Балаңыз қандай мультфильм көріп жүр?

2827

0

Қазір немерелерімізбен мультфильм көретін болдық. Біздің балалық шағымыздағы «Ну, погоди!», «Чебурашка», «Маугли», «Винни-Пух», т.б. мультфильмдерімен салыстыруға да келмейді.

Бала кезімізде қазақ мульт­фильмдері өте аз болатын, тек 1966 жылы шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты қазақтың тұңғыш мультфильмінен басқаға көңі­лім толмайды. Ол дүние жүзінің 40-тан астам елінде көрсетілді. 1968 жылы Ленинградта өткен Бүкілодақтық кинофестивальда 3-орын алды, 1975 жылы Нью-Йорктағы мультфильмдер фестивалінде «Қола Праксиноскоп» жүлдесіне ие болды. Авторы қазақ анимациясының негізін қалаған, Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлығының иегері, соғыс ардагері 2015 жылы тоқсан деген торқалы жасында қайтыс болған Әмен Қайдар еді.

Қазіргі қазақ балалары «Алдар көсе», «Қаңбақ шал», «Қырық өтірік», «Құйыршық», «Құрылысшы Қожанасыр», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», т.б. мультфильмдерді көрмейді. Қызықпайтын себебі, оқиға желісін автор түсіндіріп айтып тұрады, кейіпкерлерін арасында сөйлетіп қояды, екіншіден, жай қозғалады, қимылдары ебедейсіз. Ертеректе түсірген «Алдар көсе» мультфильміндегі кейіпкердің басындағы бөркі денесінен екі есе үлкен, құбыжыққа ұқсайды. Соңғы уақытта шыққан «Алдар көсе» мультфильмінің сорпасы қазаққа келіңкіремейді, себебі режиссер Артур Клаус түсірген. Алдар көсе халыққа жақын ке­йіпкер емес, суайт әрі озбыр болып шыққан сияқты, бұл, әрине, жеке пікірім.

2010 жылы ашылған «Балапан» телеарнасы жүз процент қазақ тілінде, бағдарламаларының да сапасы жылдан жылға артып келеді. «Мики Маус клубын» көрген 4-5 жастағы бала оқиға желісіне қызығып, онға дейін санауды үйренеді. Ал қазақша мультфильмге қызықпайды, ондаған арнадағы шетелдік мультфильмді көреді. Балалар мен немерелердің көретіні бір-бірін қуып жолдағы кездескеннің бәрін қирататын «Том мен Джерри», әркіммен қақтығысып ұрысып жүретін «Спанч Боб», бәрін қыратын «Кунг-фу панда», аюдың тілін алмайтын қаршадай қырсық қыз Маша. Қазір кез келген мектеп оқушысынан сұрасаңыз, Шрек пен Спанч Бобты, Дора мен Диегоны, Бэтмен мен Кайланы өзінің туысқанындай танып, оқиға желісін аузының суы құрып айтып береді. Бұл мульт­фильмдерден немерелеріміз теріс тәрбие алып жүр, оқиғалары шытырман, кейіпкерлері ұр да жық. Мысалы, «Өрмекші адам» мультфильмі де, киносы да бар. Базарға барсаңыз, «Өрмекші адам» дискісі мен киімдерін сатып алуға болады. Сол киімді жаңа жыл шыршасына киіп барған бала, үйінде шкафтан диванға, диваннан еденге секіріп, жын ұрғандай ойнайды.

Анимация демесеңіз, үлкендер де қызығып көріп жатады. Кейбір мультикті көргенде ұяттан жерге қарайсың. Мысалы, «Эльдарадоға сапар» мултьфильміндегі кейіпкер қыз­дың үстіңгі жағындағы лыпасы сегізге, төменгі жағындағы лыпасы үшбұрышқа ұқсайтын бірдеңе. Кішкене қыздардың бүгінгі піріне айналған «Феясы» да жалаңаштанған. Мұндай мультиктерді көрген баланың көзі үйреніп, бойжеткесін қыз бала ашық-шашық киінуді қалыпты жағдай деп түсінеді. Осы мульт­фильмдер ұрпағымызды ұяттан жұрдай қылуға, «Шректегі» еркек шора қыз  Фиона әрекеті қатыгездікке тәрбиелейді. Қарақшыларды бір өзі қырып салатын  Фиона құс ұясындағы жұмыртқаны орман құбыжығына қуырып беріп, қалғанын бұзып тастайды. Қазақтың «көкті жұлма, көктей соласың, ұяны бұзба, үйіңе зия­ны тиеді» деген сөзін жоққа шығарып тұр.

Бала мультик қөрмесін демеймін, тек көретінін ата-ана өзі таңдасын. Қазір неше түрлі қазақ ертегілері бойынша мультфильмдер бар, соларды көрсе… Әй, қайдам бүгінгі ата-әжелердің түрік, үнді сериалдарын көруден қолы босамай жүр емес пе?

Қазір «тоқырау жылдары» деп жүрген кезде кітап дүкендерінде жақсы безендірілген бір ертегі кітап 3-5 тиын тұратын. Бала кезімізде қазақ мульт­фильмдерін көрмесек те, қазақ радиосынан күнделікті кешкі дастарқан басында ата-анамыз­бен «Ерден атайдың ертегісін» тыңдап, ізінше соны талқылап өстік. Ұлт батыры ­Бауыржан ­Момышұлы «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек бала. Біздің қазіргі балаларымызға не әжелері, не шешелері ертегі айта білмейді. Содан қорқамын» деп болашағымызды болжап кеткен екен ғой…

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

тарих пәні мұғалімі.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<