтеріп бағады. Бір-екеумен шектеліп, біз өспейміз ғой…

Жаңақорғандық ананың сөзін айна-қатесіз қағазға осылай түсірдім. Өйткені, шынайы сөзі еді. Бізге де жетіспей жүргені осы ғой…

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<